Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ

ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ


Халық даналығында «Ер қаруы – бес қару» деген нақыл бар. Аудандық тарихи-өлкетану музейіне бара қалсаңыз сол ер жігіттің бес қаруын көресіз. Бұл сын сағатта ер қорғаны болған қарулар. Осынау кең байтақ даланы ата-бабамыз соның күшімен қорғады.
Ат үстінде жүрген батырлардың бес қаруы сай болған. Оған мысал ретінде эпостық жырларда кездесетін «Атыспақ керек пе, шабыспақ керек пе? – Атыспақ атамның арғы төрінде қалған, шабыспақ керек» деген тұрақты сөз орамдарын айтуға болады. Ел, жер үшін жанкештілік танытқан қазақ батырлары түрлі қақтығыстарда сол бес қаруының сай болуының нәтижесінде ұрпаққа ұлан ғайыр жерді аманаттағаны сөзсіз.
Негізінде, аталмыш соғыс қарулары жұм­салу тәсіліне қарай – ату, кесу, түйреу, шабу, соғу болып қалыптасқан. Соған тоқталып өтсек.
Ату қаруы: садақ, жақ, жай. Садақтың екі негізгі функционалдық бөлігі бар: адырна және кіріс. Адырна серпінді етіп сүйектен, ағаштан жасалады. Ол атудың негізгі қызметін атқарса, кіріс деп оған керілген, оқты тіреп қоятын жібін айтады. Садақты жасалу әдісіне және дайындалатын материалдарына байланысты бірнеше түрге бөлуге болады.
Кесу қаруы: семсер, қылыш, сапы. Осының ішінде кең түсіндірілетіні – қылыш. Қазақ қылыштарының басы қайқы келіп, пішініне қарай топқа бөлінеді. Наркескен, алдаспан, зұлпықар деген қылыш түрлерін қазақ жауынгерлері көп қолданған. Қысқа жүзді кесу құралдарына ғалымдар қанжар, пышақ, селебені жатқызады.
Түйреу қаруы – негізінен атты жауын­герлердің басты қаруы. Қазақ батырлары түйреу қаруларынан найзаны, сүңгіні және жыданы алыс-жақындығына байланысты кө­бірек пайдаланған. Жауынгерлер найза, сүңгі қаруларының басына дәреже белгісін танытатын ту, байрақ, қыл, шашақ, жалау, т.б. тағатын болған. Тағылған қыл немесе шашақ екі жағдайда – қару ұшынан аққан қанды сабына жіберумеуге және қарудың қозғалыс бағытын байқатпауға арналып жасалады. Қарсыласқа алыстан-ақ лақтырып жайрататын жыданың өз ерекшелігі бар.
Шабу қаруы. Шақан, жауынгерлік бал­та, айбалта, жартылай айбалта деген төрт түрге жіктеліп, жауды жару, шабу ар­қылы зақым келтіретін соғыс құралының өзгешелігі мол. Қазақ жерінен табылып, әр түрлі музейлерле сақталған, шүйдесі жатық, жалманы үшбұрышты сына тәрізді жасалған, жүзі жіңішке шабу қаруы «шақан» деп аталса, басының жалманы трапеция секілді келген, жүзінің жалпақтығы орташа қару «жауынгерлік балта» делінген. «Айбалта» деп жүзі жалпақ, жалманы жарты ай сияқты деңгелене келген қаруды айтады. Ал шабу, жарудан басқа кесу функциясымен ерекшелетін жартылай айбалта қаруының жүзінің жалпақтығы орташа, жалманының жоғарғы жағы тіктеу.
Соғу қаруы. Шоқпар – басы мен сабын тұтас етіп, түбірлі ағаштан жасалатын қару түрі. Көшпелі халықтарда гүрзі басы шойыннан, қорғасыннан құйылып, сыртымен болат темірмен қапталады. Ал басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпарды «бұздыған» деп айтса, басы сабымен бірге, тұтаспаған, босаң түрінде келетін құралды «босмойын» деп атаған.

Дайындаған Е.БЕРКІНБАЕВ
29 қаңтар 2019 ж. 4 337 0