Өзбекстанда президенттің аты қойылған балаларға енді жеңілдік жасалмайды
Өзбекстанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкері туғанда президенттің есімі берілген егіздер мен үшемдерге сыйлықтар беру, басқа да материалдық көмек көрсету бұрынғы уақыттың еншісінде қалғанын айтқан, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі rus.ozodlik.org-қа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, енді ата-аналардың барлығына баласына кімнің атын қойса да бірдей әлеуметтік көмек беріледі.
Хорезм облысы Гурленск ауданының тұрғыны «Озодлик» радиосына жақында туып, есімдері президенттің құрметіне орай Шавкат, Миромон, Мирзие деп қойылған үшем немересіне жергілікті билік өкілдері мен президент әкімшілігі тарапынан ешқандай көмек көрсетілмегенін айтып шағымданған. Соған байланысты жергілікті БАҚ тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласқанда, министрлік өкілі балаларының атын президент құрметіне орай қойған ата-аналарға енді ешқандай артықшылықтың болмайтынын айтқан көрінеді.
«Барлық жаңа туған сәбидің ата-аналары бірдей көмек алуы тиіс. Баласының атын президенттің құрметіне орай қойған ата-аналар ерекше көмек алуы тиіс деп ешқандай жерде жазылмаған. Заңға сәйкес, әр балаға екі жасқа толғанша ата-анасының жалақысының көлеміне байланысты материалдық көмек көрсетіледі», - дейді шенеунік.Еске сала кетсек, бір ай бұрын Хорезм облысы Гүрленс ауданында тұратын 29 жастағы Мансурбек пен 24 жастағы Ойшажонның отбасында үшем дүниеге келген. Оларды Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің құрметіне орай Шавкат, Миромон және Мирзие деп атаған.
«Балалар туғаннан бері бір ай өтті. Бірақ олардың отбасына ешқандай көмек көрсетілмеді. Құдайға шүкіршілік айтып, оларға өзіміз қарап жатырмыз», - дейді балалардың атасы Бахадыр.Оның айтуынша, қазір Шавкат, Миромон мен Мирзиенің әкесі жұмыссыз отыр. Үшемнің дүниеге келуі Мансурбек пен Ойшажонның жағдайын қиындата түскен. Отбасында үшемнен басқа тағы екі ұл бар. Бұл отбасының қазір қаржылық жағдайы төмен көрінеді.
Балалардың атын ел басшыларының атымен атау үрдісі Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың уақытынан бері қалыптасқан. Бұрын Ислам, Карим мен Абдугани деп аталған үшемдерге жергілікті билік өкілдері бесік пен ақшалай сыйақы берген.
2013 жылы Ташкентте туған төртемге Хасан, Хусан, Ислам және Карим деп ат қойылды. Олардың анасы Гульшан Хайдарова жергілікті билік өкілдерінің президенттің құрметіне орай балаларына ат қойған бұл отбасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартқанын айтады. Бірақ, Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билік бұл отбасына қаржылай көмек көрсетуді тоқтатқан.
«Президент қайтыс болған соң балаларға жәрдемақы мен басқа да көмектер беру тоқтап қалды. Бірақ, әзірше балалар тегін балабақшаға барып жүр. Осыған да рахмет», - дейді Гульшан Хайдарова.Айта кетейік, бұл Өзбекстан президенті Мирзиеевтің құрметіне орай балаларға қойылған бірінші есім емес. Бұған дейін Бұқара тұрғыны Джамшид Шодиев үшем баласына Шавкат, Миромон және Мирзие деп ат қойған болатын. Бірақ бұл отбасы да мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаған.