Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл жанашыры

Ауыл жанашыры


Мақсұт мектеп қабырғасында жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсенді, озат оқушы болатын. Бұл жайды білетінім мектепте қатар сыныпта оқыдық. Алтын ұядан түлеп ұшқаннан кейін жолымыз түйіспеді десек те болады. Бірақ, бір жылдың төлі болғаннан соң кім қайда жүргеніне, қандай қызмет жасап жатқанына қызығушылық танытатынбыз. Оның үстіне келесі жылы мектеп бітіргеніміздің 45 жылдығы аталып өтілейін деп жатыр. Соңғы жылдары «несін айтасың, Мақсұт мынау деген кәсіпкер екен, туған ауылына көмектесіп жатыр деген» хабарды есітіп, марқаятын болдық. Жақында облыс әкімінің «Сыр жанашыры» номинациясымен марапатталғанын әлеуметтік желіден көріп, қуандық. Осы қуанышты хабардан соң Мақсұт Әбдіғаппарұлымен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Ару қала Алматыда жүрсең де «туған жерге кіндігіммен байландым» дегендей ауылыңнан қарым-қатынасыңды үзбейтініңді білеміз. Қайырымдылық шараларын жасайтыныңнан да хабардармыз. Сәкен ауылының түлегі Мақсұт Әбілдаевтың өмір, еңбек жолы қалай өрілді? Әңгімені содан бастасақ?..
– Мен 1957 жылдың 7 маусымында қазіргі Сәкен ауылында дүниеге келіппін. Ал, 1964 жылы ауыл мектебінің 1 сыныбына оқуға бардым. Сегізжылдықты бітіргеннен кейін аудан орталығына қатынап оқуға тура келді. Сәкен, Қызылдиқан, Жетіншінің ұлқыздары 9 «Г» сыныбына қабылдандық. Сіздермен қатар оқығанымыз сол кез. Әрқайсымыз әр ауылдан келсек те, бір үйдің балаларындай тату болдық. Мектеп бітіргеннен кейін аудандық қаржы бөліміне қарасты мемлекеттік сақтандыру мекемесінде үгітші болып еңбек еттім. 1976 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Пенза қаласында азаматтық борышымды өтедім. Әскерге дейін ДОСААФ-та оқып, жүргізушілік мамандық алғанмын. Соның септігі тиіп, командирге жүргізуші болдым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Сол айтқандай командирім өте жақсы адам екен. Әкемдей қамқорлық жасады. Ол кісімен күні бүгінге дейін хат-хабар алысып тұрамын. Өткен жылы 85 жылдығын тойлағанда, барып келдім. Атыжөні Алексей Иванович Богомолов. Қазір жоғары дәрежелі зейнеткер, ғылыми атағы профессор, әскери шені генерал-майор.
Әскерден келгеннен кейін 1979 жылы Жамбыл облысының Красногор ауданының совхоз техникумына оқуға түстім. Студент кезімде де қоғамдық жұмыстарға белсенді араластым. Соның арқасында Красногор аудандық советіне депутат болдым. Техникумды 1981 жылы үздік дипломмен бітіргеннен кейін ауылға келіп, бригада механигі болып жұмыс жасадым. Осы жылдары партия қатарына өттім. 1984-1986 жылдары аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемесінде бас инженер және бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жұмыс атқардым. Аудан өміріне белсене араласып, шалғай ауылдарда тұратын малшыларға, егіншілерге тұрмыстық қызмет көрсеттік. Елдің алғысын алдық. 1986-1988 жылдары туған ауылым С.Сейфуллин шаруашылығында бас инженер қызметін атқардым. Осында аудандық советке депутат болып сайландым. Ауылда 1989 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Бау-бақша егіп, өнімдерін Ресей қалаларына шығардым. Ел көрдім, жер көрдім. Туған ауылдың түтіні түзу ұшу үшін уақытпен санаспай еңбек еттік. Қазір де солай. 1991 жылы ауданнан республикалық кәсіпкерлердің І съезіне делегат болып қатыстым. Сол съезде Елбасының жалынды сөзін тыңдап, кәсіпкерліктің елді алға апаратын кәсіп екенін ұғындым. Қазір 30 жылдан бері оссы салада маңдай терлетіп, еңбек етіп келемін.
– Мектептегі кезең ең бір ұмытылмас шақ. Биыл әлеуметтік желіден Тереңөзек кентіндегі «Жалын» тынығу лагерінде бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын демалғаның туралы айтқаныңды көзім шалып қалып еді. Осының тарихына тоқталсаң?..
– Ия, бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы оқиғаны ауданда қазір жасалып жатқан игілікті істерге риза болғандықтан еске алғанмын. Сәкен ауылындағы №137 «1 Май» сегізжылдық мектебінің 4 сыныбында оқып жүргенімде үлгілі тәртібімен үздік үлгірімім үшін 19 мамыр – пионерлер күні Күләнда атты апайым мені аудандық слетке апарды. Сол жылдың жазында үздік оқушы болғандықтан «Жалын» тынығу лагеріне жолдама берілді. Онда оқушылар палаткада жататын. Әр ауылдан келген балалармен танысып, жазғы демалыс көңілді өтті. Олардың көпшілігімен қазірге дейін қарым-қатынастамыз. Бүгінгі таңда «Жалын» лагері жыл бойы жұмыс жасайды екен. Мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындалу үшін лагерде демалады. Бұл балалардың алаңсыз білім алуына үлкен қамқорлық.
– Қазір өңірге белгілі кәсіпкерсің. Өзің басқаратын компания немен айналысады? Бұл бизнес түріне қалай келдің?
– Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма 30 жылға аяқ басты. Өз еліміз бен жақын шет елде, әсіресе, Ресейде мен бармаған қала аз. Нарықтың қиын уақытында ауылда бау-бақша егіп, елдің еңсесін көтеруге азды-көпті еңбек сіңірдік. Өнім өткізу үшін қалаларды аралап жүргенде қандай бизнес тиімді екенін ойға тоқисың. Сол мақсатпен 2003 жылы «Жел-кент-вент» ЖШС-ін құрдым. Өзім Алматыда тұрсам да серіктестігімді ауданға тіркедім. Өйткені миллиондаған теңге салық туған жеріме түссін деген ниет. Компания мекемелерге ауа тазартқыш қондырғыларын орнатумен айналысады.
– Қым-қуыт шаруалардың арасынан уақыт тауып, елге жиі ат басын бұрасың. Туған елге, туған жерге құрмет – азаматқа міндет. Алдағы жоспарларың қандай?
– Жоспар көп. Дегенмен мен туған ауылыма не істедім деген мәселе қашанда мен үшін бірінші кезекте тұрады. Биыл жағдайы қиын бір отбасына үй салып бердім. Мен ауылға жиі келмесем, кімге не қажет екенін білмес едім. Ауылдың барлық жақсылығынан хабардар болып отырамын. Аудандық бюджет есебінен ауылға жаңа балабақша салынуы мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық. Мен де осыған үн қосып, бүлдіршіндерге интерактивті тақта сыйладым. Сондай-ақ мектептегі жол қозғалысының жас инспекторлары аудандық слетке қатысу үшін жаңа киімге мұқтаж екенін естіп, киім тіккізуге көмектестім. Ұстаздар мен балаларға рахмет! Аудандық сайыста 17 мектептің арасынан 3-орынға ие болыпты. Мені міне, осындай талпыныстар қуантады. Өйткені әр адам үшін туған ауылының биіктерден көрінгені мәртебе.

Сұқбаттасқан Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Жомарт жан
Елмен бірге болашаққа қадамдар,
Уақыттың тыныс-демін дәл аңдар.
Қамқорлығын аямайтын ешкімнен,
Мақсұттайын мәрт жүректі ағам бар!

Мәрелерден озып келіп қазанат,
Қуантқаны дүйім елге ғажап-ақ.
О бастан-ақ, көздің құрты байлықты,
Қанағатта деп түсінген азамат!

Тіршіліктің түссе де сан тезіне,
Берік сондай уәделі сөзіне.
Зәру жанға көмек қолын созуды,
Азаматтық міндет санар өзіне.

Пікірлессең тұрар сенен ой бағып,
Жүреді ылғи алдаспандай қайралып.
Еңбегімен еңселі жан атанды,
Ағалығы даралыққа айналып.

Әзілдессең әзілді де сүйеді,
Ән айтқанда ағытылар тиегі.
Тоқсан өнер бір бойына тоғысқан,
Асыл тектен болғасын да сүйегі.

Өнеге ғып бойымызға тәлімін,
Бас қосамыз жақсылықта әлі мың.
Пейіліне жалпақ жұрттың бөленіп,
Жүре берсін ардағы боп елінің!

Бағдат Есназар,
ақын

13 желтоқсан 2018 ж. 710 0