Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АС ҚАЙЫРУ БАТАСЫ

АС ҚАЙЫРУ БАТАСЫ


Қазақ халқы асты, қара шаңырақты, басты, жасты қадірлейтін халық. Жоғарыдағы батада “Дәм дәнекер” деген заңдылық бойынша достықты, мейірімділікті қастерлегені айтпасақ та түсінікті.
Жолға шыққан жолаушыға да ерекше тілек бар. “Ауылдан қырық қадам шыққан жан мүсәпір” деп үйіне келсе, сусын беріп, төріне шығарып, күтіп, батасын алады, не бата береді:
Жортқанда жолың болсын!
Жолдасың Қызыр болсын!
Адасқанда жалт салып жүрсін!
Сүріндірмей алып жүрсін!
Мың бір пәле, жүз бір қатерге,
Кезіктірмей қағып жүрсін!!! —
деп жолаушының барар жеріне аман-есен жетіп, олжалы ауылына оралуына бата беріп, ақжол тілейді. Қандай жарасымдылық, береке-бірлік. Әдемі қарым-қатынас, мейір, шапағат десеңізші!
Қазақ халқы меймандос халық. Үйге қонақ келсе “құт қонады”, “ырыс тасиды” деп сенеді. Сөйтіп үйге келген қонақтың кім екендігіне қарамастан кең дастарқан жайып, төрінен орын сыйлап, ағыл-тегіл күтіп алады.
Қазақ үйіне келген қонақты жақсы күтіп қана қоймай, оның рухани көңіл-күйін де көтеріп, сауық-сайран, ойын-күлкі, жыр-думанға бөлеп, дастарқанды ән мен сәнге айналдырады. “Ауылдың алты ауызы”, “Қыдырманның қырық ауызы” деген ойын салты ескіден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Келген қонақ та “Ақ дастарқан”, “Ата дастарқан” деп алдына қойылған тағамдардан тамсана дәм татып, ауыз тиіп сыбағаны жоғары бағалайды. Үй иелері қонақтан дастарқанға бата сұрайды. Бата сұрау да, бата беру де қазақ салтында, қонақ жолында занды да орыңды әдет-ғұрьш. Сондай дастарқан баталарының бірі мынау:
Өркенді бол, қойлы бол,
Ашық-жарқын ойлы бол.
Қарағым, асың дайын мұнда келсем,
Оте бер, айдан аман, жылдан есен!!!
Бұл баталар сан үйде, сан дастарқанда, сан адамға қайталанып айтылып, талай отбасы, талай адамның мерейін өсіріп, өмірге жігерлендіріп келе жатқан ақ ниеттен туған жүрек жарды сөздер, достық-қайырымдылықтың куәсі. Қонаққа жайсыз, қу үйлердің қонақ күтуге сараң қылығын батагөй бабаларымыз бен дуалы ауызды шешендеріміз әзіл-оспақпен мінеп-шенеп, оларды меймандостыққа баулиды. Мына баталар соны дәлелдейді:
Ақ лақтың мүйізі апырық та жапырық,
Қандай қатын сауды екен бәйге атындай қатырып.
Көке, жасық лақты сойганыңша қоя бер,
Көжеңді бер одан да көтере-көтере сапырып.
Бұл тамаққа өкпелеуден немесе үйді алымсымбаудан емес, қайта үй иесінің аш көз, қьггымыр, қонаққа жайсыз жаман мінез-құлқын өзгерту үшін айтылған бата деп тану қажет.
Біз жоғарыда бата сөздердің ерекшелігі және оның түрлері мен қолдану аясы туралы аялдадық. Еңді төменде бата сөздері мен алғыс сөздерінің парқы және ұқсастығы туралы тоқталамыз.
Алғыс пен бата сөздерінің парқы бар ма?
Әрине, бар. Бата – алғыс айтудың, тілек білдірудің бір түрі. Бірақ, екеуінде мынадай парық бар. Алғыс көбінесе әлеуметке, халыққа көмегі тиген, жақсылық көрсеткен кісіге риза болғанда, кейде топты жерде, кейде жеке жерде айтылады.
Ал бата сөзі көбінесе дастарқан басында, ас-тұзға, дәм-тағамға, шаңыраққа немесе ақсарбас қой, көк қасқа тайға, той-томалаққа қарата айтылады. Кейде тұтас ауылға, не қонақ өзі қонып отырған отбасы мүшелеріне қарата береді. Кейде алғыс секілді жақсылыққа, жақсылық істеген адамға қарата көпті көрген қариялар өмір тәжірибесіне сүйене отырып жақсы тілек айтып, ақ батасын ақтарады. Бұл жағынан бата алғысқа ұқсап кетеді. Бірақ алғыс аз сөзбен айтылып, жақсы лебіз нақты білдіріледі. Мысалы, “жаныңа жамандық бермесін, қарағым”, “мәртебең өссін”, “мың жаса”, “рахмет”, “жасың ұзақ болсын”, “ұрпақты бол”, міне, бұл алғыстар қазақ халқының мейірім түскен адамға айтатын, ақ жол тілеп арнайтын сөздер. Мұндай алғыс сөздер көңіл дән риза болып, марқайып өскен мезгілде айтылады.
Ал бата-тілекке келсек, бата көбінде емен-жарқын ашық айтылса да кей тұстарда жасырын, астарлай айтылатын кездері де көбірек ұшырайды. Алғыста ондай астыртын мағына болмайды. Алғыс тек тура мағынада ғана жақсы адамдарға қарата қолданылады. Ал бата жақсы адамдарға да, жаман адамдарға да арнайы айтылады. Бата жаман мінезді адамдарға берілгенде, кері мағынада айтылады да, мазмұныңда қарғыс жатады. Алғыс көбіңде қара сөз түрінде немесе өлең жолдарының бір-екі тармағы секілді тұрақты тіркесте келсе, бата өлең секілді поэзия түрінде келеді. Буын, бунақ, ұйқас, ырғақ, шумақ болады. Кем дегенде екі тармақты болып келеді. Бұл жердегі бунақ, буын ұйқастардың өлең жолдарындай біркелкі болып келуі шарт емес. Тек ой бүтіндігі мен тіл көркемдігі үйлесімді де жанды келуі, мазмұнының терең айтылуы басты шарт етіледі.
Біз әлгінде бата жағымсыз адамдарға қолданылғанда кері мағынада қолданылады деген едік. Еңді соны бір мысалмен дәлелдей кетейік. Медеу деген шешен бір байдың тойына барғанда бай оны кемсітіп, жаман лашыққа түсіреді де, кәрі ешкінің басын тартады. Ал Медеуден жас Жамал бай мен Қасым зәңгіні құрметтеп-қошеметтеп байдың өз үйіне түсіреді. Оларды аспа-төк күтіп жатқанын, адамдарды алалап бөліп отырған ниеттерін сезген Медеу, адамды байлығына, шеніне қарай бөліп әкелген байдың той табағына:
Бұл тойға Жамал менен Қасым келді,
«Жетпістің жетісіне жасым келді.
Бұл тойда менен үлкен тағы кім бар,
Мүйізін шапқан кәрі ешкінің басын берді.
Сый емес тартқан табақ қорлауга тең,
Тәңірі оған түсірсін ижасынды ”елді.
Қорлыққа шыдар Медеу мен емеспін,
Байеке, өзің кемір басынды енді! —
деп бата беріп жүріп кеткен екен.
Міне, мұнда бата алғыс болмай, айыптау болып келген. Байдың қазақтың үлкендерді құрметтеу сыңды жақсы салт-дәстүрлеріне қайшы қараулығын, надандығын әшкерелеуге арналған. Егер бата кері мағына алса, қарғысқа айналады да кетеді. Әзірше, алғыс пен бата сөздерді осы белгілеріне қарай парықтауды жөн көрдік.
Енді қарғыс қақында аялдайық. Қазақ халқы жамандыққа, бұзақы адамдарға назаланғанда қарғыс жаудырады. Мәселен, “Көкшешек бол”, “көгала келіп, атың өшсін”, “барғаныңнан келме”, “жалғызыңнан жайра” деп, нәлет жаудырады. Дәмін қызғанып берекені қашыратын дүние құмарларды “дәміңді ит жесін”, “дәм атсын”, “басың аста қалсын”, “асқа жарыл”, “итаяғыңды жалағыр” деп сыбайды. Ал асын ішіп, аяғын былғайтын тоғышарларды “дәм-тұз атқыр”, “ішкенің бойыңа қонбағыр”, “арамтамақ қайыршы”, “жарымай қал”, “ішің кепкір” деп қарғайды... “Айналайын, құлыным, ойнай ғой, әншейін күлің үйіліп қана қалсын”, дейтін жымсыма қарғыстар болады. Дүниедегі қарғыстың ең жаманы – “жымсыма қарғыс”. Сырты мақтау, мүсіркеу сияқты болғанымен, ішкі астары толған — у.
Қазақта қарғысты қайтарудың да қарымдары болған. Мысалы, “Қарғыс қара тасқа, қара тілегі далаға кетсін”, “қарғысы қара басына көрінсін”, “тілегені өз басына көрінсін”, “жағыңа жылан жұмыртқалағыр”, “аузыңа қара қан толсын” деп, орынсыз көрген қарғысты қарғыспен қайтарады. “Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады” деген халық мақалы да, жүйесіз айтылған қарғысты қайтарудың мықты дәлелі.
Қазақ халқы жаны кейігенде алдындағы бағып жүрген малына да қарғыс жаудырады. Мысалы, “арам қатқыр”, “қасқыр жегір”, “пәле келгір”, “ақ болғыр” деп жалпы төрт түлік малға қарата қарғыс қолданса, әр түліктің бас-басына қарғыс айтады. “Тулақ боп қал, тулақ болғыр”  деген қарғысты жылқы түлігіне, “Боздап қал, боздап қалғыр” деп түйе түлігіне, “Кебенек келсін, кебенек келгір” деп ешкі түлігіне, “Қарасан келсін, қарасан келгір” деп сиыр түлігіне ал “топалаң келсін, топалаң келгір” деген қарғысты қой түлігіне қарата қолданады.
Қарап отырсаң, малға қолданған қарғыс пен адамға қаратқан қарғыстың орасан-зор парқы бар. Малға қарата қолданылған қарғыстардың бәрі ауру-індет төңірегінде больш, оларға сана-сезімге қаратпай, тек ауру тілеген. Малға қаратқан қарғыстардағы тағы бір өзгешелік — қарғыстарды қосарлап айту арқылы сөздің эмоциялық мәнін күшейтіп отырған.
Қазақтар жеті қазынаның бірі деп танитын ит екеш итті де тынышсыз болғанда, “ұлып қал, ұлып қалғыр”, “абалап қал, абалап қалғыр” деп қарғайды. Мұндай ауыр сөзбен сыбау, қарғау қазақ өмірінде ескі дәуірден қазірге дейін жалғасып келе жатқан, бір түрлі сөйлеу машығына айналған үйреншікті әдет.
Қазақ табиғаттың жағымсыз тартаң күндеріне де қарғыс айтады. “Ызындаған күнің құрысын”, “Сіркіреген жаңбырың бар болғай”, “Қап-қара түнің құрысын”, “Қаптаған топан суың құрысын”, “Сілкінген жердің бетін ары қылсын” дейді. Мұнда қазақ халқы өзінің қарапайым бақылау тәжірибесіне сүйене отырьш, экологиялық тендікті тым ертеден-ақ қорғаған. Жаратылыстың әдемі қалпын, табиғаттың сұлу көркін, ондағы алуан түрлі құстар мен өсімдіктерге бет алды соқтықпау керек екендігін түсіндіру үшін торғай аузынан мынадай қарғыс береді:
Торғай деген  атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Жұмыртқамды шақсаңдар,
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп, жетім қал! —
деп жаратылыс дүниесіне бет алды соқтықпауды қатаң заң ретінде түсіндіреді. Табиғатты қаптаған әскер, қалың қорғаушы қоймай-ақ, қап-қап құжат шығарып шығындалмай-ақ, сым темірмен қоршап қорғамай-ақ торғай аузыңдағы сесті сөзбен-ақ сескендіре білген ғой. Өсімдіктерді сындырып, жасыл тіршілікті бүлдірген, гүлдерді үзіп, ағаш бұтақтарын сындырған сотқар балаларды “Көктей сол”, ‘Жер жастанғыр” деп қарғайды. Міне, бұл жаңа заманымызда да экологиялық теңдікті қорғау, күллі адам баласының басты саналы қимылына айналып отыр.
Қазақ қарғыстары мазмұн жағынан сан алуан, формасы жағынан күрделі болып келеді. Түрі жағынан да өмірдегі барлық қимылдарды түгелдей қамтып, жамандық атаулының бәріне қарата айтыла береді. Әуелі үйренуден безіп, өнер білімді ұмытып, ес-ақылы бүтіндей ойынға ауған балаларды «ойының осылсын, ойының осылғыр», «бес тастың астында қалғыр”, “ойының құрысын, ойының құрғыр” деп бар зейін-зердесі ойынға ауған, дала безер “көк шешектерді” қарғайды. Кейбір ар-намысын сатып, ұжданынан айрылған намыссыз қыздарды да қатты тілмен қарғап, жамандықтан біржолата тиылуды тілейді.
“Жүзің күйіп жүз қара болғыр”. “Байың өліп, бағың сөнгір”. “Ак бетің тілінгір”, “Албасты басып, айғыр тістегір”, “Күн тимесіңе, дым тимесін”.
Кейде баукеспе ұры, елге күн бермеген қарақшыларды:
Басқан ізіңе шөп шықпасын,
Ұрлаган қолың кем болсын,
Ұрлаганың ұраға тықсын.
Казақ осылайша ұрының жер-жебіріне жетіп жексұрын сөзбен жездей қақтап, ар алдында айыбын бетіне басып, тірідей өлтіреді. Бұдан қазақ халқының ұрлыққа, жамандыққа қас, адал халық екендігін түсінумен бірге ұрыны сөз тозағына лақтырып, тіл уымен тәрбиелей білген даналығын да тануға болады.
Қазақ қарғыс сөздерінің мазмұнында осындай ауыспалы тәрбиелік мағына, қорқыту сынды сес жатады. Ал қарғыстар формалық жақтан да сан алуан болып келеді. Кейде қара сөз түрінде де кезігеді: “Оңбай кет”, “адамдықтан азған айуан”, “өмірдің жегі құрты, жұрттың селдей аққан көз жасы мен жосып аққан қызыл қаны атсын сені” деп келсе, кейде өлең түрінде ұйқасып, үндесіп келеді.
Онда 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 тіпті одан да көп тармақтар тобын шоғырлаңдырып айту арқылы жасалады:
1. Жетпей желкең қиылсын!
2. Сар мейіз болып қатып қал!
Сары төсек болып жатып қал!
3. Малың бағусыз қалсын,
Түндігің ашусыз қалсын,
Асың ішусіз қалсын!
4. Аспаннан қурай түссін,
Желкеңді турай түссін,
Әке-шешең аңырап қалсын,
Ақ лағың далада маңырап қалсын!
5. Қара күйедей қарайып қал,
Ине көзіндей тарайып қал,
Сары тап боп сарғайып қал,
Үй артында бұлақ бар,
Бұлаққа қарап жылап қал!
6. Таудан қүлаған тастай бол,
Ит мұжыған бастай бол,
Тұқымың тұздай құрысын,
Желкенді қара тас бассын,
Ине жұтқан иттей бол,
К...ке түскен биттей бол!
7. Менің ақ байталымнан жеген егің қан болсын,
Үйінді құйын құлатып, аузы-басың шаң болсын,
Ел ет жесе, сен дерт же,
Ел жал шайнаса, сен тал шайна,
Ел жілік жесе, сен бүлік же,
Ел мойын жесе, сен сойыл же,
Ел нан жесе, сен қан же!
 
Болат Бопайұлы Жота Қажы
«Қамшы» сілтейді
19 қараша 2018 ж. 2 326 0