Бақытты жанұя құрудың жолы
Жанұя – қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз.
Адам баласының өмірін тулап-толқып, буырқанып жатқан теңізге теңесек, сол бір асау бұйра жал толқындардың ығырынан шаршаған пенде бір сәт жайлы ыстық құм төселген жып-жылы жағажайға барып демалғысы келеді ғой. Ендеше, жанұя дегеніміз – сол бір ыстық жағажай. Адам арпалысып жатқан тірліктен шаршағанда барып жан тыныштығын табатын орын – өз шаңырағы. Өйткені, осы шаңырақ астында сыртқа шықпайтын қайғы-мұң, қуаныш-реніштер бөлісетін жүректі табады.
Жалпы «Адамдар не үшін үйленеді?» деген сұраққа: «Өмірді бөлісу үшін» деп жауап беруге болады. Бақытты отбасында ерлі-зайыптылар өздеріне тән жақсы қабілеттерін тұмшаламай, бірін-бірі бағалап, санасып отырады. Мәселен, ері әйелінің өзгермелі кездеріндегі сезім ауытқушылығына жылы шырай танытып, көңілін аулайды. Әйелі де күйеуінің жұмыстан арқалап келген бар ауыртпашылығын ұмыттырып, жұбата біледі. Жанұядағы талас-тартыс есікті жапқан кезде сыртта қалуы керек. Ішке кірген бүлік отбасын бүлдіреді.
Massaget.kz