УЫЗ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТКЕ ИЕ
Уыз – жаңа төлдеген малдың желініне жиналатын қою, әрі алғашқы сүт. Уыз «сары уыз», «ақ уыз» деп екіге бөлінеді. Сары уыз әрі қою, әрі желім сияқты жабысқақ болады. Ақ уыздың өңі сары уызға қарағанда ақшыл, әрі сұйықтау келеді. Сиырдың, қойдың, ешкінің ақ уыздарынан әртүрлі тағамдар пісіреді. Уыз кәдімгі сүтке қарағанда онан екі есе артық нәрге бай. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол балаң ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды. Уыз осы қасиетімен де ерекше.
Қатырған уызды әзірлеу үшін уызды бүйенге, ащы ішекке немесе металл ыдысқа кұйып, қайнап жатқан судың ішіне салып пісіреді. Бір бұрқ етіп қайнағанда ыдысқа құйылған уыз шеміршектеніп қата бастайды. Одан соң оны ыдысымен бірге ыстық судан алып, салқын суға салады. Сонда уыз қайнап піскен жұмыртқадай болып шығады. Қатырған уызды сүр еттің үстіне турап салады. Төлбасы, яғни алғашқы төл туған күні соғымның етінен, шұжық асып, уыз қатырып, көрші-қолаңды шақыратын дәстүр болған. Ал пісірілген уызды дайындау үшін уызға сүт қосып сұйылтып пісіреді. Уыз іріп кетпеу үшін оны ожаумен сапырып отыру керек.
https://syr-media.kz/