Арша – денсаулық ағашы
Халқымыздың «Ағаштар анасы – арша» деген теңеу сөзінде қаншама ұлағатты ұғым жатыр десеңізші! Ертеде не бір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық мейірлене иіскеп мауқын басады екен. Қылқан жапырақты (ашық тұқымды) ағаштардың ішіндегі арша – кипаристер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта. Арша – ағаш-фармацевт. Осы өсімдік бөлетін фитоноцидтер адам денсаулығына ем болатын таза ауа тудырады. Мәселен, ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Арша орманының 1 гектары жылына 18 миллион текше метр ауаны көміртегі газынан тазартып, 50-65 тоннаға дейін шаң-тозаңды зиянды газдардан арылтып, сүзіп отыратын көрінеді. Қазақ халқы аршаны «денсаулық ағашы» деп атайды.
Еліміздің табиғатында аршаның зарафшан, түркістан, казаттық деген түрлері бар. Қылқандарының түсі, түріне қарай: сары, ашық жасыл, қою жасыл, көк, көкшіл болып келеді. Сабағындағы тығыз орналасқан қылқандары әдемі хош иіс шығарады. Бойында зиянды бактерияларды жойғыш және емдік қасиеті бар. Өкпе, тері және астма ауруларын емдеген. Ежелгі Рим мен Грецияда жылан шаққан кезде пайдаланған. Аршаның тік өсетін түрлерінен қарындаш жасайды. Діңінің қабығын ыдыс жасауда, басқа да өндірісте шикізат есебінде және құрылыс материалы ретінде кеңінен қолданады. Музыкалық аспаптар жасауға да пайдаланған.
Халық емінде арша жемісі ежелден-ақ несеп айдайтын және қуықтың қабынуын басатын дәрі ретінде қолданылып келеді. Аршамен тіс тазалау пайдалы. Ауырған адамды, үйді аршаның иісімен аластап, тазалайды. Етті, қымыз пісетін сабаны аршаның түтініне ыстайды. Құрғақ жөтелге аршаның түтіні бірден бір ем саналады. Арша жапырақтары – буын аурулары мен бұлшық еттердің шаншып, сырқырап ауырғанын жазады. Арша дәні гастриттен құтқарады.
Адам өміріне және табиғатқа өте құнды өсімдік аршаға да араша керек. Негізінен тау ағашы болып есептелетін аршаны бүгінде ірі қалаларымызды көркейту үшін де егетін болды. Оны жаңа жылдың ажарын ашатын бір күндік ағаш деп есептейтіндер қатты қателеседі. «Республикалық орман селекциялық орталығы» РМҚК Оңтүстік аймақ филиалының зертхана бөлімінде арша ағашын тұқымнан және жасыл қалемшеден көбейтіп жерсіндірілуде. Бұл жұмыстар оң нәтижесін беруде. Қазіргі таңда үш жылдық, екі жылдық және бір жылдық көшеттерге күтіп, баптау жұмыстары жүргізілуде.
Шынар ИСМАҒҰЛОВА,
«Республикалық орман селекциялық орталығы»
РМҚК Оңтүстік аймақ филиалының зертханашысы.
«Республикалық орман селекциялық орталығы»
РМҚК Оңтүстік аймақ филиалының зертханашысы.