ҚЫЗЫЛОРДАМ ҚЫЗДАН БЕТЕР СҰЛУЫМ
Отан десе орныққан сөз ойыма,
Қазақстан оттан ыстық жылуың.
Қала десе қан жүгірткен бойыма,
Қызылордам қыздан бетер сұлуым
Ұлан-байтақ даламызға өң беріп,
Ұлылықтың қасиетін ұқтырған.
Сырдарияның құшағында тербеліп,
Сырдың елі құрсағына құт тұнған.
Қанша қырғын бастан өтіп қатал,сұм,
Қатпарланған қабат-қабат тариxың
Шайырларға мекен болған шаxарсың,
Қызыл тілі қызыл шоқтай қаритын
Көктем келсе көтерілген ыстығың,
Арасында азынаған жел де бар.
Қысқа ғана өте шығар қысқы күн,
Біздің жақта көп жатпайды жерде қар.
Мейіріңді сезінемін жай ғана,
Самал желің сипап өтсе самайды.
Қалжың сөзге айналып жүр қайда да,
Табиғатың таң қалдырып талайды.
Әзілдеуді бір адамдай білемін,
Бірақ бұған келіспейміз мүлде біз
Тал өспейтін тақыр жер деп Сыр елін,
Өтінемін,сыртымыздан күлмеңіз
Мәз болады: қолшатырсыз қайтер ек,
Іздесек те таппаймыз деп көлеңке.
Қайдан білсін кешегі "үш бәйтерек",
Тамыр тартқан жер екенін ол өлке.
Болмашы сөз,бос әзілге ерсеңіз,
Қу дала деп түсінерсіз қуарған.
Жаныңызға сая болар келсеңіз,
Бізде де бар жасыл-желек,ну орман.
Қателесіп айттыңыз-ау,шамасы,
Ескертуім екінші рет жүрмейді.
"Сырдың елі-алты алаштың анасы",
Анасына ақылды адам күлмейді.
Тәй-тәй басқан бөбегің боп мен кеше,
Тұсауым да осы өлкеде кесілген
Ержеткенім рас болса ендеше
Есіміңді шығармаймын есімнен
Терек емес тектілерге далам бай,
Тариxымның тереңіне қарашы.
Ақ жаулығын кірлетпеген анамдай,
Асқақтай бер Ақмешіттің даласы!
Мейірбек СҰЛТАНХАН.