Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әлеке көктің» ақыры

«Әлеке көктің» ақыры


Жүйріктің тері кепкен бе? «Әлеке көк» талай көкпарының қызығын бастан өткерді. Жігіттің әлдісі мен аттың белдісіне сын болар талай-талай додаға түсті.
Космосқа ұшып жатқан мынау атом заманында, даланы дүбірге бөлеген бір замандағы көшпенділер ұрпағы екені еске түсе ме, Сыр қазақтары көкпарды тартып, бәйге шауып жататын.
Қаһарлы қыс, қарбалас көктемді өткеріп жайдары жаз маусымы келді. Сыр шопандары жайлауға көшіп арқа басын кеңге салып қалған сәт. Қыстың күні қыстауда қарбалас өткен той қайта жаңғырды. Ат тұяғы жетер жер түгел шақырылып той болады. Той-думан көкпарсыз және өтпейді. Дархан даланың кеңдігі шынтақ айналмас кеудеге сия ма, адамдары кең қолтық, қолы ашық болып кетеді. Салым болса, алдыңғыларына мүше таратса, жігерлі жігітпен, әлде атқа сын болар соңғыларына қой, қозы, кейде ірі қара тігіп жатады. Атқа мінуге жарайтын ақсақалдары төрелік айтып, арасында жүреді. Бұра тартып, қисық кеткендерінің тізгінін тартып, тәртіпке шақырады. Жері жазық еркін шабыс тілейтін жайлаудың жөні бөлек.
Әбен – жастайынан мал жайына қанық, әкесіне еріп қой қайырып, қозы баққан малшы баласы. Шаруаға оңтайлы болғанымен, оқу дегенде «қойға мініп, көнбіс болған шабан аттай» кежегі кері тартады да тұрады. Жетелеп білімдарлыққа жеткізбесін білген әкесі сегіз бітіріп, қойға көмекші етіп алады.
Қарапайым қойшы бала Әбен мен «Әлеке көктің» Сыр мен Созаққа, Ұлытау мен Қаратау аралығын да атын жайған көкпаршылығы еді.
Жан алып, жан берісетін небір додаларға Әбен мен «Әлеке көк» сырылып дара шығатын. Тақымына қысқан көкпарын «байлап қойдың» деп дау шығарғандар да болады. Дау әбден қызған кезде екі қолын көтеріп тұрып тақымын көтеріп қалатын, тарта-тарта еті езілген ешкі жерге сылқ ете қалатын. Даугер жақ таңдайын қағып, сырт айналатын.
Міне, сол Әбен аттан жығылып, аяғы сынып, атқа мініп, көкпар тартпақ түгілі қой қайырудан қалғалы жыл жарымдай уақыт болды. Алты айдай аяққа мінген салдауырмен жүрді, аяғы басуға жарағасын жеңіл жұмыстың басын шалды. Қалам ұшынан нан жерлік білімнің түрі әлгідей. Көлік тұрағына күзетші болды. Жан тыныш, қатты қайырым жұмыста жоқ. Табиғатында «өзіме ғана болсын» деген ашкөздіктен ада Әбен азаматтық танытып, «аттың бағын байламайын» деп Әлеке көкті көрші ауылдағы Біләлға берді. Жасы үлкен болғанымен жылқы жайын білер азаматты аға тұтып, дос-жарандай сыйласатын.
Күзге салым көрші ауылда көкпар болады дегенді естіп «Әлеке көкке» сұрау салды. Біләл атқа құмар болғанымен атына сай адам танып, қадірін білер азамат еді. Бар айтқаны:
– Аяғың жараса, алсайшы, – болды. Бұның ойы да аяғы жараса додаға түсу, әйтпесе, қызық көру еді. Отызға жетпей қатардан шығуды ар көріп, сыртқа көңілді көрінгенімен, көңілі күпті еді.
Күткен күні жетіп, тойлы ауылға түс ауа жетті. Көкпарының да қызған шағы екен. Атты бас-көз демей төпеп-төпеп, былапыт сөзбен дөрекі қимылы әуес жастарды көргенде ішін тартты. Мұндай көкпар тартып, абырой алмасын біліп шеттей берген.
– Тарт Әбен!
Лақтырған көкпары алдына келіп, жердің шаңын қағып дүрс ете қалды.
– Уа, аруақ қолдай гөр. Қамшыны аузына тістей алып, бұл да ұмтылды. Есіріп алған дарақы топ көкпарға қарай лап қойды. Келе ешкіні жонынан алып, ат аяғы баспайтындай етіп көтеріп, топты жарып сытылып шыға келді. Топтан шыға бере тарамыс тақымға басып алды. Қармаққа ілінген жем шұқыған балықтай бірнеше жігіт ұмтылып еді, арыны қатты көкке ілесе алмай қалып жатты.
Далақтай шапқандардың бұған жетер хәлі байқалмайды. Аттың бетін ауылға қарай түзеді. Шапқан аттың шаңын қауып, үрей-сүрей айқай салған топтан қара үзген. Көпір болмаса, өткел бермес дариядан өту аттыға ауыр сын. Әбен ат басын тас жолға бұрды. Атпен қабат жүйткіген жүк машинасындағыларға «көкпар қызықтап жүргендер ғой» деп мән бермеген. Машина жолын орай, жүк қорабындағылар қолына түскен бұта мен былапыт сөзді қардай боратып өтті. Айналып өтіп атының басын жіберді. Техниканың аты техника, ет сүйектен жаратылған мақұлық бұйым болып па, адымын аштырмады. Әбеннің ойы көпірден өтсе қалың шеңгелге сіңіп, із тастау.
– Әй, шабандозым, көкпарыңды таста, бізге кәуәп керек.
Отыз жыл өмірінің жартысын көкпар тартумен өткізіп еді, мынадай сорақыны көргені енді...
– Әлің жетсе алып қал.
Бұл да қарап қалмады. Ерегіспе есірік топ, құтырына қуған техника өзін атымен қағып өтуден тайынар емес. Әзірге құтқарып тұрғаны атының ұршығынан айналар жалт бұрылғыштығы. Міне, көпір де көрініп тұр. Тек арғы бетке өтіп алда қалың шеңгелге сүңги кет. Бірақ бәрі кеш еді, жүйткіген машина көпірге жетіп көлденеңнен тұрып та үл­герген еді.
– Әй, Әбен, аттан түс, атты шаршатып қайтесің. Өзі бір өлермен екен, осы ешкі болмаса өлген екен жарықтық.
– Біздің де тісіміз қышып жүр. Жүк машинадағы бар, жердегісі бар жамырай жөнелді. Көк аттың тері сіңіп малынған көкпарды жол ортасына тастап жүре берді.
Ертеңіне «Әлеке көктің» Біләлға тізгінін ұстатып тұрып айтқаны:
– Бәке, қадірі кеткен көк серкенің пұшпағын мен ұстамасам да тартылар. Болды.
Сарысу өзенінің көктем тасып, су шайған, кең қолтығы – «Ала­тағына» ат тұяғы мен адам аяғы ширатқалы үшінші күн. Аудан шопандарының слеті өтуде. Күн шыға аламан бәйгеге ат жіберілді. Әр ауылдың үкілеген небір дүлділі жердің апшысын қуырды. Міне, тек шапқан атқа емес, бүкіл ауылға абырой болар соңғы айналым.
Құйысқан тістескен «Әлеке көк» пен «Қарагер» өзге аттардан оқ­ бойы алда келеді. Жанкүйер қауымның құлақ тұндырар айқайы жер жарады. Мәреге он қадамдай қалғанда көк сүрініп барып қайта оңалды. Айғай-шу су сепкендей тиылды. Теріге ілініп, жалбыраған алдыңғы аяғын көтеріп, мәреден өтіп барып тұра қалған көкке қалың нөпір лап қойды. Қанша ат қатар сегіз айналым шапқанда сүрінбей, оқпанға көкті сүріндіргені қай құдірет?! Бұрнағы жылы баласы өлгенде көзіне жас алмаған Біләлдің бетін жас жуып кетті. Теңселе басып Әбен де жетті. Екеуі құшақтасып тұрып бір-біріне басу айтты. Бірақ көктің ас болғанымен ат болмасы анық еді. «Әлеке көктің» ақырғы шабысы еді бұл.

Жұмабай Байзақұлы,
Бесарық ауылы
20 қазан 2018 ж. 1 069 0