Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нан болса, ән болады

Нан болса, ән болады


Жаздай нан пісіріп,  ауылды осы өнім түрімен қамтамасыз етіп отырған Оразбике Ноғаеваның да кәсіпкерлікке бейімділігі байқалады. Бұрын мал маманы болған жанның жұмыстан қысқарғаннан кейін отбасында қол қусырып қарап отырмай, екінші кәсіпті игергені оңды болғанға саяды. Өйткені, өнімге ауылда сұраныс бар. Оразбикенің шағын кәсібін дамытуға жолдасы Түркіменбай Төлегенов те қолғабысын тигізіп келеді. Ол вахталық әдіспен Ақтауда жүргізуші болып еңбек етеді екен. Темірден түйін түйген шебер есік алдына нан жабатын пеш орнатқан.
– Кәсіппен айналысқаннан кейін оның қысы-жазы тұрақты болғаны керек. Өзіңіз көріп тұрғандай Оразбике тек жазғы күндері ғана нан жаба алады. Отынмен қолдан жаққаннан соң ол кейде көп, кейде аз салынады. Бұл да нанның пісуіне әсер етеді. Сондықтан біз алдағы уақытта нан пісіретін ғимарат салып, оған бірнеше пеш орнатып, от жағуды газға көшіруді жоспарлап отырмыз. Шымкентке барып, тандыр нан пісіретін наубайханаларда арнайы зерттеу де жүргіздім. Ондай пешті ауылда да жасауға болады. Бірақ, несие мәселесі қиын, –дейді Түркіменбай.
Иә, Іңкәрдария ауылында кәсіпкерлікке бетбұрыс бар. Алдайда, кәсіпкерлер істерін дамыта түсуге ауылда несие алу үшін кепілге қоятын мүліктің жоқтығын және қағазбастылық та кедергі келтіретінін алға тартады. Ауданның кәсіпкерлік палатасы және ауыл әкімшілігі бірлесіп, осы мәселеге назар аударып, тиісті шешім шығарса құба-құп.


 Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
25 қыркүйек 2018 ж. 3 000 0