Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕРЕҢӨЗЕГІМ – ТАЛ БЕСІГІМ

ТЕРЕҢӨЗЕГІМ – ТАЛ БЕСІГІМ


Кімге де болса өзінің туған жері, өсіп-өнген елі ыстық. Менің туып-өскен, балалықтың бал қызығына тоймай, еркелеп жүріп ержеткен, туған жерім – Тереңөзек.Тереңөзек дегенде жаным жадырайды, көңіл түкпіріндегі сағыныш сезімі алаулайды, көз алдыма бақытты балғын күндер елестейді.
Шіліңгір шілдеде достарыммен бірге Майжарма, Әйтек каналдарына, Қалғандария, Сырдарияға барып, суға шомылатын едік. Аспан айналып жерге түсердей ыстықта салқын су денемізді ширатып, бойымызды сергітіп, рахатқа бөлейтін. Бір-бірімізбен жарыса жүзетін едік.
Қарнымыз ашса, қалың тоғайдың арасына барып, жабайы жидек ағашынан мәуе теріп жейміз.
Балалықтың нағыз балдәурен күндері сол еді...
Тереңөзекте, туған жерімдегі қыстың өзіндік қызығы, ұмытылмас әсері, өз ерекшелігі бар. Топ болып, хоккей ойнаймыз. Ол кезде мұз алаңы қайдан болсын. Баяғы «қауынсклад» жақтағы қатып қалған смоланың үстінде шайба қуалаймыз. Хоккей таяғын (клюшканы) ағаштан жасап аламыз. Қазіргідей баршылық заман емес, коньки ол кезде тапшы. Конькидің темір табанын пимаға байлап, оны кендір жіппен, ағаштың көмегімен бұра тартып тастаймыз. Әйтеуір, тапқырлығымызда шек жоқ.
Жаз келсе – футбол. Әйтеуір, доп болса болды. Темір немесе ағаш қақпа деген ол кезде бізге арман болатын. Өйткені, зауыттан шыққан спорттық инвентарь жоқтың қасы. Сондықтан кез-келген тақыр жерге екі тасты немесе кірпіш қойып, қақпа жасап аламыз. Түн жарымға дейін бір-бірімізге «пас, пас!» деп, ақ тер, көк тер болып жүргеніміз. Содан сілеміз қатып, үйге қайтамыз.
Тағы бір ермегіміз – волейбол. Одан қалса, асық атамыз, ләңгі тебеміз.
Қазіргі жастар біле қоймас, «екі есек» деген ойын болушы еді. Сол ойындардың қызығына тоймаушы едік.
Көктем түсісімен бақшада ағаш егу, гүл өсіру деген басталады. Оған құнарлы көң (чернозём) керек. Оны іздеп, тағы тоғайға тартамыз. Бір жағынан, үй шаруашылығына көмек болса, екінші жағынан бізге ойын-күлкі, серуен.
Алаңсыз, қайран балалық шақ.
Сол кезді қазіргі уақытпен салыстырсақ, бүгінгі жастардың ақыл-санасы да, жүріс-тұрысы да, ұмтылысы да бөлек. Несін жасырамыз, біздің уақытта жастар арасында ішімдік ішу, шылым шегу, көше аралап, төбелесу, бұзақылық жасау «мода» болатын. Соның кесірінен талай жеткіншек сотты болып, тағдырлары тәлкекке ұшырады.
Қазір мүлдем басқа жағдай. ХХІ ғасыр жастары білімге, жаңашылдыққа, бәсекеге құмар. Бесіктегі баладан бастап, бой жеткен қыз бен ер жеткен ұлдың қолынан көретініміз – компьютер немесе смартфон. Күшті білім алсам, мықты маман болсам, еліме пайдамды тигізсем дейді. Заманына қарай адамы деген сол шығар...
Содан есейе түстік. Жазғы демалыста маңдай терімізді төгіп, ақша таптық.
Қауын-қарбыз салып қоятын ағаштан жәшік жасадық. Алғашқы кезде бір жәшікті бізден 10 тиынға алатын. Кейіннен бағасы еселеніп, 20 тиын болды. Отбасымызға да көмек, өзімізге де түрлі тәттілерді алып жеудің амалы.
Балалық шағымыздың ажырамас бөлігі – орталық саябақтағы кинотеатр (қазір жоқ). Сенбі, жексенбі күндері үнді фильмдері көрсетіледі. Сол киноларды асыға күтетінбіз. Махаббат пен зұлымдық, достық пен қастық, жақсылық пен жамандық арасындағы күрес бізді ерекше баурап алатын. Қандай жаңа фильм шығады екен деп, афишаны аңдып жүреміз. Кино болатын күн бір той сияқты. Экраннан көзімізді алмай, демалмай отырып көреміз. Кино біткенде, жанарымыз жасқа толып, жылап шығамыз.
Тереңөзек – ел басқара білген мықты кадрлардың, басқаларға үлгі-өнеге болған абзал азаматтардың мекені. Сол үлкендерден тәлім алдық. Жақсыны үйренуге, жаманнан жиренуге тырыстық.
Аяулы ұстаздар, ардақты апалар, еңбекқор ағалар шағын ауылымыздың мақтанышы еді. Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Әсербай Айкөпешов, Ізхан Досмағанбетов, Нәлқожа Ергешбаев, Жолдасбек Ердешбаев, Жорабек Сарбалақов, Алмагүл Божанова, Дина Айсина, Өзбекбай Досмұхамбетов, Сейілбек Шаухаманов, Нұрпейіс Сағиев, Досмайыл Бекішев, Ыбырай Сейпұлов, т.б. әрдайым есімде.
Мұғалімдерім – Надежда Николаевна Киселева, Дашковский, Шарбану Мұсабековна, Бақыт Карбозовна, директорымыз Дина Садвакасовна, ішкі істер бөлімінің бастығы Нұрғали Сыздықов, аудан прокуроры Қалкөз Алданазаров, Қыстаубай Бердалиев.
Бұл кісілер бізге қол жетпес таудай болып көрінетін. Соларға қарап бой түзедік. Солардай адал еңбек етуді ойладық. Мықты, үлгілі, білімді азамат болуды арман еттік. Асыл арман алға жетеледі.
Тереңөзек – тал бесігім. Тәрбие, тәлім алған алтын ұям. Өсіп-өнген қара шаңырағым.
Туған жердің құдіреті де өзгеше ғой. Қиналғанда демейді, қамыққанда жебейді, еңбегімізді елейді.
Тереңөзектен небір іскер басшылар, білікті мамандар, қарымды қайраткерлер, дарынды спортшылар шықты. Көрнекті мәдениет, әдебиет және өнер тарландары қаншама. Көбісі адал еңбек, маңдай тер, еңбекқорлық, тәжірибенің арқасында ауданнан асып, еліміздің мақтанышына айналды.
Тереңөзек – бүгінде әлеуеті зор, экономикасы дамыған, шаруашылығы алға озған Сырдария ауданының орталығы. Ауданның тоқсан жылдық мерейтойы елордамыз Астананың жиырма жылдық мерейтойымен орайлас келуінің символдық мәні бар.
Тамырын тереңге жайған Тереңөзек одан әрі өсіп-өркендей берсін дегім келеді. Ауданның абыройы артып, халқының әл-ауқаты жақсара берсін.
Елбасы айтқандай, «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».
Туған жерін қастерлей білген тереңөзектіктер біртұтас елімізді көздің қарашығындай қорғайды, ұлан-ғайыр жерімізді қадірлейді, Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекетіміздің ғұмырлы болуына зор үлестерін қосады деп сенемін.

Құрметпен, жерлестеріңіз Жақып АСАНОВ
25 тамыз 2018 ж. 4 235 0