Көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, көктемгі егіс науқанына дайындық барысы қаралды.Жиында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерге сәйкес, су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс алқаптарын әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының су үнемдеу саясатын жүзеге асыру мақсатында ауданда суды көп қажет ететін дақылдар көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және су шығынын азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларын тиімді пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу маңызды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл ауданда жалпы көлемі 32 064 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 17 000 гектарға күріш егілмек. Сонымен қатар, су үнемдеу мақсатында 2000 гектарға жүгері, 1885 гектарға бидай, 384 гектарға мақсары, 105 гектарға соя және 10 000 гектарға жоңышқа егу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарланған егіс көлемінің 48 пайызы егілді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










