Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітаптың киесін ұлықтаған маман

Кітаптың киесін ұлықтаған маман

Кітап – білімнің қайнар көзі болса, кітапханашы – сол білім бұлағының көзін ашатын жан. Бүгінде қоғамдағы ең маңызды әрі құрметті мамандық иесі Динара Пазылбекова оқырмандарды білімге, ізденіске, мәдениет пен адамгершілікке тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.

Өз ісіне адал, мамандығына құрметпен қарайтын Динара Жалғасбекқызы – Сырдария ауданының тумасы. Білімнің қара шаңырағы саналатын Иса Тоқтыбаев атындағы №35 орта мектептің түлегі бала кезінен кітап әлеміне қызығушылық танытқан. Сол арманын жүзеге асыру мақсатында Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Аталған оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, таңдаған мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік алады.

Алғашқы еңбек жолын Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде кітапханашы болып бастап, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Кейін аудандық кітапханаға кітапханашы маманы ретінде жұмысқа қабылданып, осы мекемеде абыройлы еңбек етіп келеді. Кітапхана саласындағы еңбек жолы ізденіс пен жауапкершілікті, оқырманға деген құрмет пен кітапқа деген сүйіспеншілікті талап етеді. Осы қасиеттердің арқасында бүгінде білікті маман ретінде қалыптасқан.

– Мен үшін кітапханашы мамандығы – жай ғана қызмет емес, бұл менің жүрек қалауыммен таңдаған өмірлік жолым. Кітап әлеміне деген қызығушылығым мені осы мамандыққа жетеледі. Кітапханашы болып еңбек етіп келе жатқаныма көптеген жылдар болды. Осы уақыт аралығында мамандығымның қыр-сырын меңгеріп, талай оқырманмен жүздесіп, өз тәжірибемді шыңдап келемін. Менің ойымша, кітапханашы болу – үлкен жауапкершілік. Себебі біз тек кітап ұсынып қана қоймаймыз, оқырманның рухани дамуына, білімінің артуына, дүниетанымының кеңеюіне ықпал етеміз. Әрбір оқырманның кітапханаға қызығушылықпен келуі, іздеген кітабын тауып, ризашылықпен шығуы – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді Динара Жалғасбекқызы.

Кітапханашы болу тек кітаптарды реттеп, оқырманға ұсынумен шектелмейді. Бұл – адамдардың білімге деген қызығушылығын арттыру, рухани дүниесін байыту, мәдениетті қалыптастыру, оқырманның ізденісіне бағыт-бағдар беру. Динара Жалғасбекқызы да өз қызметінде осы қағидаларды басшылыққа алып, кітапхана жұмысының маңызды міндеттерін атқаруға үлес қосып келеді. Күнделікті қызметінде оқырманмен қарым-қатынас орнату, әдебиеттерді насихаттау, кітап оқуға деген ынтаны арттыру секілді жұмыстардың маңызын жақсы түсінеді.

2017 жылы шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан Д.Пазылбекова бүгінде төрт баланың аяулы анасы. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру – үлкен төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін міндет. Ана ретінде бала тәрбиесіне көңіл бөліп, қызметінде де өз міндетін адал атқаруды өмірлік ұстанымына айналдырған.

Кітапхана саласы – қоғамның рухани дамуына қызмет ететін ерекше сала. Бұл бағытта еңбек ететін әрбір маманның жұмысы оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, білімге ұмтылуына ықпал етеді. Динара Жалғасбекқызының еңбек жолы да таңдаған мамандығына деген адалдықтың, тұрақтылықтың және кәсіби жауапкершіліктің көрінісі. Осы құндылықтарды бойына сіңіріп, кітапхана саласында еңбек етіп келе жатқан білікті кітапханашының
өмір жолы – қарапайым еңбек пен кәсіби таңдаудың үйлесімді үлгісі.
23 қараша 2026 ж. 5 0