Ұстаздар отбасының жалғасы – Кітапты күтіп, арасына бетбелгі қойып, сыртын қаптап, жыртылған жерін желімдеп ұқыпты ұстаңдар, оқу жылының соңында тексеріп аламын, – деп әр кітапқа жанашырлықпен қарайтын кітапханашы Үміт Наурызбаеваның сөзі №35 мектеп-лицейде білім алған шәкірттердің құлағына жатталып қалған. білікті маманның мектеп қабырғасында кітапханашы болып қызмет атқарып келе жатқанына 20 жылдан асты.Кітапханашы Үміт Камаладдинқызы – Тереңөзек кентінің тумасы. Қазіргі таңда өзі қызмет атқаратын №35 мектеп-лицейді тәмамдағаннан соң, Алматы облысындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түскен. 1991 жылы «Кітапхана ісі және библиография» мамандығын аяқтап, аудандық орталық кітапханаға кітапханашы болып орналасады. 1999 жылдан бастап қызмет жолын №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде жалғастырады.Мектептегі кітап қорына жауапты кітапханашының жұмысы оңай көрінгенімен, өзіне тән ауыртпашылығы бар. Кітапханашы 26 мың дана кітаптың 18600-і оқулық екенін айтады. Сол оқулықтың әрбірін оқушыларға үлестіріп, оның ұқыпты ұсталып, келесі оқушыға таза жетуін жіті қадағалайды. Оқушылармен байланысты үзбей пандемия кезінде электронды оқулықтар жіберіп, облыстық кітапханалармен байланыса отырып, мектептің кітап қорында жоқ әдебиеттердің электронды нұсқасын тауып беріп, оқушыладың сапалы білім алуына ықпал етіп отырған білікті маманды оқушылар құрметтейді. Осы жасаған еңбектері еленіп бірнеше мәрте аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.Үміт Наурызбаева ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Камаладдин Наурызбаев – орыс тілі пәнінің мұғалімі болуымен қатар, бірнеше жылдар аудандық білім бөлімін басқарған ардақты тұлға. Анасы Алима Нақыпова бастауыш сынып мұғалімі болған. Апай өз естелігінде:– Менің кітапханашы болуыма әкемнің тікелей ықпалы бар. Бала күнімде әр айлық жалақысынан міндетті түрде жаңа кітап алып беріп, тілім шыққаннан әріп танытып, маған арнап үйімізде жеке кітапхана жасап берді. Мектеп бітірер шақта әкеме кітапханашы болып, оқырманды кітап деген құндылықтың қасиетін ұғындыруға атсалысқым келетіндігін айттым. Ол кісі қолдады. Алғаш әріп танытқан Анар Ізбасарова, үлкен өмірге жол көрсеткен Зоя Тайманова сынды апайларымның да жетістікке жету жолымда еңбегі зор, – дейді.Үміт апайдың есімін әкесі Ресей жерінде тарихи кітапхана ашқан Надежда Крупскаяның туған күнінде дүниеге келген соң сол кісінің құрметіне қойған екен. Әкесінің ақ ниетінің арқасында Үміт апай да үлкен білім ошағында кітапханашы қызметін атқарып келеді. Білікті маман өмірлік жары Темірханмен 4 бала, 3 немере тәрбиелеп, өсірді. Үйдің үлкені Динара дәрігер болса, Айшолпан – биология пәнінің мұғалімі. Ұлы Нұрдәулет – тіс дәрігері және кіші қыздары Еркенұр – мектеп оқушысы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, одан қалды мектеп кітапханасының жұмысын ұршықтай иіріп отырған білікті маманның еңбегі қашанда жемісті болуын тілейміз!Жұлдызай АНШАЕВА Қоғам 06 наурыз 2021 ж. 539 0