Шаған ауылында жылжымалы көрме ұйымдастырылды
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі үстіміздегі жылдың 30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында ауданға қарасты Шаған ауылында музей қорындағы аса құнды және қайталанбас этнографиялық жәдігерлерден «Өлке тарихы – ұрпаққа мұра» атты жылжымалы көрме ұйымдастыруда.
Аталмыш көрмені Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Атақаев пен аудандық музей меңгерушісі М.Омаров салтанатты түрде ашты.
– Берекесі тасыған Шаған ауылында жылжымалы көрме ұйымдастырудың мән-мағынасы жоғары. Ауыл тұрғындары бірнеше күн бойы тарихи жәдігерлерге кеңінен қанығатын болады. Сала мамандары барлық құнды мұраларды жеке-жеке таныстаратын болады. Өз кезегінде жергілікті көрмені тамашалауға шақырымыз, – деді аудандық музей меңгерушісі М.Омаров.
Көрмеге жәдігер құндылықтармен бірге халықтың, ұлттың бетбұрысты кезеңдеріне көшбасшылық жасаған белгілі тұлғалардың тұтынған құрал-саймандары мен тұрмыстық бұйымдары, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.
«Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Сыздықов Жеңісбек мырза демеушілік жасап, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының көрмені ақысыз негізде тамашалауына жағдай жасады. Еліне ерекше жанашыр азаматқа аудандық музей және ел тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз! Ісіңіз берекелі, өнімдеріңіз мол, абыройыңыз асқақ болсын!