Медициналық тексеруден өту не үшін қажет және одан қалай өтуге болады?
Еңбек ұжымында жұмысшылардың кезекті (мерзімді) медициналық бақылаудан (тексерістен) өтуі – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі және денсаулық сақтау заңнамасымен бекітілген міндетті талап. Бұл шара қызметкерлердің денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттардың алдын алу үшін жүргізіледі.Медициналық қарап-тексерулердің түрлері: міндетті және профилактикалық.
Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзімдік, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) болып бөлінеді.
Мерзімді медициналық тексерістен зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер (химиялық, физикалық факторлар, ауыр физикалық еңбек). Тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану және сауда саласының қызметкерлері. Денсаулық сақтау, білім беру және балалар мекемелерінің қызметкерлері (мектептер, балабақшалар). Сумен жабдықтау нысандарында және қызмет көрсету саласында (сұлулық салондары, қонақ үйлер) жұмыс істейтіндер.
Көлік құралдарын басқаратын адамдар (жүргізушілер, ұшқыштар, машинистер) өтеді.
Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмысқа орналасу немесе оқуға түсу кезінде кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
Мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмыс істейтіндердің денсаулық жағдайына динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақытылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
Ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медициналық қарап-тексерулер жеке тұлғада аурудың бар екенін немесе жоқ екенін анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздығын, түсетін ауысымда (рейсте) жұмысқа кәсіби жарамдылығын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де уыттық мастықты және осындай мастықтың қалдық құбылыстарын айқындау мақсатында жүргізіледі.
Ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медициналық қарап-тексерулер жұмыс ортасы мен еңбек процесінің зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторларының жұмыскерлердің денсаулық жағдайына әсер ету, жіті кәсіптік ауру немесе улану белгілерін, алкогольдік, есірткілік немесе өзге де уыттық мастық белгілерін анықтау мақсатында жұмыс күні (ауысым, рейс) аяқталған соң жүргізіледі.
Медициналық қарап-тексеруге жататын адамдардың нысаналы топтары, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемі "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары; Медициналық қарсы көрсетілімдер; Зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесі туралы талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығы «Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы санитариялық- эпидемиологиялық талаптарда көрсетілген.
Талапты орындамаудың салдары қызметкер үшін: Егер қызметкер дәлелді себепсіз медициналық тексерістен өтуден бас тартса, жұмыс беруші оны жұмыстан шеттетуге (отстранение) міндетті. Тексерістен өтпеген уақытқа жалақы төленбейді. Сондай-ақ, бұл еңбек тәртібін бұзу болып саналады және тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Жұмыс беруші үшін: Медициналық тексерістен өтпеген жұмысшыны еңбекке араластырған ұйымдарға (заңды тұлғаларға) айыппұл салынады.
Медициналық тексерістің жиілігі қызметкердің кәсібіне және зиянды факторлардың әсеріне байланысты: Әдетте, жылына кемінде 1 рет (кейбір мамандықтар үшін 2 жылда 1 рет) өткізіледі.










