Міндетті медициналық қарап-тексерудің маңызы

Медициналық тексерістен өту әрбір адам үшін маңызды әрі құқықтық тұрғыдан да міндетті болып табылады. Мұндай анықтамасыз жұмысқа да, оқуға да қабылдамайды, тіпті қандай да бір елге баруға да тыйым салынуы мүмкін.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 86-бабына сәйкес азаматтар медициналық тексерістен өтуге міндетті. Медициналық қарап-тексеру бұл – ауруларды, соның ішінде кәсіптік аурулардың таралуын, улануларды, жазатайым болған оқиғаларды анықтауға және олардың таралуының алдын алу үшін жүргізіледі. Сонымен қатар жұмыскердің еңбек қауіпсіздігін және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді, – деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Медициналық тексерістер міндетті және профилактикалық болады. Міндетті медициналық қарап-тексерулер негізінен алдын ала, мерзімдік, ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі болып бөлінеді.
Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмысқа тұру, оқуға түсу кезінде кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтайды. Медицина қызметкерлері алдын ала қарап-тексеруді жүргізу кезінде ауру анықталған жағдайда, зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізе отырып, толық қарап-тексеруге жібереді.
Ал, мерзімдік міндетті медициналық тексерістер– жұмыс жасайтын адамдардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды қамтамасыз етіп, аурудың бастапқы белгілерін уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Мерзімдік қарап-тексерулер әрбір 6-12 ай сайын белгіленген нысаналы топтарға байланысты жүргізіледі. Зиянды өндірістік факторлармен жұмыс істейтіндерге мерзімдік қарап-тексеру жүргізу кезінде медициналық қарап-тексерудің толық қамтылуы, сапасы және уақтылы өткізілуі бақыланады.
Негізінен бұл қарап-тексерулер жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
– Ауысым алдындағы міндетті қарап-тексерулер жеке тұлғада аурудың бар екенін немесе жоқ екенін анықтау яки растау, денсаулық жағдайын тексеруді мақсат етеді. Ауысымнан кейінгі тексеру кезінде жұмыскерлердің денсаулығына жұмыс ортасы мен еңбек процесінің зиянды немесе қауіпті өндірістік факторларының әсері анықталады. Профилактикалық медициналық қарап-тексерулер балалар арасында да жүргізіледі. Медициналық қарап-тексеруден өтпеген, денсаулық жағдайлары бойынша еңбекке жарамсыз деп танылған адамдарды немесе еңбекке қарсы көрсетілімдері бар адамдар жұмысқа жіберілмейді, – дейді Самалбек Өмірбаев.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей міндетті медициналық қарап-тексеруден уақытылы өтіп тұру керек екенін естен шығармаған абзал.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА