Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

10 қазан 2026 ж.

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұлттық өнерге құрмет: жаңа мемлекеттік марапаттардың мәні

Ұлттық өнерге құрмет: жаңа мемлекеттік марапаттардың мәні

Қазақ халқының тарихы мен рухани болмысында өнердің орны айрықша. Ән мен күй, жыр мен терме, бейнелеу өнері мен әдебиет – ұлттың өткенін бүгінмен сабақтастырып, келешекке жеткізетін рухани құндылық. Сондықтан мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген жекелеген азаматты мемлекеттік деңгейде ұлықтау – олардың еңбегін бағалаумен қатар, ұлттық мәдениеттің маңызын айқындайтын маңызды қадам.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік наг­радалар жүйе­сіне мәдениет пен өнер саласына қатысты жаңа марапат­тардың енгізілуі – елдің рухани дамуына берілген жо­­ғары бағаның белгісі. Құрылтай депутаттарының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдауы да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болып отыр.
Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың бі­рін­ші шақырылымы бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы жетілдіру, ұлттық өнерді дамытуға үлес қосқан азаматтарды лайықты деңгейде ынталандыру және олардың еңбегін қоғамға кеңінен таныту.

Заң жобасындағы маңызды ұсыныс – отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін «Шәмші Қалдаяқов» медалін енгізу. Марапаттың белгілі композитор, қазақ ән өнерінің аса көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталуының символдық мәні зор.

Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыкасының тарихында өзіндік орны бар тұлға. Оның шығармалары бірнеше буынның рухани дүниесіне әсер етіп, ұлттық ән өнерінің алтын қорына енді. Композитордың ән­дері халықтың қуанышы мен арманын, елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін, адамдық сезім мен азаматтық ойды жеткізе білді. Шәмші әндерінің ерекшелігі – олардың халық жүрегіне жақындығында. Қарапайым әрі әуезді музыкалық тіл, терең мазмұн, ұлттық нақыш пен сезім­талдық оның шығармаларын уақыт өткен сайын құндылығын жоғалтпайтын туындылар қатарына қосты. Сондықтан Шәмші Қалдаяқовтың есімін мемлекеттік марапатқа беру – композитордың шығармашылығын ұлықтауды және жалпы қазақтың ән өнеріне деген құрметті білдіреді.

Жаңа медаль болашақта музыка саласында жемісті еңбек етіп, ұлттық өнердің дамуына үлес қосқан композиторлар, орын­даушылар, музыканттар мен басқа да шығармашылық азаматтардың еңбегін бағалаудың бір тетігіне айналмақ.

Бұл жерде марапаттың материалдық немесе атақтық сипатынан бұрын оның рухани мәніне назар аударған жөн. Себебі мемлекеттік марапат – қоғамның белгілі бір салаға берген бағасын көрсететін маңызды құрал. Музыка өнеріне арналған арнайы марапаттың пайда болуы жас талантқа да үлкен серпін береді.


Өнер адамы үшін ең үлкен қолдау – оның еңбегінің ел тарапынан бағалануы. Ал ұлттық деңгейдегі марапат шығармашылық тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасында ұсынылған тағы бір маңызды жаңалық – бейнелеу өнеріндегі үздік туындыларымен таныл­ған және Қазақстанның көркем мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын беру.

Бейнелеу өнері – халықтың тарихи жадын сақтайтын ерекше мәдени кеңістік. Суретші өзінің туындысы арқылы белгілі бір кезеңді, тарихи оқиғаны, адамның болмысын, табиғат көрінісін немесе қоғамның рухани ахуалын бейнелей алады. Қазақ бейнелеу өнерінің де өзіндік қалыптасу және даму жолы бар. Отандық суретшілер ұлттық тарихты, туған жер табиғатын, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, тарихи тұлғаларды шығармаларына арқау етіп келеді. Суретшінің еңбегі кейде бірден бағалана бермеуі мүмкін. Оның туындысы уақыт өте келе тарихи-мәдени мұраның бір бөлігіне айналады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағын енгізу – бейнелеу өнерінің қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды қадам.

Бұл атақ шығармашылық шеберлігімен танылған, кәсіби деңгейі жоғары және елдің көркем мәдениетіне елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға жол ашады.

Мұндай атақ жас суретшілер үшін де маңызды бағдар болмақ. Өнерде биік нәтижеге жетудің, кәсіби ізденістің, ұлттық құндылықтарды шығармашылық арқылы насихаттаудың нақты үлгісі қалыптасады.

Мемлекеттік награда кез келген елдің қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін бағалап қана қоймай, қоғам үшін қандай құндылықтардың маңызды екенін де көрсетеді. Мәдениет пен өнер саласының өкілдеріне арналған жаңа марапаттардың енгізілуі – осы тұрғыдан алғанда өте маңызды.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтау мәселесі ерекше өзекті. Ақпараттық кеңістіктің шекарасы кеңейіп, әлем халықтарының мәдениеті бір-бірімен бұрынғыдан да тығыз араласуда.

Мұндай жағдайда өз мәдениетін сақтай алған, ұлттық ерекшелігін заман талабына сай дамыта білген елдің ғана рухани тұтастығы нығая түседі. Ұлттық өнердің дамуы – осы міндетті жүзеге асырудың маңызды бағыты.

Қазақ ән өнері мен бейнелеу өнерінің өзіндік ерекшелігін сақтау үшін талантты шығармашылық тұлғаларды қолдау қажет. Ал мемлекеттік марапаттар осындай азаматтардың еңбегін көпшілікке танытып, олардың шығармашылық жолын кейінгі буынға үлгі етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешімі – мәдениет пен өнер саласына көрсетілген мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров та мәлімдеді.


Жаңа қос марапат ұлттық мәдениеттің дамуына, соның ішінде музыка мен бейнелеу өнеріне елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Осы арқылы мемлекет мәдениет саласындағы еңбектің қоғам үшін ма­ңызын тағы бір мәрте айқындап отыр.Тың бастама бір жағынан, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдерінің еңбегін бағалауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қазіргі шығармашылық ортаға жаңа серпін береді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
10 қазан 2026 ж. 56 0