Жаңа Ата Заң – мүмкіндіктер бастауы
Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы – ұлттық құндылық пен мемлекеттілікті нығайтудың негізгі тетігі. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында жаңа Ата Заңның жобасы жарияланды. 11 бөлім мен 95 баптан тұратын мемлекеттік құжатқа толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.Елдің елдігі мен бірлігінің тұтқасы – Ата Заң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түбегейлі өзгеріс қажет екендігін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтып өткен болатын. Қазіргі таңда жаңа жоба халыққа ұсынылып отыр. Мың жылдық тарихы бар ұлы даланың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі мен өнегеге толы тарихи мұрасы келешек ұрпаққа қалтқысыз және еш өзгеріссіз жетуі керек екендігі арнайы қағидамен жаңа Ата Заңға енгізілген.
Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» идеясы аясында «Заң мен Тәртіп» қағидаты басшылыққа алына отырып, адам құқықтары мен бостандығы мүлтіксіз сақталатыны жария етілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мәртебесі, табиғат пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау секілді қағидат алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді.
Мәдениет пен білім, бірлік пен қоғамдық келісім, ғылым мен инновацияны дамытуда өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті нығайту негізгі бағдар ретінде айқындалды. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны жазылған.
Жаңа Конституция – егеменді еліміздің жарқын болашағы мен нық іргетасы. Бұл жолдағы әрбір өзгеріс Тәуелсіз мемлекеттің келешекке деген айқын қадамы болмақ.
Дархан ЕРАЛИЕВ,
аудандық мәслихат депутаты








