Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина саласында қандай ақау бар?

Медицина саласында қандай ақау бар?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС пакеті бойынша жеткізушілер көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Ағымда жылдың 1 тоқсанда халыққа медициналық көмек көрсету кезінде 16,6 мыңдай түрлі кемшілік анықталды, медициналық ұйымдарға салынған айыппұл сомасы 158 млн теңгеден асты.

«ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша Қор жеткізушілері халыққа көрсеткен медициналық қызметтер үшін ақы төлеу осы қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Іс жүзінде көрсетілген және медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін, сондай - ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтай отырып, құжатпен расталған қызметтерге ақы төленеді», - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Қор филиалының директоры түсіндіргендей, анықталған кемшіліктің ең көп саны жан басына шаққандағы нормативке кірмейтін, әрбір қызмет жеке төленетін консультациялық-диагностикалық қызметтерді көрсетумен байланысты. Жалпы құны 17,6 млн теңге болатын 13,9 мыңнан астам осындай ақаулар тіркелді. Сондай-ақ, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде 1197 ақау, тәулік бойы жұмыс істейтін көп бейінді стационарларда медициналық көмек көрсету кезінде 1307 кемшіліктер және ауылдық стациоанрларда 141 ақаулар анықталды.

Шағым немесе өтініш беру үшін 1406 телефонына немесе Qoldau - 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласу қажет.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың
халықты ақпараттандыру және
өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі
21 мамыр 2021 ж. 604 0