Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Әдеп


ЖЕТІНШІ: ОҚУ

Оқу көңілді ашар, қараңғылықтан тияр. Құрметті, зиялы болар. Оқу білген пайғамбарлардың расулы, дүниенің нұрларын ойлап, дүние һәм ақыретте бақытты болар. Дүниеде надан кісі өлген сияқты Алла Тағаланың ғибадат тамаша нәрселерінен еш нәрсе білмей өздерін ашып қарап ғұмыр өткізер ешбір пайдасыз.
Сол үшін оқымай қалудан сақтанып, әртүрлі ғылым оқу, білуге тырысыңыз. Әр уақыт оқуды жақсы көріп, үйреткен нәрселерді шын көңілмен тыңдаңыздар. Еш уақыт оқуға тәкаппарлық қылмаңыз. Оқу қандай жақсы болса да, көңілде бұзық ниет болса, сол қадір кімде, сол үшін бізден «Алла Тағала разы болсын һәм жақсы істеріңе себеп болсын игі» деп ниет етіңіз. Оқуы басым жұртқа қадірлі болар едім, көрпеге отырып жақсы тамақ жер едім не болса да бір дәрежеге мінер едім деп ойламай, бірақ дінге, халыққа пайдалы адам болар едім, деңіздер. Өзгеде болмаған оқуды білем деп өзгемен таласпа, өз-өзіңді үлкен молда болдым деп тәкаппарланба. Толмаған торсықша салдырама. Бір сабақ бидай басында дәні қалың, көп болса, желге қозғалмай төмен салбырап тұрады. Дәні кішкене болса, бидай тіпті аз болса, шошаңдап селкілдеп кетеді.

СЕГІЗІНШІ: КІТАП ОҚУ

Кітап оқу – бек пайдалы, қызық нәрсе. Жолдас сөз оқуында жолдас болады. Көңілің жабырқау, қайғыланған уақытта көңіліңді ашады, шаттандырады. Бұрынғы заманда нелер болған, мыналар қандай ақылды кісілер, бұрынғы кездегі көрсетуші көп пайдалы нәрселерін, сол үшін кітаптар алуға сараңдық қылмай кітап алып тұрыңыздар. Кейбір адам кітап көп деп халық арасында атақ шығару үшін кітап жияр. Өздері де пайда алмайды, басқалар да пайда алмайды. Тіпті ішінде не бар екенін де білмейді. Бұлар жүк тасушы сияқты жүкті артып алып кетеді де, ішінде не нәрсе бар-жоғын да білмейді, сол сияқты болады. Сондықтан өздеріңіз үшін пайдалы болатын кітаптарыңызды алыңыздар.

ТОҒЫЗЫНШЫ: МОЛДА ҚАЛПЕЛЕРІҢ

Сіздің әдептілігіңізді ойлап түзу жол көрсетуші молдаларыңыз да үлкен ақылары бар. Сол үшін оларға сөйлеген уақытта олармен бек әдеппен сөйлесіңіз. Аталарыңыз тәрбиелеп өсірген уақытта «Бұлар жан дүниелерінің тәрбиелеп өсірушісі» деді, сол себепті бұлар да аталарыңыз дүр. Бұларды да шын көңілдеріңізбен сүйіңіздер. Молдаларыңыздың алдында кішілік қылып тұрыңыз. Шариғатқа тура істері болса бойұсынып қабыл етіңіз. Еш уақытта қарсы келмеңіз. Намаз соңында әр уақытта қайыр дұға қылыңыз.

ОНЫНШЫ: ШӘКІРТТЕР

Әрбір шәкірт өз мектебіндегі шәкірттермен жақсы тату болыңыз, туысқандарыңыз сияқты жұмсақ сөйлесіңіз. Жолыққан уақытта шат жүзді болыңыз. Уақыттарыңыз болса, ортақ болыңыз. Аталарыңыздың байлығына мақтанбаңыз. Өзара жаман көңіл қарайтатын сөз сөйлемеңіздер. Сөз таластырмаңыздар, көңілдеріңізді қалдыратын сөз айтпаңыздар. Бекерден-бекер төбелесуден сақтаныңыздар. Достықтарыңызды естеріңізден шығармай, қайыр дұғада болыңыздар.


ОН БІРІНШІ: ДОСТЫҚ

Сол үшін жас уақытыңда жақсы адамнан өзіңе лайық дос сайлап ал. Әгәрәки екі жақсы шын көңілмен дос болса, айырылмас уақытында. Бір пайда үшін болса ұзақ уақыт дос болмас, бір-бірін алдамақ болар. Соның үшін шын ниетпен жақсы көріп, дос болуға тырысыңыз.

Дос болғанда ақылы анық, дені бүтін, нәсілі жақсы, ойы тура, әдепті кісі тауып сайлап алыңыз. Бұндай кісі – ауруыңызға да дәрі. Бұндай адам алысқа кетсеңіз – сақтаушы, жақын тұрсаңыз – дұғашы болар. Бай болдым деп менсінбей кетпес, кедей болдым, басыма тар заман түсті деп жырламас. Егер де шын дос екенін білсеңіз, айырылмай шын көңілмен сүйіп, ақыреттік дос болыңыз.

Бірақ жаман адамдардан сақтаныңыз, олардың жолымен жүрмеңіз. Олардың істері бұзық болар дүр. Адам баласы ішіп-жемей тұра алмайтыны сияқты, бұлар да бұзықтық қылмай тұра алмайды. Енді жақсы кісінің жолы да басқа. Соның үшін жақсы кісінің жолына түсіңіз. Сонда да жаман адамға тиме, қатты сөз айтпа, зияны тиер. Аналармен дұшпан болма, жұмсақтық қылып, ашық жүзді бол. Зияннан құтыларсыз.

ОН ЕКІНШІ: БЕТ ӘДЕПТЕРІ

Бет көңілдің жұмсақ, қатты екенін көрсететін айна дүр. Соның үшін бет турасында сақ болыңыз. Сөйлеген уақытта шет далаға қарап сөйлемеңіз. Көзіңіздің шетімен қараңыз. Суық түсті болмай, әркімді де жақсы көріп, жылы жүзді болып сөйлесуің үшін ашық жүзді болыңыз.

ОН ҮШІНШІ: КӨЗ ӘДЕПТЕРІ

Аз нәрсеге түймедей көзбен қараңыз, аш көзді болмаңыз. Бір кісіге Алла Тағала берген дәулетін көрер болсаңыз күндемеңіз, барға шаттанып, артық тілеңіз. Өзіңізге һәм сондай дәулет болуын да тілеңіз. Пақыр, ауру адамды мазақ қылып, көз қысып, қарап күлмеңіз. Күнәлі, ғайбат істерге тамаша қылып қарап тұрмаңыз. Үйдің шымылдығы, терезе, басқа сондай жерлерден біреудің қатындарына рұқсатсыз қарамаңыз. Кітап жазғанда шам, лампаларды мол жағыңыз, екінті, ақшам уақыттарында қарамаңыз. Көздеріңізді шамаң келгенінше күн ертемен сабындап, әр уақыт таза тұтыңыз. Алыс яки жіңішке, яки күннің көзі, ай, лампа сияқты артық нұрлы нәрселерге қарап тұрмаңыз. Ақ, қызыл түстерге көп қарап тұрмаңыз.

ОН ТӨРТІНШІ: ӨЗ ӘДЕПТЕРІ

Жиылыстарда және де той, қуанышты жерлерде болғаныңызда артық күліп, артық сөйлеуден сақтаныңыз. Қайғылы, ашулы кісілерге қарап күлмеңіз. Шамаң келгенінше адамдардың жанында кекірмеңіз. Аузыңызды ашып тұрып тісіңізді шұқымаңыз. Жөтелген уақытыңызда қырын қарап отырып жөтеліңіз. Сөйлеген уақытыңызда түкірігіңіз шашырап сөйлемеңіз. Біреу сөйлеп тұрғанда сіз сөйлемеңіз. Кісінің үстінен түкірмеңіз. Сарымсақ, жуа яки басқа ауызды иістендіретін нәрсе жеуден сақтаныңыз. Әр күн таһарат (дәрет.-ред) алған уақытта тамақ жегеннен соң ауызыңызды жақсы шайқап жуыңыз, тіс арасында нәрсе қалдырмаңыз. Мәсуікпен жуыңыз.

ОН БЕСІНШІ: МҰРЫН ӘДЕПТЕРІ

Қолыңызбен мұрныңызды ұстап тұрмаңыз, бармақтарыңызбен шұқымаңыз. Жалаңаш қолмен сіңбіргенде қолыңызды басқа нәрсеге сүртпеңіз, қолыңызда кішкене орамалыңыз болсын. Таһарат алғанда мұрныңызды тазалап жуыңыз. Басқа уақытта да таза жүріңіз.

ОН АЛТЫНШЫ: ҚҰЛАҚ ӘДЕПТЕРІ

Алла Тағала құлақты пайдалы нәрселер есту үшін жаратқан. Сол үшін құлақтарыңмен Құран Шариф, мүбарак хадистер, ғибратты сөздер естіп, ата-аналарыңыздың өсиет сөздерін тыңдаңыздар. Бірақ жаман сөз естімеңіз, ақылдарыңызды бұзады. Әдепсіз сөз естуден сақтаныңыз. Құлағыңызды әр уақытта тазалап жүріңіз. Беті-қолыңызды жуғанда құлағыңыздың іші-сыртын бірге жуыңыз.

ОН ЖЕТІНШІ: ҚОЛ ӘДЕПТЕРІ

Амандасқан уақытта оң қолыңызды беріңіз. Өзіңіздікі болмаған нәрсеге қол созбаңыз. Адамдарды ренжітпеңіз, қолы мен тілінен ешкімге зарар келтірмеген кісі – анық мұсылман сол. Бармақтарыңызды сытырлатып, тырнақтарыңызды шұқып, тістеп отырудан аулақ болыңыз.
Қол жуған уақытта ұқыптап, ысқылап жуып, орамалмен сүртіңіз. Тырнақтарыңызды өсіріп, кірлетуден сақ болыңыз.

ОН СЕГІЗІНШІ: БАС ӘДЕПТЕРІ

Жай күндерде шашыңызды алдырып жүріңіз. Әр уақытта сабындап жуып жүріңіз. Кір бас – ауруға себеп.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ: СУҒА ТҮСУ ӘДЕПТЕРІ

Суға түскенде денеңізді тегіс сүртіңіз. Үйге жамылып бүркеніп жетіңіз.
Суық суға түскенде тез түсіп шығыңыз, суықтан сақтаныңыз. Асығып су жетпей қалмасын, әбден жуынып, тазарыңыз.

ЖИЫРМАСЫНШЫ: ЖҮРУ ӘДЕПТЕРІ

Төте екен деп қиын, жаман жолмен жүрмеңіз, бұрыс та болса жақсы жолмен жүріңіз. Жолда ауыр жүгі бар кісіге болысып, жол беріңіз. Алдыңызға түзу қарап жүріңіз.

ЖИЫРМА БІРІНШІ: ЖОЛАУШЫ ЖҮРУ

Жолаушы жүргенде жолдастарыңызбен тату болыңыз. Біріңізді басшы қылыңыз, бір-біріңізді мазақтап күлмеңіз, еш пайдасы жоқ сөзді сөйлемеңіз. Белгілі жерге түсіп, қонып жүріңіз. Аттарыңызға сақ болыңыз. Қонған үйдің мазасын кетірердей іс қылмаңыз. Мөлшерден артық жүрмеңіз.

ЖИЫРМА ЕКІНШІ: ҰЙҚЫ ӘДЕПТЕРІ

Ұйықтаған уақытыңызда етпетіңізден яки шалқаңыздан жатпай, бір жақ қырыңызбен жатыңыз. Әуелгі екі түрлі жату қорқынышты түс көрсетеді. Бек көп ұйықтаудан сақтаныңыз, ауру пайда қылады. Сегіз сағаттан кем ұйықтамаңыз. Ұйықтаған уақытта жамылып жатыңыз, көшпелі уақытта далаға жатудан сақтаныңыз, сулы, саз балшық жерге жатпаңыз. Терезені жауып жатыңыз, тар киімдеріңізді шешіп, түймелерін ағытып жатыңыз.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ: ӘҢГІМЕ ӘДЕПТЕРІ

Бір жерде мәжіліс болғанда кісі арасында өзіңізге лайықты орынға отырыңыз, құрметті, үлкен кісілердің орнына отырмаңыз. Өздері шақырып отырғызса, отырыңыз. Сөйлеуші кісіні жақсы тыңдаңыз, дауыстап күлмеңіз. Мәжіліске лайық емес сөз сөйлемеңіз.
Халық ішінде ең жаман адам – өзін-өзі үлкен есептеген адам. Сол үшін өзіңді өзгелерден зор екенмін деп есептемеңіз. Әр уақытта өз дәрежеңізді біліңіз.

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ: ЖЕУ ӘДЕПТЕРІ

Ас жер уақытта ең әуелі қолыңызды жуыңыз, қолыңызды сүртіңіз, өзіңізден үлкен кісілерден бұрын дастарқанға отырмаңыз. Дастарқанды алдыңызға жақын, орамалды тізеңізге қойыңыз, жаныңыздағы кісілердің мазасын алмаңыз. Асты тойып ішпе. Әуелі бісміллә айтып, оң қолыңмен ал, ас ішіп болған соң Алла Тағалаға шүкірлік қыл. Тамақ ішкен кезде асап, тез-тез алма, асықпай же. Киімдеріңізді былғамай, орамалыңызды майламай, жақсы әдеппен жеуді әдетке айналдырыңыз. Ас үстінде ақырын сөйлесіп отырсаңыз, зияны жоқ. Ас ішіп болысымен жата қалмаңыз. Астан соң қол, ауызыңызды сабындап, жақсылап жуыңыз, тістің арасында ешнәрсе қалмасын. Үлкендерден бұрын тамаққа қол салмаңыз. Кісі алдындағы асты өз алдыңызға тартып алмаңыз. Жануар сияқты көп жеуден, көп ұйықтаудан сақтаныңыз. Ерте жатып, ерте түруды әдетке айналдырыңыз.

ЖИЫРМА БЕСІНШІ: ІШУ

Ішкіңіз келгенде мұзды, қарлы суды ішуден сақтаныңыз. Саф таза су ішіңіз. Сүт ішуді әдет қылыңыз. Шай ішіңіз, қымыз ішкенде пайдалы ашымалдан ішіңіз, бірақ көп ішіп қойып, зиян келтіріп алмаңыз. Насыбай атудан сақтан. Оның үшін насыбай, апиын – малың ысырап болуына себеп болып, ақырында өзіңізді ауру қылар нәрселер.

ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ: ҚОНАҚ ШАҚЫРУ

Қонақ шақыруды ойласаңыз, біраз уақыт бұрын хабар етіңіз. Қонақтарыңызды ашық көңілмен, құрмет қылып, алдынан шығып күтіп алыңыз. Әрқайсысын өзіне лайық жеріне отырғызыңыз. Ас қойған кезде тәртіппен қойыңыз. Тамақтарыңыз қандай тәтті болса да мақтанбаңыз. Қонақтарыңызды қыстап ішкізбеңіз, бірер мәрте әдеппен айтыңыз. Қонақ қылушы кісімен сөйлесіп отырыңыз, кетер кезінде шығарып салып, амандасып, рақмет айтып қалыңыз. Қонаққа шақырғанда уақытында барыңыз, үй иесімен шат-шадыман сөйлесіп отырыңыз. Ас ішіп болған соң қолыңызды жуып, Тәңір жарылқасын айтып, амандасып қайтыңыз. Қонаққа шақырған жерге бара алмасаңыз, ренжи көрме деп хабарласыңыз. Қонаққа барған уақытта әр сағатын пайдалы өткізуге, өзіңіз де пайдалы кісі болуға тырысыңыз.

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ: АУРУДЫҢ КӨҢІЛІН СҰРАУ

Туғандарыңыздың, достарыңыздың яки басқа кісілердің ауру екенін естісеңіз, көңілін сұрауға барыңыз, ауру кісінің жанында көп отырмаңыз, көңіліне қайғы түсіретін сөз сөйлемеңіз. Ауруын айтып жыласа, қоса жыламай, көңілін көтеретін сөз айтып, сабырлық тілеп, тез жазылып кетуіне дұға қылыңыз.

ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ: КӨҢІЛ АЙТУ

Қайғы келген кісінің көңіл айтып, неде болса көңілін ашарға тырысыңыз, бұндай қайғыға сабыр етуге қызықтырыңыз, ИншаАлла каримасын оқыңыз, жақындарыңыздың бірі өлсе, қайғысына ортақтасыңыз, жаназасына барып, жамағатпен бірге болыңыз. Қайғы уақыттарында бір-біріңізге сүйеніш болыңыздар.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ: КИІМ ӘДЕПТЕРІ

Киім кимек турасында айтарым, бек таза киініңіз. Халық көзіне әдемі жақсы көріну болса да мұқтаждан артық ысыраптық қылмаңыз. Киімдеріңіз таза болсын, тер иісі шығып, халық жиіркенетін болмасын. Көйлек ыстандарыңыз болса, шамаң келгенше кезек киіп жүріңіз. Киімдеріңіз таза болып, кір, батпақ, май болмай жүрсеңіз, әдепті, тәрбиелі, жақсы бала екеніңізді білдіреді. Киім алған уақытта өзі тым қымбат болып, тез тозатын болмасын. Заманына лайық емес киім кимеңіз. Киімдеріңізбен мақтанбаңыз.

ОТЫЗЫНШЫ: СӨЙЛЕСУ ӘДЕПТЕРІ

Сөйлескен уақытта артық дауыстап та, тым ақырын да сөйлемеңіз. Тістеніп те сөйлемеңіз, анық қысқа қылып сөйлеп үйреніңіз. Тіліңізбен ерніңізді жаламаңыз. Тісіңізбен тырнақтарыңызды тістеп отырмаңыз. Бұндай істер зор әдепсіздік болады. Тіл адам баласының көңілді, ашу, сырқат, жұмсақтық, қаттылық әдеп сияқты әрбір керекті нәрселерді көрсетеді. Соның үшін тіліңізді растықтан басқа нәрселер, жаман сөз, өтірік сөз сөйлемеңіз, ғайбат айтпаңыз, білмеген нәрселерді сөйлеуге кіріспеңіз. Бір кісі сөйлеп отырғанда өзің біліп отырсаң да сөзін бөлмеңіз. Бір кісі жаңылыс сөйлесе, сен білмейсің деп сөкпеңіз. Жаңылыс сөйлеген уақытыңызда қате айттым деуден ұялмаңыз. Бір кісі тірісінде болған сөзін көшіріп сөйлемеңіз, үлкен кісілерге сөз айтар кезде сіз-біз деп әдепті сөйлеңіз. Анық білмеген сөздеріңізді басқалармен таласпаңыз. Әр уақыт пайдалы сөз сөйлеңіз. Ешбіреуге лағынет айтпаңыз. Кәпір, жауыз дұға қылмаңыз. Жақсы адамдар кешірімді болады. Үш кісі отырып екеуімен сыбырласпаңыз. Жаман іске басшы болмаңыз.

ОТЫЗ БІРІНШІ: ДІН ӘДЕПТЕРІ

Бар нәрсені жаратқан, бізді көркем жақсы қылып бар қылған Алла Тағала Жаппар иемізге құлдық қылыңыз. Ата-ана, ұстаздарыңыздың істерін орнына келтіруге тырысыңыз. Құлдық қыл деген – күні бойы мешітте отыру деген сөз емес, Алла Тағаланың бұйырғанын орнына келтіріп, халыққа пайдалы істер қылып, діни істерге жәрдемші болыңыз. Алла Тағала разы болмайтын істерді халыққа айтпаңыз. Мешіт, ғибадат үйлеріне кіргенде мақсаттарыңызды тілеп, дұға қылыңыз. Алладан шын көңілмен сұраңыз, Алла Тағаланың бұйырған парыздарын қоймаңыз, тыйған нәрселерін қылмаңыз. Құран Шариф оқыған кезде мағынасын түсінбесеңіз де ықылас үшін көңілмен тыңдаңыз, жан-жағыңызға қарамай, ойнамай, күлмей, әдеппен отырыңыз. Кәрілік келмей тұрған жас уақытыңызда, ауру болмай аман тұрғаныңызда, кедей болмай бай уақытыңызда, қолыңыз бос осы шақта, ғұмырыңызды өзге жолға сарып етпеңіз. Алла Тағала әрқайсысымызға тауфихты, қайырлы ұзын ғұмыр, пайдалы оқу бергей. Әумин!

Кирилл қарпіне аударған
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ
19 қыркүйек 2026 ж. 62 0