Ішкі саясаттың үш тірегі: Құндылық, этика және болашақ
Қоғамның тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе әлеуметтік жобалардың ауқымымен өлшенбейді. Мемлекеттің ұзақмерзімді әлеуеті оның азаматтарының ортақ құндылықтарға қаншалықты берік екеніне, қоғамдық жауапкершіліктің орнығуына және болашаққа деген сенімнің қалыптасуына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ішкі саясатындағы негізгі басымдықты конституциялық құндылықты нығайту, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа ұмтылысты күшейту бағытымен сабақтастырудың маңызы зор.Бұл мәселеге қатысты ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин ішкі саясаттың үш негізгі басымдығына тоқталып, олардың әрқайсысы қоғам дамуының маңызды қырларын қамтитынын атап өтті. Оның пайымынша, құндылық, этика және болашақ мәселелері бір-бірінен бөлек қарастырылмай, тұтас қоғамдық дамудың өзара байланысты үш бағыты ретінде жүзеге асуы қажет.
Кез келген мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің беріктігі оның Конституциясында бекітілген қағидаттың қоғам өмірінде қаншалықты орныққанына байланысты. Сондықтан конституциялық құндылықты тек құқықтық нормалар жиынтығы ретінде емес, азаматтардың күнделікті өміріндегі мінез-құлық пен қоғамдық қатынастардың негізі ретінде түсіну маңызды.
Ерлан Қарин атап өткендей, конституциялық құндылықтардың қатарында заң және тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, еңбекқорлық пен прогресс, қоршаған ортаға қамқорлық және жауапты әрі жасампаз патриотизм бар.
Бұл құндылықтардың әрқайсысы қазіргі қоғам үшін нақты мазмұнға ие.
– Бұл – Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет және білім, ғылым және инновациялар, еңбекқорлық және прогресс құндылықтары, қоршаған ортаға қамқорлық, жауапты әрі жасампаз патриотизм. Салалық органдар Президенттің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығын және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын тыңғылықты түрде іске асыруға баса назар аударуға тиіс. Ата Заңның негізгі ережелерін түсіндіріп, конституциялық құндылықтарды дәріптеуге қатысты жүйелі сараптамалық-әдістемелік, ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізу қажет, — дейді Вице-Президент.
Мәселен, заң және тәртіп қағидаты азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуды көздейді. Ал жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім Қазақстан секілді көпэтносты мемлекет үшін тұрақтылықтың маңызды факторы болып қала береді. Сондықтан Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру жұмысы тек ресми іс-шаралар шеңберінде қалмай, азаматтардың құқықтық сауатын арттыратын тұрақты ағартушылық бағытпен ұштасуы қажет. Бұл ретте, сараптамалық, ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстардың жүйелілігі ерекше мәнге ие.
Ішкі саясаттағы екінші маңызды бағыт – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Қоғамдық этика дегеніміз – адамның мемлекетке немесе қоғамға қоятын талабымен ғана шектелмейтін, өзінің жауапкершілігін сезіну мәдениеті. Яғни азаматтың заңды сақтауынан бастап қоғамдық кеңістікті таза ұстауына, өзгенің құқығын құрметтеуінен бастап ортақ іске жауапкершілікпен қарауына дейінгі мінез-құлық нормалары осы ұғыммен сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда, «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» секілді бастамалардың мазмұны өзара байланысты екені байқалады. Олардың түпкі мәні – қоғамда жауапкершілік пен адалдықты күнделікті өмір салтына айналдыру.
Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа тәсілдермен кең көлемде іске асыру қажеттігін айтып, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандартын қалыптастыру және өңірлердің тазалық рейтингін енгізу мәселелеріне назар аударды.
Мұның маңызы – тазалық мәселесін бір реттік науқан деңгейінен шығарып, тұрақты қоғамдық мәдениетке айналдыруында. Өйткені қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау тек коммуналдық қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес. Ол азаматтық мәдениеттің көрсеткішіне айналуы тиіс.
Жаңа қоғамдық этиканың тағы бір маңызды қыры – тарихи және мәдени құндылықтарға жауапкершілікпен қарау. Қоғамның өткенін құрметтеу, тарихи фактілерді бұрмаламау, мәдени мұраны сақтау – ұлттың өзіндік санасын нығайтатын фактор.
Демек, қоғамдық этиканы қалыптастыру дегеніміз – адамдардың жүріс-тұрысына сыртқы бақылау орнату емес, керісінше, ішкі жауапкершілікті күшейту. Заңды сақтау қорқыныштан емес, құқықтық мәдениеттен туындағанда ғана қоғамдағы тәртіп тұрақты сипат алады.
Үшінші басымдық – болашаққа ұмтылыс. Бұл бағыттың өзегінде ғылым мен білім, инновациялар мен технологиялар, мәдениет пен ағартушылық арқылы адам капиталын дамыту идеясы тұр.
Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарымен қатар, адами әлеуетімен де айқындалады. Технологиялық өзгерістер, жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа кәсіптердің пайда болуы білім мен дағдыға қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертіп отыр.
Сондықтан жастардың сапалы білім алуы, ғылымға қызығушылығының артуы, шығармашылық және технологиялық қабілеттерінің дамуы – елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін факторға жатқызылады.
Ерлан Қарин бұл бағытта «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт», «Digital Qazaqstan» секілді стратегиялық бастамаға тоқталып, олардың ортақ мақсаты болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру екенін атап өтті.
Бұл жерде маңызды мәселе – болашақ туралы сөзді тек технологиялық даму ұғымымен шектемеу. Болашаққа ұмтылыс білімді, мәдениетті, сыни ойлайтын, жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастырумен тікелей байланысты. Яғни цифрлық сауат пен технологиялық қабілет адамгершілік құндылықтармен, ұлттық мәдениетпен және азаматтық жауапкершілікпен қатар дамуы қажет.
Ерлан Қарин атаған үш басымдықтың ерекшелігі – олардың бір-бірін толықтыратындығында.
Конституциялық құндылық қоғамның іргетасын қалыптастырады.
Жаңа қоғамдық этика сол құндылықтарды күнделікті өмірдегі әрекет пен мінез-құлыққа айналдырады.
Ал болашаққа ұмтылыс осы негізде дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Оларды бір-бірінен бөліп қарау нәтиженің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мысалы, технологиялық тұрғыдан дамыған, бірақ қоғамдық жауапкершілігі төмен орта тұрақты даму моделін қалыптастыра алмайды. Сол сияқты құқықтық мәдениеті жоғары болғанымен, ғылым мен білімге жеткілікті мән бермейтін қоғам жаңа жаһандық сын-қатерлерге бейімделуде қиындықтарға тап болуы ықтимал. Сондықтан қазіргі ішкі саясаттың маңызды міндетінің бірі – осы үш бағытты азаматтың күнделікті өмірімен байланыстыру. Бұл ретте, мемлекеттік саясаттың тиімділігі оның қанша іс-шара өткізгенімен ғана емес, қоғам мүшелерінің мінез-құлқында қандай өзгеріс болғанымен де бағалануы маңызды.
Бүгінде Қазақстандағы қоғамдық өзгерістердің маңызды өлшемдерінің бірі – азаматтың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеру. Азаматтық сана қалыптасқан жерде заңға құрмет, еңбекке адалдық, білімге ұмтылыс, қоғамдық ортаға жанашырлық және ел болашағына жауапкершілік қатар жүреді. Мұндай құндылық тек мемлекеттік құжаттарда немесе бағдарламаларда жазылып қана қоймай, отбасы тәрбиесінде, білім беру жүйесінде, еңбек ұжымдарында, ақпараттық кеңістікте және қоғамдық ортада күнделікті насихатталуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, ішкі саясаттың міндеті қоғамға дайын ұран ұсынумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – азаматтардың осы құндылықтарды түсінуіне, қабылдауына және өмір тәжірибесінде қолдануына жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет, азаматтық қоғам, білім беру ұйымдары, мәдениет саласы, бұқаралық ақпарат құралдары және әр азамат өзара үйлесімді әрекет етуі қажет.
Қорытындылай айтқанда, Ерлан Қарин атап көрсеткен үш басымдық – Конституциялық құндылықтарды нығайту, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа ұмтылысты күшейту – қоғам дамуының өзара сабақтас бағыттарын айқындайды. Олардың түпкі мәні – заңға құрметпен қарайтын, қоғамдық жауапкершілікті сезінетін, білім мен еңбекке ұмтылатын және елдің болашағына сеніммен қарайтын азамат қалыптастыру. Ал мұндай азаматтық ұстаным орныққан кезде ішкі саясаттың мазмұны да нақты қоғамдық нәтижелермен толыға түседі. Сондықтан бүгінгі міндет – құндылықтарды жариялап қана қоймай, оларды қоғамдық өмірдің нақты нормасына айналдыру. Әрине, мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігінде ортақ мүдде ұштасып жатуы тиіс.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден











