Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мысал жанры қайда кетті?

Мысал жанры қайда кетті?

Ақиқатты ертеректе тұспалдап өнер арқылы жеткізіп отырған. Әдебиет әлімдері мұны «Эзоптың тілі» деп айдарлаған. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, астарлап айту. Көне Грекияда өмір кешкен әлгі Эзоп адамдардың мінез кеселдерін хайуанаттардың харекеттері арқылы әжуалаған. Неге тіке айтпаған? Айта алмайды. Ол – құл, оның үстіне тілі – мүкіс. Сол себепті айтатын сөзін алыстан орағытып, мысалмен жеткізеді.

Астармен айтылған ой уақытпен бірге жүріп, әр дәуірде қайта пайымдалады. Эзоп мысалдарының өміршең болатыны сол. Ондағы аң мен құс сол замандағы адамдардың ғана емес, сіз бен біздің қазіргі бет-бейнемізді де дәл танытады.
Мысалдың анықтамасын әйгілі теоретик, әде­биет­танушы Темірбек Қожакеев төмендегіше сипаттайды: «Мысал өмірдегі жағымсыз құбылыстарды көбінесе адамның емес, басқа бір айуанаттың, құстың немесе бір заттың басында болған оқиға етіп суреттейді. Өзін айтар идея, ой-пікірін жасырып, жұмбақтап айтады. Әңгіме бір жәндік, бір зат туралы болғанмен, оның ар жағында адам бейнесі, адам ісі, адам характері тұрады».
Түсінікті болу үшін бір мысалды еске түсірейік. Баяғыда бір түлкі биікте өсіп тұрған жүзімге олай да былай секіріп үзе алмапты. Ақыры мына жүзімдер әлі піспеген деп қоя беріпті. Бұл Эзоптан жеткен мысал. Қазақта да осыған ұқсас мысал бар. Ілулі тұрған етке жете алмаған мысық «мына еттің сасығын-ай» депті.

Бізге белгілісі–Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұр­сынұлының Крыловтан аударған мысалдары. Спандияр Көбеевтің де аталған жанрға сәйкес бірқатар шығармасы бар. Бұл өзі сатираның ішіндегі ең көне жанр. Ерекшелігі – белгілі бір өмір шындығын әжуалай келіп, соңында қысқа түйін беріледі. Оны «мораль» дейді. Сөз басында Эзопты тегіннен-тегін айтқан жоқпыз. Ол біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларда мысалдар шығарған. Римде бұл жанрды біздің заманымыздың I ғасырында Федр жалғастырды. Үнді жерінде мысалдар жинағы саналатын «Панчатантра» III ғасырға жатады. Ал жаңа дәуірдегі ең көрнекті мысалшы француз ақыны Жан Лафонтен еді (XVII ғасыр). Ресейде мысал жанры XVIII ғасырдың орта тұсынан XIX ғасырдың басына дейін қарқынды дамыды. И.А.Крыловтың мысалдары осы жанрдың Ресейдегі шарықтау шегін көрсетті.
Мысалдың шығу тегі жөнінде екі түрлі тұжырым бар. Біріншісін Отто Крузиус, А.Хаусрат бастаған неміс мектебі ұсынды. Бұл көзқарас бо­йынша, мысалда әуелі оқиға тұрады, ал түйін кейін қосылады. Яғни мысал жануарлар туралы ертегіден, ал ондай ертегілер мифтен тараған. Екінші тұжырымды америкалық ғалым Б.Э.Перри ұсынды. Оның пікірінше, мысалда ең әуелі түйін бас­ты орында, ал мысалдың өзі салыс­тыру, мақал-мәтелге жақын, ойды дәлелдеуге қызмет ететін қосалқы құрал ретінде туған. Алғашқы бағыт Якоб Гриммнің романтикалық тео­риясымен сабақтасса, екіншісі Лессингтің рационалистік көзқарасын жаңғыртады. XIX ғасыр филологтерін грек мысалы бұрын пайда болды ма, әлде үнді мысалы ма деген талас көп толғандырды. Қазіргі таңда грек пен үнді мысалдарының ортақ бастауы шумер-вавилон дәстүрінен тараған деген пікір орнықты.
Хош, Абай заманынан бері неше жыл өтті. Бірақ мысал жанрында қалам тербеп жүрген қаламгерлер не баспа бетінен, не әлеуметтік желіден көрінбейді. Кезінде Көпен Әмірбек «Мың бір мысал» атауы­мен мысалдар жазған еді. Біреуін еске түсірейік:
«КУ–КА–РЕ–КУ»
Тіпә, тіпә! Тіл-аузың тасқа!
Бұлбұлдан басқа
Бір композитор шықты.
Аты – Әтеш екен.
«Ку – Ка – Ре – Ку» деген әні
Өнердің әкесі екен!
Қол тигізбей қолпаштадық
Әтешті,
Жалғыз әнмен аты өшті».
Содан бері қазақ қаламгерлері бұл жанрға салғырт қарай бастағандай. Көрші Ресейдің әдеби порталдарын ақтарып көрдік. Жаманды-жақсылы материалдар бар. Қоғамдағы саяси, әлеуметтік мәселелерді жанр шартына сәйкес түйреп, шаншып алған мысалдар жүр. Бізде неге жоқ? Қа­зіргі қалам ұстаған жандардан осыны сұрап едік, «расында мысал деген бар еді ғой. Қазір неге жоқ?» деп өз сұрағымызды өзімізге қойды. Сөйтіп, аға буын қаламгерлерді іздестірдік. Мысал – сатираның бір жанры емес пе? Сөйтіп, бір білсе осы кісі біледі деп сатирик Берік Садырға хабарластық.
«Мысал түгіл сатираның жағдайы нашар», деді ол бізге. «Халық күл­мейді. Жақсы жазылған сатиралық шы­ғармаларды іздеп оқымайды. Өйт­кені жазылып та жатқан жоқ. «Қазақ әдебиеті» газеті Оспанхан ағаның әңгіме­лерін қайта жариялап жатыр. Мысалға келсек, бұл қашаннан жолы ауыр жанр. Журналист кезімде сатиралық айдар жүргіздім. Сол кезде де «мысал жазып берші» деп авторлардан сұранатынмын. Ілуде біреу болмаса, мысал көп жазылмады» деп кейіді Берік Садыр.
Қаламгерлер мысал жазбай жатса, мұның себебін зерттеушілер білу керек дедік. Сөйтіп, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтын мазалап көргі­міз келді. Жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақышпен байланыстық. Ағамыз нақты сатираны институтта зерттеп жүрген ешкім жоқ екенін айтты.
«Ғалымдар мемлекеттік жоба аясында жұмыс істейді. Ол жобалар мемлекет мүддесі мен халық сұранысына қарай ұсынылады. Бірақ ол жобалардың ішіне сатира енген жоқ. Сәйкесінше, мысал жанры да зерттеліп жатқан жоқ».
Міне, қаламгер қауымының және зерттеушілердің пікірі осыған саяды. Біздің пайымдауымызша, мысалдың жазылмай һәм оқылмай жүруінің себебі – оның жанрлық ерекшелігінде. Мысал негізгі ойына көбірек жануарларды арқау етеді дедік. Ауылдан қалаға көшіп, әбден урбандалған қоғам жануар­лар дүниесін жатырқап қалса керек. Тіпті қой-ешкінің өзін экзотика есебінде қабылдайтын буын өсіп келеді. Оларға ағаш деп айтсаңыз қарағай, қайың, шырша емес, парта елестеуі мүмкін. Бірақ жоғарыда айтқандай, өнер кейде «кедергілер» арқылы жаңа форма табады. Қолымыздағы телефонды, құ­лаққапты мысалға арқау етіп адам жа­нының қатпарына үңілуге әбден болады. Әйтпесе Эзоп дәуіріндегі қайшылық бү­гінгі қоғамда да жетіп артылады. Тек оған жаңа көзқараспен қарау керек шығар...

Абзал МАҚАШ,

30 тамыз 2026 ж. 60 0