Шаруашылық тынысы – архив қорында
Архив – тарихи деректі құжаттар сақталатын алтын қазына. Көпшілік архив десе шаң басып жатқан қағаздарды елестетер еді. Ал, шындығына жүгінсек, мұнда тарихымыздың тереңінен сыр шертетін құнды құжаттар сақталуда. Бұл құжаттар мемлекет үшін қайталанбас мәні бар түпнұсқалар. Аудан тарихының өткендегісін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеп саралау бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда туған жерімізге қатысты құнды құжаттарды сақтап отырған аудандық архив филиалының алатын орны ерекше.Архив құжаттарын тиімді пайдалану арқылы тарихымыздың ашылмаған, толтырылмаған беттерін ашуға мүмкіндік туады. Әсіресе, туған өлке тарихын тануда архив құжаттарының маңызы зор. Бүгінде мақаламызға арқау болып отырған «Тереңөзек» агроөнеркәсіптік бірлестігінің 1991-1992 жылдардағы тыныс-тіршілігі жайлы болмақ.
Архив қорындағы құжаттарға шолу жасап, архивтегі тарихи деректерге көз жүгіртсек 1988 жылы 8 ақпанда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қызылорда облысында аграрлық-өнеркәсіптік бірлестік құру туралы № 45 қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулы негізінде «Тереңөзек» аграрлық-өнеркәсіптік бірлестігі құрылып өз жұмысын бастаған. ССРО Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 8 тамыздағы «Шағын кәсіпорындарды құру және дамыту» жөніндегі шаралары туралы № 790 қаулысына байланысты және Халық депутаттары Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің 1992 жылғы 8 қаңтардағы № 8 қарарына сәйкес Тереңөзек Агроөнеркәсіптік бірлестігінің 1992 жылғы 20 қаңтардағы № 29 бұйрығымен С.Сейфуллин және Іңкәрдария совхоздары 1992 жылдың 20 қаңтарынан бастап таратылған. Халық депутаттары Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің 1992 жылғы 8 қаңтардағы № 8 қарарына байланысты С.Сейфуллин атындағы совхоздың негізінде «Құндызды», «Ізбасар», «Ақ-арқаш», «Сәулет», «Тұлпар», «Қыш зауыт», «Шипагер», «Көкөніс», «Орталық», ал, Іңкәрдария совхозының негізінде «Зекет», «Сырлы-там», «Байболат», «Бөгдік», «Жаңа құрылыс», «Жаңа өріс», «Аңламас», «Қарақасқа», «Шеберхана», «Ақтам», «Іңкәрдария» атты шағын ұжымдық кәсіпорындар құрылған.
«Тереңөзек» агроөнеркәсіптік бірлестігі басқарма мәжілісінің 1991 жылғы 16 сәуірдегі № 1 қаулысымен Алматы қаласындағы арнайы құрылған республикалық «Береке» бірлестігіне, Қызылорда қаласындағы агроөнеркәсіптік өндірістік инженерлер институтына, «Шапағат» Арал балаларын қорғау қоғамына, Корей ұлттық ассоцациясына демеушілік көмек ретінде қаржы бөлу туралы шешімдер қабылданған. Бұнымен қоса, балалар бақшалары мен мектеп жасына дейінгі 6 жасар балаларға берілетін тағамдардың құны бұрынғы өз бағасының көлемінде қалдырылып, одан келетін шығын шаруашылық зияны есебінен шығыс етілуі тапсырылғанын оқуға болады.
«Тереңөзек» агроөнеркәсіптік бірлестігі басқарма мәжілісінің 1991 жылғы 25 шілдедегі № 5 қаулысымен сол уақыттағы нарық экономикасына көшуге байланысты өндірілген өнімді ұсату, оны сату және өндіріске озық тәжірибе мен ғылым жетістіктерін енгізу арқылы бірлестіктің қаржы-шаруашылық жағдайын жақсарту мақсатында тері илейтін және тон тігетін «Қамқа», мал шаруашылығындағы комплекстерге ғылымның жетістіктері мен озық тәжірибелерді енгізетін және су скважиналарына айдайтын насостарды жөндейтін «Шырақ», ауыл шаруашылығы электр жүйесін орнату және жабдықтаумен айналысатын «Шамшырақ», санаторий-профилакторий жанынан бөлек қосалқы егін және мал шаруашылығымен айналысатын «Дархан» кіші кәсіпорындары, «Тереңөзек» атты орталық коммерциялық дүкен ұйымдастырылғанын архивтік құжаттардан оқып білеміз.
Бұл архивтік деректерден ауданымызда сол 1991-1992 жылдардың өзінде ғана болып өткен тарихи өзгерістер, қабылданған маңызды шешімдер туралы біліп, сол кездің тынысын сезгендей боламыз.
Архив – ол біздің халқымыздың тарихы, алтын мұрасы, қымбат қазынасы. Уақыт өтеді, ескі көнереді, бірақ осы рухани мұраның келешек ұрпаққа берер тәлімі мәңгілікке жалғасады деп сенемін.
«Сырдария аудандық архиві» филиалының
басшысы Ж.СЕЙЛОВ
Фото:ашық дереккөз









