Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Шежірелі тарихтың тамыры терең

Шежірелі тарихтың тамыры терең

КСРО-ның бірінші басшысы болып келген М.Горбачев өзімен бірге «қайта құру мен демократия» деген ұранды ала келді. Талай қиын кезеңдер бастан өтті. Өте қиын болса да 1985 жылы Терең­өзек аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаев Тереңөзекте екі жақсы дүниені бастап кетті. Олар – аудандық музейге ғимарат салу және ауданның балалары тынығатын демалыс лагерін салу сияқты қиын да жауапты істері. Енді сол мекемелердің қалай өмірге келгенін кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатпен аудандық газетке ақпарат ретінде мақала жазуды жөн көрдім.

Аудандық тарихи-өлкетану музейі

Музей үйін салмас бұрын, 1990 жылдардың аяғы мен 1991 жылдың басында ауданның бірінші басшысы мені Қызылорда облысының өлкетану музейінің директоры Қалқабай Әбеновке жіберді. Шамасы телефонмен сөйлескен болу керек. Бұрын партия, баспасөзде басшылық қызмет атқарған кісі еді. Мені де газеттен біледі, сәлеміміз түзі болатын.


Қалкеңмен біраз әңгімелесіп музейдің аса қажет екенін, лайықты кадр бар екенін мұны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Алмагүл Божанованың ұсынысы екенін айттым.

Сонда ол кісі жақында Тереңөзекке барып, бірінші басшылармен кеңесіп, ақылдасатынын айтты. Қ.Әбенов 1991 жылдың басында келіп, басшылармен сөйлесіп, сөз соңында облыстық музейдің филиалы ретінде ашатынын айтты. Ендігі мәселе бізде болды, аудан орталығында музейге лайық үй де жоқ. Мұны жақсы білетін Жөкең өзінің шалт қимылымен ауданға жақын орналасқан Оспан Мәлібаев атындағы совхоздың директоры Әділхан Мәлібаевты шақырып алып, біраз әңгімелесудің соңында Әділхан келісті-ау. Мүмкін Ж.Ердешбаев қатаңырақ сөйлеп үй салуды мойындатқан болар. Сонымен Ә.Мәлібаев бірнеше күннен кейін құрылысшы мамандармен келіп, қазіргі аудан әкімдігіне қарама-қарсы, бұрыштан жерді белгілеп, игілікті істі бастаған болатын. Бұл құрылысты Жөкең Шиелі ауданына ауысып кеткенше бітірді. Ендігі тірлік ауданның әкімі болып сайланған Алмагүл Божановада болды. Бір күні Алакең мені шақырып, «Музейге лайықты қадрың бар ма? Бұл мекеме тікелей саған қарайды» дегенде, «Меніңше ауданда музей ісін білетін қолынан өнері бар, ақын, аудандық мәдениет бөлімін басқарған Сейітмұрат Ембергенов лайықты деп есептеймін, әрі баласы белгілі суретші көмектесетін болады» дедім. Алмагүл маған қарап, бір күліп алды да «...мен сені кімді ұсынар деп әдейі сұрадым. Өзімнің ойым да Сәкең еді» деді. Сонымен не керек С.Ембергеновті шақырып алып, музей жұмысын тапсырды. Ол бұл жұмысты қоғамдық негізде айлықсыз атқаратын болды.

Мен де өз тарапымнан совхоз басшыларымен, мәдениет, оқу бөлімі бастықтарымен сөйлесіп, осы игілікті іске барлығын жұмылдырдық.

Аудандағы КазТАГ-тың белгілі фототілшісі Владимир Ягунинге өтініш айтып, әрбір совхозға фото-альбом жасауды тапсырдық, әрине атқарған қызметіне сов­хоздар төлейтін болды.

Жалпы аудандық музей 1993 жылдан бас­тап айлықпен жұмыс істеді. Өйткені зейнеткер, белгілі журналист Болатбек Аманбаевты, газетте машина басқан Кеңескүл Жұмабаеваны музейге орналастырған едім (мен ол кезде аудан әкімінің орынбасарымын) және музейге алғашқы экспонаттар ретінде атақты емші Садық ахунның пайдаланған кітаптарын қорға алдырдым. Садық ахун баласы Тәждин Қодаров шын ықыласымен әкесінің құнды кітаптарының үшеуін өткізгені есімде қалыпты.

1993 жылдың соңында облыстық музейден Қ.Әбенов кеткеннен кейін, біраз үзілістен соң шамасы 1996 жылдары музей филиал ретінде жұмыс атқарды.

А.Божанованың тікелей қам­қорлығымен Сейітмұрат Ембергеновті ренжіткен жоқпыз. Нақты айлық алмаса да, қамқорлық жасалды. Өз тарапынан Сәкең қолынан келген қызметін атқарып, 1997 жылға дейін жұмыс істеді. 1997 жылдан Алмагүл Бақтиярова, содан кейін Марат Омаров атқарды. Бұл күндері Салтанат Қуандықова басқаруда.

«Жалын» тынығу-демалыс лагері немесе санатория-профилактория

Жоғарыда атап өткенімдей ау­дан­дық лагердің тұрақты орны және ғи­мараты болмайтын. Балалардың ты­нығу лагерінде демалуы қиындау еді.
Бұл қиыншылықтың аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Жолдасбек Ердешбаев шешімін тапты деуге болады. Аудан басшылары қатысқан бір жиналыста совхоз директорларына қарата айтып: «Балаларымыз әр жерде жүр, қараңдаршы, Жалағаш ауданында тұрақты балалар лагері жұмыс істейді екен, біз кімнен кембіз?». Әр совхоз Қалғандария бойындағы белгіленген жерден бір-бірден тұрғын үй есебінен үй саласыңдар және ішін жиһаздармен қамтамасыз етуге үш ай мерзім белгілеймін деп, нақты айтқан сөзі есімде. Ал совхоз директорлары бұл істі қолға алып, үйлерін салып берді. Әсіресе Ильич атындағы совхоз (директоры Бақыт Мыханов) пен Тереңөзек совхозы салған үйлердің сән-салтанаты жақсы болды. Аудандағы 10 совхоздың бәрі үйлерін сапалы салып, ата-аналардың алғысына бөленді.

Тереңөзектің орталығындағы қонақ үй өте ескі еді. Балалар жоқ кезде. Сырттан келетін қонақтардың біразын осы тынығу лагерінде қабылдайтын болды.

Бірде күріш ору басталар алдында ҚР бірінші басшысын да осы тынығу лагерінде қабылдағанымыз есіме түсіп отыр. Бұдан бөлек «Правда» газетінің тілшісі, «Социалистік Қазақстан» газеті мен «Парасат» журналының жауапты қызметкерлері де осында болып кетті. Басқаларын айтпағанда 2013 жылы 70 жылдық мерекемнің аяғы осы лагерде жалғасты. Осы орайда ұмытпасам «Жалын» тынығу лагерінің алғашқы директоры Әбутәліп Есенов болды.

Аудандық архив

Тереңөзекте ғана емес, Қызылорда облысының біраз аудандарында архив атты мекеме жоқ болатын. Бірде ауданға Қызылорда облыстық архивтер басқармасының бастығы Базаркүл, облыстық мемлекеттік архив директоры Гүлсім іс-сапармен келген-ді. Олардың қасында мен жүрген болатынмын. Әңгіме үстінде архив ісі сөз болды, басқарма бастығы «...Сіздер архивке үй тауып берсеңіздер, 1-2 штат беремін» деп бізге ой салды. Бұл әңгімені аудандық атқару комитетінің төрағасы Алмагүл Божановаға айттым. Ол келісті. Енді архивке үй керек және директорлық қызметке кадр керек болды.

Жақында ғана аудандық статис­тикалық мекеменің басшылығына тағайындалған Темірхан Сәдуақасовқа өтініш айтып, облыстағы бастығымен сөйлесуді ұсындым. Ондағы бір-екі бөлме бос тұрғанын көрген едім. Сонымен архивке үй табылды, енді директор керек. Мен Алекеңе жоғары білімді, көп жыл аудандық комму­налдық мекемесінде аға мастер болып жұмыс істеген Жақсыбек Кетебаевты атадым. Бастығым А.Божанова бұған келісті. Өйткені Ж.Кетебаевтың темір-терсектің жайын білетін майлығы мен сулығы бар, қара жұмыс деп жатырқамайтын кісі болатын.

Архивке қажетті заттарды, бөл­мелерді жабдықтауды Ж.Кете­баевтың бір өзі атқарды десем артық емес. Осылайша басталған архив мекемесін Дәрікүл Смағұлова, Ұлмекен Жаналиева, Роза Бексейітова атқарғанын білеміз. Бүгінде Сырдария аудандық архивке Жәнібек Сейілов басшылық етеді.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, ҚР еңбегі сіңген қайраткер,
«Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы
08 тамыз 2026 ж. 88 0