Құқықтық семинар: заңнамалық өзгерістер түсіндірілді
Шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қолданысқа енді. Осы орайда Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге және елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының ауданда іске асырылу барысын талқылауға арналған құқықтық-оқу семинары өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев төрағалық етті. Семинарға кент және ауылдық округтер мен дербес бөлімдердің және аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.– Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы тұрақтылықты, азаматтардың қауіпсіздігін және заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты негізі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті. Атап айтқанда, әлеуметтік, құқықтық, ұйымдастырушылық сипаттағы алдын алу іс-шарасын жоспарлау және іске асыру – біздің тікелей міндетіміз, – деді Е.Зұлқарнаев.
Қолданыстағы заңдарға енгізілген өзгерістерді кеңінен түсіндіру, құқықтық мәдениетті арттыру, заң бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы құқықтық өзара іс-қимылды нығайту мақсатында ұйымдастырылған семинардың күн тәртібінде негізгі төрт мәселе қаралды. Бірінші мәселе – ауданда «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шараларын күшейту туралы болса, екінші мәселе ретінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы талқыланды. Ал үшінші мәселеде «Қазақстан Республикасының Конституциялық реформаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер түсіндірілсе, одан кейін қосымша өзге де мәселелер қаралды. Аталған тақырыптар аясында бөлімнің бас инспекторы Айбек Сәдуақасов және бас маман Светлана Арысбаеваның баяндамалары тыңдалды.
Жиын барысында Конституциялық реформаларға сәйкес қабылданған заңнамалық өзгерістердің мазмұны, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға ықпалы сөз етілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын аудан көлемінде іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланып, слайд және бейнеролик арқылы жан-жақты түсіндірілді.
Айта кетейік, ағымдағы жылғы 14 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, әкімдердің өкілеттіктері нақтыланды, жергілікті қоғамдастықтың қызметін ұйымдастырудың жаңа тетіктері енгізілді, әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу тәртібі және сайлауалды бағдарламаларының іске асырылуы жөніндегі есептілігі жетілдірілді, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауалды бағдарламасының орындалуын бағалау тетіктеріне қатысты жаңа құқықтық нормалар енгізілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, экология, құқық бұзушылық профилактикасы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту салаларындағы функциялары толықтырылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған Конституциялық реформалар еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталғанын айта кету орынды. Осы өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру және осы саладағы заңнаманы заман талабына сай жаңарту болып табылады. Конституциялық реформа аясында қабылданған заңнамалық өзгерістердің мазмұнын жан-жақты түсіндіру, оларды қолдану тәжірибесінде тиімді іске асыру жолдарын талқылау және мемлекеттік қызметшілер мен өзге де субъектілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын дұрыс түсінуіне ықпал ету көзделген.
Осы және өзге мәселелер талқыланған семинарда қатысушылар құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, заңнама талаптары аясында нақты түсіндірмелер алды. Мұндай кездесулер мемлекеттік орган қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын дұрыс түсінуге және қоғамда заң үстемдігі қағидатын нығайтуға тиімді болмақ.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










