Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саяси науқанды сапалы ұйымдастыру – басты міндет

Саяси науқанды сапалы ұйымдастыру – басты міндет

Елімізде 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына дайындық жұмысы барлық өңірде жүйелі түрде қарқын алды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан аумағындағы сайлау учаскелерін аралап, саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмысқа көңіл бөлді.

Бұл ретте, алдағы маңызды кезеңге дайындық барысын пысықтау кезінде сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы, дауыс беру үдерісін ұйымдастыру деңгейі, азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздіктің сақталуы және заң талабының орындалуы жан-жақты зерделенді. Аудан әкіміне аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайланов бүгінде сайлау науқанына дайын­дық барысын жан-жақты хабарлады. Бүгінде бар­лық сайлау комиссиясы қатаң ереже бойынша жұмыс жүргізуде. Комиссия мүшелері арнайы оқытудан өтіп, әдіс­темелік нұсқаулықпен қамтамасыз етілген. Сайлау күні қажетті барлық ұйымдастыру іс-шарасы белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асатын болады.

– 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаның бірі. Осыған байланысты аудан көлемінде барлық дайындық жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп, сайлауды ашық, әділ әрі заң шеңберіне сәйкес өткізу үшін барлық қажетті іс-шара қабылдануда. Сайлау – әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуының айқын көрінісі. Сондықтан саяси науқанды жоғары деңгейде ұйым­дастыру, заңдылық пен ашықтық қағидаттарын сақ­тау, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау – жауапты мекеменің басты міндеті. Аудан көлемінде атқарылып жатқан кешенді жұмыс осы мақсатқа толық бағытталған, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жағдайымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың дауыс беруіне қолайлы орта қалыптастыру мәсе­лесіне де ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жүр­гізіп отырған инклюзивті қоғам қалыптастыру саясаты аясында әрбір азаматтың сайлау құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау – маңызды міндет. Учаскелердің санитарлық тазалығы, өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуы, электр энергиясының үздіксіз берілуі, байланыс жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы дайындық іс-шарасы да басты назарға алынған. Бұл өз кезегінде сайлау күні комиссия мүшелерінің де, сайлаушылардың да қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осыған сәйкес барлық сайлау учаскесінде пандус, ыңғайлы кіреберіс, арнайы жабдықталған дауыс беру кабиналары, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы құралдар мен бағыттаушы белгілер қарастырылған. Мұндай жұмыс азаматтардың сайлау процесіне тең дәре­жеде қатысуына мүмкіндік береді. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға сайлау учаскелерінің толық дайын болуын қамтамасыз етуді, барлық ережені қатаң сақталуын, сайлау күні ұйымдастыру жұмысының жоғары деңгейде өтуін және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сайлаушыларға барынша қолайлы жағдай жасап, олардың дауыс беруіне ешқандай кедергі келтірмеу қажеттігін атап өтті.

Г.ТАБЫНБАЙ

28 шілде 2026 ж. 63 0