Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулығың сыр бергенде...

Денсаулығың сыр бергенде...

Бүгінде жолда жүру ережесіне байланысты ай сайын бір жаңалық шығуда. Анығын айтқанда, елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгеріс кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Осы ретте Ішкі істер министрлігі 2026 жылдың 25 тамызынан бастап «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізілген бірқатар өзгеріс күшіне енетінін хабарлады. Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғасының алдын алу, жүргізушінің денсаулық жағдайын бақылауды күшейту және жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жаңа талапқа сәйкес, 65 жастан жүргізуші мен мүгедектігі бар жандар екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтетін болады. Қатаң талап аталған санаттағы азаматтың денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, көлік құралын қауіпсіз басқаруға қабілетті екенін анықтауға бағытталған.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, медициналық тексеруден өткені туралы ақпаратты жүргізушінің өздері қағаз түрінде ұсынбайды. Барлық мәлімет ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде алмасады. Яғни медициналық ұйым берген қорытынды электронды форматта мемлекеттік дерекқорға енгізіліп, құзырлы органдар оны өзара тексереді.

Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет болмаса немесе оның денсаулық жағдайы бойынша көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімі анықталса, көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылады. Бұл шара жүргізушінің денсаулығына байланысты қауіптердің алдын алып, жолдағы өзге азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Министрлік бұл талаптың барлық жүргізушіге емес, тек 65 жастан асқан азамат пен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтті. Сондықтан өзге автокөлік тізгіндеуші үшін жүргізуші куәлігін пайдалану тәртібі өзгеріссіз қалады.

Мамандардың айтуынша, жасы ұлғайған сайын адамның көру қабілеті, есту сезімі, реакция жылдамдығы мен жалпы денсаулық жағдайы өзгеруі мүмкін. Кейбір созылмалы ауру көлік құралын басқару кезінде қауіп тудыруы ықтимал. Сондықтан әлемнің көптеген елінде егде жастағы жүргізушіге қатысты мерзімді медициналық бақылау тәжірибесі бұрыннан қолданылып келеді.

Жаңа талаптың тағы бір артықшылығы – қағазбастылықтың азаюы. Бұрын әртүрлі анықтаманы бірнеше мекемеге тапсыру қажет болса, енді барлық мәлімет электронды түрде мемлекеттік жүйе арасында автоматты алмасады. Бір жағынан азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттырады.

Ішкі істер министрлігі жүргізушіге медициналық тексеруден уақытылы өтуді және денсаулық жағдайына жауапкершілікпен қарауды ұсынады. Өйткені жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүр­гізушінің жеке жауапкершілігі ғана емес, қоғам алдындағы маңызды міндет.

Жол қозғалысы ережесін сақтау, көлік құралын тек денсаулық жағдайы мүмкіндік берген кезде ғана басқару және заң талабын орындау – жол-көлік оқиғасының алдын алудың негізгі кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, 25 тамыздан бастап күшіне енетін бірқатар өзгеріс азаматтың қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысы мәдениетін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз
25 шілде 2026 ж. 524 0