Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазылмайтын жан жарасы

Жазылмайтын жан жарасы

Әлем бойынша педофилия немесе балаларға қарсы жыныстық зорлықтың құрбаны жыл сайын жүздеген мыңға жетеді. Бұл тек ресми ақпарат бойынша. Бұдан бөлек құқық қорғау органына жүгінбей «жабулы қазан жабулы» қалпында қалып, қылмыстың құрбаны болып жүрген баланың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал еліміз бойынша өткен жылда бұл көрсеткіш мыңға жуықтаған. Оның ресми тіркелмей қалғаны қаншама...

Дүние есігін ашқан әр нәрестенің қауіпсіздігі ең алдымен ата-ана мен мемлекеттің жауапкершілігінде. Нәресте бүлдіршін шаққа келіп, ойын баласы болғанда оның қауіпсіздігін әрқашан назарда ұстай алмайсың. Баланың қалт ойынмен, тәттіге әуестігін пайдаланатын тасжүрек өз ойын қапысыз жүзеге асырады. Бұл ойын баласының тағдырын балтамен шапқандай... Мұндай опасыз, санасыз адамдардан елді тазарту мүмкін емес. Бірақ қалай баламызды қорғап қала аламыз? Қатыгездікпен қалай күресіп, үнсіз қалудан арыламыз? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.


Педофилия – психикалық бұзылыс

Жалпы, «педофил» деген сөздің өзі адамның бойында «үрей» мен «ашу» тудырады. Мамандардың пікірі мен ойына көз жүгіртсек, «ауру» болып саналатынын айқын байқаймыз. Алайда ол «ауру» екен деп қоғамда емін-еркін жүруге жол берілмейді. Дүниежүзіндегі әр мемлекеттің бұл түсінікке көзқарасы мен заң аясы өте қатал. Тіпті, кей елде «өлім жазасы да» бар. Осы орайда «педофилия» ұғымына ресми дерек бойынша нақты түсінік беріп өтсек.

Педофилия – бұл ересек адамның жыныстық қызығушылығының жыныстық жетілуге әлі жетпеген, яғни 13 жасқа дейінгі балаға бағытталуы. Медициналық психиатрияда бұл жөнінде екі ұғым қолданылады. Біріншісі, педофилдік жыныстық қызығушылық –адамның жыныстық қызғушылығы жыныстық жетілмеген балаға бағытталған болуы мүмкін, бірақ ешқандай әрекетсіз. Екіншісі, педофилия бұзылысы – қызығушылықтың өзіне күйзеліс туғызып немесе соған сай әрекет жасаса, бұл психикалық бұзылыс болып табылады. Педофилия психикалық бұзылыс болғанымен, бұл ешқашан балаға зиян келтіруді ақтамайды. Зайырлы қоғамда әр мемлекетте балаға қатысты жыныстық қылмыс заң бойынша өтеуі ауыр болып саналып, қатаң жазаланады.


Америкалық психиатр, Колумбия университетінің профессоры Майкл Б.Ферст педофилияны былай түсіндіреді. «Педофилия – психикалық бұзылыс ретінде қарастырылады, бірақ оның болуы адамның міндетті түрде балаға жыныстық зорлық жасайтынын білдірмейді. Диагноз адамның қызығушылығының сипатына, оның сал­дарына және мінез-құлқына қарай қойылады». Америкалық психиатр­лар қауымдастығының DSM-5-TR нұсқаулығында «Педо­филдік бұзылыс – жыныстық жетілмеген балаларға бағыт­талған қайталанатын, қарқынды жыныстық қызығушылықпен сипатталатын психикалық бұзылыс» делінген. Бұл жайлы қазақ профес­сорлары да өз пікірлерін айтып, мұндай қылмысқа «өлім жазасын» беруді ұсынған болатын. Қазақстандық психиатр, медицина ғылым­дарының докторы, профессор Ғалия Құдиярова бірнеше жыл бұрын «Zakon.kz» ақпараттық порталына берген сұхбатында былай деген:

«Педофилия – өте күшті әрі тұрақты патологиялық жыныстық әуестік. Ол медицинада психикалық бұзылыс ретінде қарас­тырылады және мұндай адамдар арнайы психиатриялық бақылау мен емдеуді қажет етеді».

Бұл сипаттама – «педофилия» ұғымының негізгі көрінісі. Ол психикалық бұзылыс болғандықтан «педофилдің түрі осындай» деп нақты айта алмаймыз. Мамандардың айтуынша, қоғамда ол сырт көзге қарапайым, сыпайы, беделді, баланы жақсы көретін адам болып көрінуі мүмкін.

Сондай-ақ олардың мынадай мінез-құлықтарын байқауға болады:
Ересектерге қарағанда балалармен көбірек уақыт өткізгісі келеді;
Белгілі бір балаға ерекше көңіл бөліп, тәтті мен сыйлық береді немесе ерекше жақындық орнатуға тырысады;
Баламен оңаша қалуға мүмкіндік іздейді. Яғни, серуендеу, көлікпен алып кету, сабақ өткізу, «дүкенге апарамын» деп алдаусырату сияқты сылтау;
Баланың ата-анасы мен отбасының сеніміне кіруге тырысу;
Бүлдіршіннің жеке шекарасын біртіндеп бұзу (орынсыз құшақтау, сипау, құпия сақтауды сұрау);
Баланы өз ортасынан немесе қоғамнан оқшаулауға тырысу;
Баламен жасына сай емес жыныстық тақырыпты қозғауы немесе сондай мазмұндағы ма­териалды көрсетуге әрекеттенуі.
Бірақ та, бір ескеретін жағдай, аталған мінез-құлықтың болуы адамның нақты «педофил» екенін дәлелдемейді. Алайда бұл алаңдатарлық белгілер, мұндай жағдайда баланың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Әлем алаңдаған қатыгездік

Әр мемлекеттің өзіне тән заң жүйесі бар. Көптеген елде балалар мен жасөспірімдерді қорғау жүйесі де бірнеше алаңдатарлық жағдайдан кейін қайта қатаң­датылған. Нақтылап айтатын болсақ, қаржыгер «Джеффри Эпштейн ісі». АҚШ азаматы ондаған кәмелетке толмаған қызды жыныстық зорлыққа тартты деген айыппен ұсталған. Бұл іс тек АҚШ-ты ғана емес, әлемді дүр сілкіндірді. Тергеу барысында қылмыскердің ықпалды саясаткерлер мен кәсіпкерлер және танымал адамдармен байланысы қоғамның таңданысын тудырды. Өзі қамауда жатып 2019 жылы қайтыс болғанымен, ісі әлі күнге дейін тергеуде. Осы жылы бұл іске қатысты біршама құжат пен сурет әлеуметтік желіде таралған болатын. Онда кәмелетке толмаған қыз баланың бейнесі танымал тұлғамен бірге тұрғандығы айқын байқалады. Бұл іс – аса жауыздық пен қатыгездіктің көрінісі.


Ирландия, Австралия, Франция, АҚШ елінде католик шіркеуіндегі бірнеше балаға қатысты жыныстық зорлық дауы да назарсыз қалмады. Бұл істе мыңдаған адам он жылға жуық діни қызметкер тарапынан жыныстық зорлық көріп келгені анықталған. Тіпті, шіркеу басшылығы да мұндай істі жасырып келгендігі айтылған. Осындай жантүршігерлік жағдай жетерлік.


Ең сорақысы, мұндай қатыгездікке әлем бойынша, 2024 жылғы жаһандық зерттеулердің қорытындысына сәйкес,18 жасқа дейінгі 72,6 миллион қыз және 60,9 миллион ұл бала ұшыраған. Бұл көрсеткіш өте жоғары. Тіпті, бұл санның қатарында ресми тіркелмей, жауыздықтың құрбаны болған қаншама бейкүнә бүлдіршін мен жасөс­пірімнің тағдыры жатыр. Алаңдатарлығы, жыл сайын көр­сеткіш жүз мыңдап артуда.
Қазіргі заманда әлем бойынша әр мемлекеттің дамуы цифрлық деңгейге өтіп жатыр. Соған сәйкес, интернет алаяқтық та көбейіп, киберқылмыс саны артуда. Әлеуметтік желі арқылы кәмелетке толмаған балаға түрлі арам пиғылымен анайы сөздер жазып, ұятсыз әркет жасауға, сондай-ақ оны белгілі бір жерге кездесуге шақыру жағдайы да ресми тіркелуде. Мұны маманның тілімен «баланы онлайн арбау», арсыз әрекетпен бопсалау, «жыныстық сипаттағы материалды тарату» деп атайды.

Childlight Global Child Safety Institute яғни бала­лардың жыныстық қанауы мен зорлық-зомбылығын зерттейтін тәуелсіз халықаралық зерттеу институтының қорытындысына сәйкес, жыл сайын әлемде 302 миллион бала интернет арқылы жыныстық бопсалаудың кемінде бір түрінің құрбаны болған. Бұл тұста көш бастап тұрған АҚШ елінің ұлттық орталығы әр жылда ондаған миллион электрондық хабарлама қабылдайды. Бірақ бірнеше хабарламада бір оқиға қайталануы мүмкін. Ал Германия­да – 197 201, Францияда – 150 684, Бельгияда – 26 752 хабарлама тіркелген.

Дамыған әр елдің цифрлық өркендеуі құлаш жайып дамуда. Киберқылмыс бойынша арнайы жүйе мен ұйымның құрылуы да назарсыз қалмай мемлекеттің ықпалына қарай жүзеге асуда. Әлемнің алпауыт елдерінде мұндай жоғары көрсеткіш болуы алаңдатарлық. Ең қорқыныштысы – бұл көрсеткіштің жыл сайын өсуі. Осы орайда елімізде мұндай қылмыс тіркелген бе? Әңгімені осы тақырыпқа ойыстырайық.

«Ұят болады» деген заман өтті

Жалпы, Қазақстан Республикасында балаларға қатысты жыныстық зорлық алдыңғы жылдың көрсеткіші бойынша 904 іс тіркелген. Бүгінде бұл көрсеткіш мыңға жуықтаған. Заң күшейтілгеннен бері осындай қылмыс аясында 25-27 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ресми тіркелген көрсеткіш осындай болса, тіркелмей «көлеңке астында қалғаны» қаншама. Кәмелетке толмаған жасөспірім мен бүлдіршінге зорлық көрсеткен туысқаны немесе туғаны болсын «ұят болады» деген сөз үйреншікті болып кеткен. Баланың физикалық қорлық көруі мен психикалық жәбір көруіне көз жұма қарайды. «Ел не дейді», «жұрттың бетіне қалай қараймыз», «бізді ұятқа қалдырдың» деп зәбір көрген баласын немесе қызына кінә артады. Мұнда ең алдымен отбасынан қолдау көрмеген бала құрдымға кетпей ме? Сондай-ақ педофилдің қоғамда тайраңдап жүруіне өзіміз мүмкіндік бермейміз бе? Ол бір әрекеттен кейін екінші рет бармайды деп ойлау қате. Педофилия – психикалық бұзылыс. Ол бостандықта болса қаншама бейкүнә баланың тағдырына балта шабатыны анық. Осындай тақырып ауданды айналып өтпей қоймады. Былтыр ресми тіркелген бір іс болса, биыл да бір іс тергеліп жатыр. Бүгінде Жаңа Конституцияның қабылдануы, заң аясының қатаңдауы – өте дұрыс шешім. Ең алдымен баланың болашағы мен қауіпсіздігі назарда болуы шарт. Сонымен қатар интернет алаяқ­тық пен жыныстық бопсалау тақырыптары да тыс қалмай, заң жүзінде қатаң бақылауда. Алайда онлайн түрде балаларға жыныстық қанауға қатысты былтырғы жылғы есеп бойынша 120 мың хабарлама қабылданған. Бұл қылмыстық іс емес, интернет-компаниялардан түскен күмәнді контент туралы хабарлама. Осы тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен киберқауіпсіздік жүйесі құрылуда. Алдағы жылдары аталған көрсеткіштің өспеуінің кепілі десек те болады.


Әлеуметтік желінің қарқынды белең алуы мен кәмелетке толмаған әр баланың жеке профилі болуынан айқын көрініс табады. Кей жүйеде 13 жасқа дейін қолдану тыйым салынғанымен, бала қызығушылықпен елемей жатады. Бұл әрбір ата-ананың қатаң ескеретін мәселесі. Оң-солын енді танып, біліп келе жатқан және жасөспірім шаққа аяқ басып, алып-ұшып тұрған кез келген балаға онлайн профиль ашу өте қауіпті. Әрине, цифрлық дамыған заманда ұялы телефонсыз жүру мүмкін емес. Бірақ кәмелетке толмаған әр бала әлеуметтік желіні ата-ананың рұқсатымен және бақылауымен пайдалану керек. Психикалық бұзылысы бар кез келген адам әлеуметтік желі болсын, интернет ойыны болсын өз ойын іске асыру үшін барлығына барады. Ол жапа шегушіні ұзақ бақылап, сеніміне кіруге тырысады. Өзін сол баланың қатарласы ретінде таныстырып, жақынырақ әңгіме айтуға тартады. Түрлі интимдік іс-әрекеттің қалай жасалатынын айтып, оны өзімен бірге істеуге көндіруге тырысады. Бұл – сипаттама қай мемлекетте болсын осылай жүзеге асатыны анық. Тіпті, сурет жіберуді талап етіп, сол суретті таратамын деп бопсалайды. Оның мұндай арбауына бейкүнә жасөспірім оңай түседі. Сондықтан ата-ана өз баласының әлеуметтік желі және ойын арқылы кіммен сөйлесіп жүргенін бақылап, тексеріп отыруы тиіс.

«Елдің болашағы – жастар» десек, қателеспейміз. Себебі, осы педофилиялық мәселе бойынша 2023 жылы қоғамдағы белсенділердің бастамасымен «Жаңа адамдар» азаматтық жастар қозғалысы құрылған. Алғашында 50 белсендімен басталса, қазіргі таңда елдің 19 қаласынан 15 мыңға жуық белсендімен біріктірілген. Аталған тақырып бойынша «Жаңа адамдардың» бас­тамасымен «124» балалардың қауіпсіздігіне арналған азаматтық науқаны 2024 жылы іске қосылған. Содан бері былтыр 30-дан астам әлеуетті педофил анықталып, материалдары құқық қорғау органдарына тапсырылған. Бұл науқан әлі де жалғасын табуда. Осыдан бірнеше ай бұрын Қызылорда облысы бойынша 14 жастағы қызды 30 жастағы ер адам кездесуге шақырған жерінен ұсталған. Сондай-ақ Павлодарда 12 жастағы қызбен кездесуге келген ер адам әшкереленіп, полицияға тапсырылған. Бұл науқан қаншама кәмелетке толмаған баланы қатыгездіктен құтқарып қалды. Осындай педофилмен күресу ұйымдары көптеп қолға алынса әрбір баланың болашағы қауіпсіз болары анық.


PS. Әр баланың болашағы мен қауіпсіздігі – бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігінде. Ең алдымен бала мен ата-анасының арасындағы «сенім көпірі» берік қалыптасуы шарт. Мемлекет тарапынан қоғам да тыныш әрі қауіпсіз болса баланың дұрыс қалыптасуы да сенімді болмақ. Кез келген мемлекеттің болашағы жастардың қолында. Белсенділердің бастаған әр бастамасы елдің ертеңі болмақ. «Педофил» деген сөздің өзі денеңді тітіркендірері анық. Ондай психикалық ауытқуы бар адамдардың сипаттамасын жоғарыда шамалап айтып өттік. Соны ескеріп, барынша сақтықта жүру керек. Бүлдіршін шақтан бастап балаға «жеке шекара» ұғымын түсіндіру маңызды. Сондай-ақ тағы бір ескеретін мәселе ата-ана балаларын өте жақын туысына да сеніп «қарай тұршы» деген өтінішпен қалдырмау керек. Мейлі ол сіз кәміл сенетін адам болсын. Әрбір ана мен әке балаларының әлеуметтік желі арқылы кіммен қарым-қатынас орнатқанынан хабардар болып отыруы тиіс.

Психологиялық тұрғыда әрбір баланың сау дамуының кепілі жанашыр орта. Баладан асқан байлық жоқ, баладан асқан бақыт жоқ. Осыны естен шығармай, кез келген жағдайда баланы қорғау, бөгде кісілермен байланыс­пауды үйрету – ата-ана парызы. Сондықтан ешқашан тосын жағдайда «ұят болады» тіркесін қолданбау керек. Қыз баланың санасына құпия жасырмауды, әр болған оқиғаны бүкпесіз айтуды, өзінің пікірін қалыптастыруды үйрету маңызды. Бақытты баланың болашағы – біздің қолымызда.

Гүлсезім ТАБЫНБАЙ
Фото: Ашық дереккөзден 


25 шілде 2026 ж. 104 0