Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам өмірін аман алып қалды

Адам өмірін аман алып қалды

Медицина саласында кейде әрбір минут, тіпті әрбір секунд адам тағдырын шешеді. Осындай сәтте дұрыс қабылданған шешім мен кәсіби шеберлік науқастың өмірімен қатар, оның болашақтағы денсаулығын да сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жақында Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында дәл осындай оқиға болды. Денсаулығы кенеттен сыр берген 50 жастағы ауыл тұрғыны шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болды. Науқастың жағдайын алғаш бағалаған Қоғалыкөл ауылдық амбулаториясының тәжірибелі мейіргері Сәуле Жұмаділдаева инсу­льт­тің алғашқы белгісін дер кезінде анықтады.
Сананың есеңгіреуі, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, оң жақ қол мен аяқтың әлсіреуі секілді белгіні байқап, ол уақыт оздыруға болмайтынын бірден түсінді. Инсульт кезінде аса маңызды саналатын «терапиялық терезені» тиімді пайдалану үшін науқас шұғыл түрде көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді.
Мамандандырылған медициналық орталықта жүргізілген тексеруден кейін пациентке тромболизистік терапия жасалды. Дер кезінде көрсетілген көмектің нәтижесінде науқастың жоғалған қозғалыс қызметі қалпына келіп, неврологиялық бұзылыс толық жойылды.
Науқастың қайта өмірге келуі – медицина қызметкерінің қырағылығы мен кәсіби тәжірибесінің нақты нәтижесі. Әр минуттың бағасын білетін ақ халатты абзал жанның жедел әрекеті талай тағдырға үміт сыйлады.
Айта кетейік, Қоғалыкөл ауылдық амбулаториясының тәжірибелі аяжаны Сәуле Жұмаділдаева 1969 жылы осы ауыл­да дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, 1992 жылы оқу орнын сәтті аяқтады. Сол жылдан бері денсаулық сақтау саласында табанды еңбек етуде.
– Инсульт – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін дерт. Мұндай жағдайда уақыттың әр минуты маңызды. Сондықтан науқасты дер кезінде танып, алғашқы медициналық көмекті дұрыс ұйымдастыру және мамандандырылған орталыққа уақыт оздырмай жеткізу – емнің нәтижелі болуының басты кепілі. Бұл оқиғада Қоғалыкөл ауылдық амбулаториясының мейіргері Сәуле Әлиакбарқызы жоғары кәсіби қырағылық танытып, инсульттің алғашқы белгісін дер кезінде анықтап, «терапиялық терезе» уақытын тиімді пайдаланды. Соның нәтижесінде науқасқа облыстық ауруханада тромболизистік терапия уақытылы жүргізіліп, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік туды. Мұндай мысал алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің маңызын айқын көрсетеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен тәжірибесін ұштастыра білетін медицина қыз­меткерінің еңбегі – әрдайым жоғары бағалауға лайық. Осындай маманның кәсіби шеберлігі тұрғынның өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқарады, – деді Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері.
Ол 34 жылға жуық уақытын ауыл медицинасының дамуына арнап, тұрғындардың денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосуда. Адам өміріне араша түсу – медицина мамандарының күнделікті міндеті. Ал сол міндетті адал атқарып жүрген жандардың еңбегі әрдайым ел құрметіне лайық.
– Медицина саласында әрбір минуттың бағасы зор. Науқастың жағдайын алғаш көрген сәтте инсультке тән белгілерді байқап, уақытты жоғалтпау керектігін түсіндім. Мұндай жағдайда ең бастысы – дұрыс шешім қабылдап, науқасты мүмкіндігінше тез арада мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізу. Біздің мақсатымыз – әрбір науқасқа уақытылы көмек көрсету. Бұл жолы да ұжымның үйлесімді жұмысының, жедел әрекеттің және облыстық көпбейінді аурухана мамандарының кәсіби емінің арқасында азаматтың денсаулығы толық қалпына келді. Мұндай нәтижеге қол жеткізу – әрбір медицина қызметкері үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Адам өмірін сақтап қалуға аз да болса үлес қосу – мамандығымыздың ең үлкен марапаты. Осындай сәттер өз ісімізге деген сенімді арттырып, халық денсаулығын қорғау жолындағы еңбегіміздің маңызын тағы бір дәлелдейді, – деді Сәуле Әлиакбарқызы.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 шілде 2026 ж. 54 0