Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы көмек ордасы – «Қабылдау бөлімшесі

Алғашқы көмек ордасы – «Қабылдау бөлімшесі

Адам өмірі мен денсаулығы – ең қымбат қазына. Кез келген сырқат немесе тосын жағдай кезінде науқасты алғашқы болып қарсы алып, жедел медициналық көмектің дұрыс ұйымдастырылуына негіз қалайтын маңызды бөлім – Сырдария аудандық ауруханасының «Қабылдау» бөлімшесі екені мәлім. Күнделікті жұмыс барысында сан түрлі науқастың жағдайын саралап, алғашқы көмекті ұсынатын бөлімшеде өз ісінің мамандары жиналған. «Бөлімше тынысы» айдары бойынша іргелі ұжымның жұмысына жан-жақты қанығатын боламыз.

Бүгінде бөлімше заман талабына сай жаңарып, тұрғындарға сапалы әрі қолайлы медициналық қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Мұнда тәулік бойы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері кезекшілік атқарып, әрбір науқастың жағдайын жедел бағалап, қажетті бөлімдерге бағыттайды. Уақытпен санаспай еңбек ететін ақ халатты абзал жандардың басты мақсаты – адам өмірін сақтау және дер кезінде медициналық көмек көрсету. Өз кезегінде білікті дәрігер Тұрсынай Жақыпбекова бастаған сала мамандары өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.

– Қабылдау бөлімшесі – аурухананың жүрегі іспетті. Өйткені кез келген емдеу процесі осы жерден басталады. Науқастың алғашқы тексерістен өтуі, дәрігердің қарауы, қажетті зертханалық және диагностикалық тексерулерге жіберілуі – барлығы бірізділікпен жүзеге асырылады. Мұнда әрбір адамға жанашырлықпен қарап, кәсіби шеберлік пен адамгершілік қағидалары қатар ұштасады. Бүгінде бөлімшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылуда. Қабылдау бөлімшесінің ұжымы – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары мамандар. Олар әр науқастың жағдайына ерекше мән беріп, кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында шұғыл шешім қабылдайды. Кез келген уақытта көмектесуге дайын дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегі – халық денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі, – деді Тұрсынай Қарақұлқызы.

Медицина саласының басты ұстанымы – адамның өмірі мен денсаулығын қорғау болса, осы жауапты міндеттің алдыңғы шебінде дәл осы қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері тұр. Олар күн сайын ондаған адамның алғысына бөленіп, аудан тұрғындарының сенімін ақтап келеді. Білікті мамандар қатарында аға мейірбике Гүлдана Мәлікова, күнделікті науқастардың ауруханада ем қабылдауына барлық мүмкіндікті қарастыратын портал маманы Бекжан Сайфуллаев, емделушілердің дертіне шипа дарытқан сала мамандары Бауыржан Туралиев, Бейбарыс Бахтияров, Балым Рысбек, Аружан Бақтығали, шаруашылық аяжаны Гүлзат Жұмашева, кіші буын қызметкерлері Күнарай Жарылқасынқызы, Гаухар Бөгенбаева, Айман Сейтжанова, Гүлмира Ақдәулетқызы бар.

Сырдария аудандық ауруханасының «Қабылдау» бөлімшесі – кәсібилік пен қамқорлықтың, жауапкершілік пен жанашырлықтың тоғысқан орны. Ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегі мен адал қызметі аудан халқының денсаулығын нығайтуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – әрбір адамның өміріне үміт сыйлайтын, денсаулыққа бастар алғашқы қадамның мекенің саналады.

08 шілде 2026 ж. 69 0