Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өмір, мені естимісің?

Өмір, мені естимісің?

Өмірден өз еншісін алуға кез келген адамның хақысы бар. Тырмысып, алға қарай ұмтылған кез келген жанның есімін елеулі етуге деген талпынысы зор. Негізінен, тақырыпқа арқау болып отырған кейіпкерім тағдырдың басқа салғанына бала күнінен көндігіп келеді. Ол – айтар сөзін көпшіліке қоңыр үнімен емес, ым-ишаратпен түсіндіруге мәжбүр. Расында, асқарлық Жанболат Әлсейітов жақынмен сырласуды, кісімен тілдесуді өмірге келген сәттен арман еткені баршаға мәлім.

Дана қазақта «Күш атасын танымас» деген тәмсіл бар. Биыл 28 жасқа келетін Жанболат Серікболұлы қол күрес спортымен бірнеше жылдан бері тұрақты түрде айналысады. Қарсыласын ерік-жігерімен жеңуге ұмтылатын білекті спортшы әрқашан жарыс жолында шыныға түскен. Ата-анасы баласының ел қатарлы сөйлеп кетуін әлі күнге дейін аңсайды. Дегенмен, осыған дейінгі амал-әрекеттің барлығы оң нәтижесін көрсеткен емес. Соған қарамастан жігерлі жас бойындағы қарым-қабілетімен өз есімін көпшілікке таныту үстінде.

Терең толқыныс. Денсау­лығындағы кінәратты жойсам деген айқын мақсат. Әрине, қай кезде де, көз жанарындағы мұңды сездірмес үшін көңілді жүретін Жанболаттың алар асуы алда екеніне сенеміз. Ол – Қызылорда қаласындағы №6 интернатта оқып, кәсіби біліктілігі жоғары бірқатар ұстаздан білім алған. Спортпен қатар, сурет салуды жаны сүйетін Жанболат Серікболұлы жүректегі шер­ді, көңілдегі кірбіңді қағаз бетіне түсірді. Білектің күшімен талайды жыққан жас спортшы іштей бәрін ұғады. Үнемі спорттан қол үзбеген асқарлық жас қатарластарының алды болуға талпынып келеді.

– Жанболат – өте сезімтал жігіт. Айна­ласындағы адамдарды өзіне жақын тартып, барынша көңілді жүруге тырысады. Біз отбасында екі ағайындымыз. Ата-анамыз қашанда перзентінің тілеуін тілеп, Алла Тағаладан жәрдем сұрайды. Менің бауырымның өзгеге ұқсамайтын қасиеті, өзіндік іс-әрекеті бар. Оның денсаулығынан хабардар көпшілік ортақ ұғысуға, ашық ойын білуге ұмтылады. Мектеп қабырғасынан қол күреспен айналысып, облыс көлемінде жеңіс тұғырынан көрінуде. Қазіргі уақытта ауылда жұмыс жасап, еңбегіне қарай табыс тауып жүр. Ерекше бала ретінде қамқорлық көрсетіп, отбасы жылулығын әрқашан сездіре білеміз, – дейді Жанболаттың әпкесі Дана Серікболқызы.

Негізінен, Жанболат Әлсейітов 15 жасынан білікті бапкер Төлеген Жақыптың жаттықтыруымен біршама байрақты бәсе­кеге шығуда. Жалпы, 80 келі салмақта күш сынасатын жас спортшы өз уақытысында облыс чемпионы атанған. Өткен жылы қол күрес шебері Алматы қаласында өткізілген ҚР чемпионатында жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен. Биыл Жамбыл облысында ұйымдастыры­латын ҚР чемпионатына қа­тысып, жеңімпаз тұғырынан көрінуге күш салуда.

– Ауылдың қара домалақ баласы алғаш жаттығу залына келгенде зіл темірді қиналмай көтеріп, өз мықтылығын таныта түсті. Болашағынан зор үміт күттіреген шәкіртім айтқан ақылымды дер кезінде ұғып, қателікпен жұмыс жасай білді. Күнделікті берілген тапсырманы орындап, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында әлеуеті артық екенін байқатты. Әрбір кездес­кен қарсыласының көзіне тік қарап, оның мысын басу үшін техникалық тұрғыдан сауатты қимылдауға ұмтылды. Талабы таудай спортшы өзінің қарым-қабілетіне сенеді. Шәкіртімнің жан дүниесінде болып жатқан кез келген жағдайды аңғарып, ағалық ақы­лымды айтып отырамын, – дейді Төлеген Жақып.

– Ың-ың етті.
Екі қолы ербеңдеп,
Төсін түртті сұқ саусағы «мен», «мен» деп.
Бұдан өңге түк ұқпадым мен де емге –
қиналды әлгі;
Қос жанары телмеңдеп тамып түсер тәрізденді, – деп ақын Жұмекен Нәжімеденов жырлаған өлең жолдары осындайда еріксіз ойға оралады. Қоғам өмірінде кездесетін адами болмыстан жұрдай кей адам мылқаудың күйін кешері рас. Ал Жанболат секілді жандар өмірден алған өз еншісін Тәңірден келген бақыты санайды. Мәселен, жақында Жанболат Әлсейітов отау құрып, құтты шаңырағына келін түсірді. Әкесі – Серікбол мен анасы – Розаның бірнеше жылғы тілегі орындалып, талапты жас Зарина Сембек есімді қармақшылық бойжеткенді өмірлік жары етті. Өз кезегінде жас жұбайларға баян­ды бақыт тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 қаңтар 2024 ж. 133 0