Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№37 газет

19 мамыр 2026 ж.

№36 газет

16 мамыр 2026 ж.

№35 газет

13 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Жасанды интеллект білім саласына енгізіледі

Жасанды интеллект білім саласына енгізіледі

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Жарлықта «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» мәселелер толықтай қамтылған. Бүгінде елімізде 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жатса, оның ішінде 400 мыңнан астамы орта білім беру ұйымдарында жұмыс жасайды. Ал Сырдария ауданындағы 17 білім ошағында жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу жұмысы қарқынды жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі уақытта ЖИ тұжырымы күнделікті өмірде көпшіліктің жиі пайдаланатын сөзіне айналды. Жекелеген салалардың басым бөлігінде жасанды интеллектімен жұмыс үдерісі бәсеңдеген емес. Жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған Жарлықтан туындайтын бірқатар жобалар орта білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын болады.

Мәселен, Үкімет 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадр­ларды даярлауды, білім алушылардың жеке мәліметтерін қорғауды көздейтін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026-2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуді көздейді.

Айта кетейік, Сырдария аудандық білім бөлімі тарапынан мектептерде жасанды интеллектіні қолдануға байланыс­ты кешенді іс-шаралар легі қабылданған.

– Шындығында, Мемлекет басшы­сының Жарлығы – білім беру саласын заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған маңызды әрі стратегиялық құжат. Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу – оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мұғалімдердің жұмыс тиімділігін күшейтуге, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бүгінде әлемдік білім кеңістігі цифрлық трансформация кезеңін бастан өткеруде. Осы орайда, аудан мектептерінде жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен пайдалану оқыту процесін жекелендіруге, оқушылардың қабілетін ерте анықтауға және білім алудағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенеміз. Бұл бас­тама педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Аудан мектептері аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, оқушыларды болашақтың цифрлық қоғамына бейімдеуге бар күшін салады. Жасанды интеллект – уақыт талабы. Сондықтан білім саласындағы бұл маңызды қадам өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына берік негіз болады деп есептейміз.

Айта кетейік, Сырдария ауданы бо­йынша 17 мектептің барлығында информатика пәні бірлестігі құрылған. Аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мақсатында педагогтердің IT және жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіруге ерекше назар аударылуда. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан, ҚР Президентінің АҚШ-қа жасаған қызметтік сапарының қорытындысы негізінде, OpenAI компаниясының арнайы ChatGPT Edu лицензиясын ақысыз пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осыған сәйкес, аудан бойынша 8 мектептен 250 педагогке жасанды интеллект жүйесін тегін пайдалануға қолжетімділік берілді. Бұл бастама мұғалімдердің цифрлық білім беру ресурс­тарын тиімді қолдануына, оқу материалдарын әзірлеу сапасын арттыруға және білім беру процесін жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша барлық мемле­кеттік балабақшаларға тегін сертификаттар таратылып, тәрбиешілердің цифрлық платформалармен жұмыс жасауына жағдай жасалды. Бұл жұмыстар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға және заманауи технологияларды ерте жастан енгізуге бағытталған, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.

Білім саласында қашанда әрбір ре­форманың тиімділігі оқушының сауат­тылығын арттыруға бағытталады. Жарлықты іске асыру мақсатында арнайы пилоттық жобалар енгізіледі. Орта білім беру жүйесінде жасанды интел­лектіні қолдану стандарттары бекітіліп, 2026 жылдың 1 тамызына де­йін пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептер техникалық тұрғыдан жарақтандырылады, соның ішінде тұ­рақты, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі.

Жаңа оқу жылынан бастап педа­гог­тердің кәсіби тұрғыдан үздіксіз дам­уын көздей отырып, олардың қызметіне нұқсан келтірмей әрі алмастырмай, жасанды интеллект технологияларын білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ететін шаралар жоспары қабылданатын болады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
19 мамыр 2026 ж. 41 0