Кенеден келер қауіп көп
Жаз мезгілі орта тұсына жақындаса да, кене шағу қаупі әлі де сейілген жоқ. Сондықтан медицина мамандары тұрғындарды Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу іс-шарасын қатаң сақтауға шақыруда. Аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігерлері тұрғындар арасында түсіндірме жұмысын тұрақты түрде жүргізіп, аурудың белгісі мен одан қорғану жолын кеңінен насихаттауға басымдық беруде.Аудандық емхананың эпидемиолог-дәрігер Гүлзат Баджанованың айтуынша, соңғы жылдары аурудың негізгі тасымалдаушысы саналатын кенелердің саны артып, таралу аймағы кеңейіп келеді. Өз кезегінде бұл жағдай Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағының сақталуына әсер етуде.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы адамға жұғатын аса қауіпті вирустық инфекция. Ауру қоздырғышы адам ағзасына кене шаққан кезде оның сілекейі арқылы енеді. Кейбір кене вирусты өмір бойы сақтап, оны адамға немесе жануарға жұқтыра алады. Сондықтан кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну өте маңызды, – дейді эпидемиолог-дәрігер Гүлзат Баджанова.
Кененің белсенді кезеңі негізінен көктем мезгілінен басталып, жаз бойы жалғасады. Кейбір өңірде олардың белсенділігі күздің алғашқы айына дейін сақталады. Кене көбіне мал жайылымында, бұталы және шөпті алқапта, қора-жайда кездеседі. Олар адамның немесе малдың киіміне, иттің жүніне, тіпті гүл шоғына ілесіп, үй ауласына дейін жетуі мүмкін.
Аурудың алғашқы белгісі кене шаққаннан кейін 2-7 күн аралығында байқалады. Науқастың дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, қатты бас ауруы, буын мен белдің сырқырауы мазалайды. Дерт асқынған жағдайда мұрыннан және қызыл иектен қан кетіп, теріде қанталау мен бөртпе пайда болуы ықтимал. Мұндай жағдайда өздігінен емделуге болмайды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың сауығып кетуі көбіне дер кезінде медициналық көмекке жүгінуіне байланысты.
Мамандар табиғат аясына шыққанда немесе мал шаруашылығымен айналысқанда қауіпсіздік талабын қатаң сақтауға кеңес береді. Ашық түсті, денені толық жабатын киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың немесе етіктің қонышының ішіне салған жөн. Бас киім киіп, дененің ашық бөлігіне және киімге кенеге қарсы репеллент қолдану ұсынылады.
Далада болғаннан кейін өзіңізді және жақындарыңызды мұқият қарап шығу қажет. Егер денеге кене жабысып қалғаны анықталса, оны мүмкіндігінше тез әрі абайлап алып тастаған дұрыс. Кенені жаншымай, арнайы қысқашпен теріге барынша жақын жерінен ұстап, жайлап тартып шығару керек. Кейін шаққан орынды антисептикпен өңдеп, алынған кенені жабық ыдысқа салып, зертханаға жеткізу ұсынылады. Әрбір адамның міндетті түрде медициналық мекемеге қаралып, 14 күн бойы дәрігердің бақылауында болуы керектігі ескертіліп отырады. Кененің көбеюіне жол бермеу үшін көпшілік мал қораларын және ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы акарицидтік препараттармен өңдеуі маңызды. Бұл жұмысты ветеринариялық маманның ұсынысына сәйкес жүргізу қажет, – дейді эпидемиолог-дәрігер.
Жалпы алғанда, қарапайым сақтық шарасын сақтау арқылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуға болады. Ең бастысы – кене шаққан жағдайда уақыт өткізбей дәрігерге қаралып, өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ











