Өнеге мен өнері ұштасқан әжелер ансамблі
Ауыл мәдениеті мен ұлттық құндылықты дәріптеу – бүгінгі күннің маңызды бөлігі. «Жадыра» әжелер ансамблі – Аманкелді ауылындағы мәдениет үйінде 25 жылдан бері үздіксіз өнер көрсетіп келе жатқан, ұлттық құндылықты дәріптейтін шығармашылық ұжым. Ансамбль репертуарында қазақтың халық әндері мен тағылымы мол туындылар орын алған. Ұжым мүшелері өз өнері арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, қазақ әндерін насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.Ансамбль құрамына өмір тәжірибесі мол, өнерге жақын, ел ішінде сыйлы ақ жаулықты аналар жиналған. Олар қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындап, ұлттық өнерді ұлықтауда. Әжелердің әрбір әні мен сахналық көрінісі – тәрбиенің, даналықтың және ұлттық рухтың көрінісі.
«Жадыра» әжелер ансамблі ауыл-аймақта өтетін мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Түрлі мерекелік кештерде, Наурыз мейрамында, салтанатты жиында өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Олардың өнері – тек ән мен әуен ғана емес, ол – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір.
Бүгінде ансамбль мүшелері жас буынға тәлім-тәрбие беріп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға үлес қосуда. Әжелердің өнегелі өмірі мен шынайы өнері – баршаға үлгі.
Ансамбль мүшелері уақыт өте келе тарағанымен, олардың ізін кейінгі буын жалғастырып, үлгі алды. Соның нәтижесінде ансамбль қайта жаңарып, 10 адамнан құралған жаңа құраммен өз жұмысын жалғастырып келеді.
– Аманкелді ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жадыра» әжелер ансамблі осыдан 25 жыл бұрын сахнаға шыққан, бірақ әжелердің денсаулық жағдайына байланысты біраз уақыт қызметін тоқтатқан еді. Соңғы жылдары ұжым қайта жаңарып, 1 жыл бұрын жаңа құраммен сахнаға шығып, өнерімізді жалғастырудамыз. Жомарт Мұхиддинұлы жетекшілік еткен әжелер ансамблі қазіргі таңда «Халәуләйлім», «Сырдария ауданым», «Қазақ дастарханым» әндерімен көрермен жүрегінен жол таптық. Алда жоспарымыз өте көп. Биылғы мүшел жасқа толып жатқан ауыл азаматтары «Жадыра» әжелер ансамблін сахналық киіммен қамтамасыз етті. Айта кетсек, Асхат Раушанбекұлы, Нұрбол Ерланұлы, Жолдас Елікбайұлы, Бекзада Бейжанұлы, Мұқсұнхан Ахметов, Перизат Мубаракова, Жомарт Ахметов демеушілік етті. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін,– дейді ансамбль мүшесі Перизат Мүбаракова.
Сонымен қатар «Жадыра» әжелер ансамблі қарттар үйіне, оңалту орталығына барып, әсем әнімен тыңдарман көңілінен орын таба білді. Осы ретте Бесарық ауылында Наурыз мерекесіне арналған іс-шарада ансамбль өз өнерін көрсетті.
Асыл сөздің, сазды әуеннің қадірін білген елде руханият та өшпейді. «Жадыра» әжелер ансамблі – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани жаңғыруға үлес қосып жүрген ерекше өнер ұжымы. Осы ұстанымды ұстаған мақсаты – ел арасында құрметке бөленген, өнегесімен өрнек болған әжелеріміздің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










