Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

№ 23 газет

23 наурыз 2026 ж.

№ 20 газет

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлт өнерін ұлықтаған аналар

Ұлт өнерін ұлықтаған аналар

Тамыры тереңде жатқан әрбір ауылда халықтың рухани қазынасын сақтайтын әжелер ансамблі бар. Солардың бірі – Тереңөзек кенті клубы жанынан құралған «Ару ана» әжелер ансамблі. Жақында өнер ұжымы киелі Түркістан өңіріне арнайы барып, халық әндерінен попурри орындап, бейнебаян түсірді. Ансамбль жетекшісі Жұмакүл Көшербаева, қолөнер шебері Алтын Нұртаева мен кент клубының әдіскері Ержан Жүнісов, мәдени ұйымдастырушы Айшат Сейтсұлтанова «Turkistan TV» телеарнасының «Жаңа толқын» бағдарламасында тікелей эфирде сұхбат берді.

Сан салада қызмет етіп, өмір жолы өнермен ұштасқан ансамбль мүшелері орындайтын әндерден өткеннің үні, даланың кең тынысы сезіледі. Асыл мұраны бүгінгі күнге жеткізуде әже­лер ансамблінің орны айрықша. Рухани мұраның шырақшысына айналған ардақты аналардың өмірлік тәжірибесі мол. Бүгінде ансамбль репертуарында көбіне халық әндері, көптеген заманауи авторлардың туындылары да кездеседі.

– Уақыт өткен сайын кейбір құндылықтар көмескі тартып, ұмыт бола бастайды. Алайда сол асыл мұраны қайта жаңғыртып, халық жадында сақтап қалатын жандар бар. Олар – әжелер ансамблінің мүшелері. Өнер ұжымы – тек өнер иелері ғана емес, тұтас бір дәуірдің куәгерлері, ұлттық рухтың сақтаушылары. Түркістан қаласына сапарымыз ерекше әсер қалдырды. Талай жыл еңселі еңбегімен танылған әзиз аналар өз өнерлерін ортаға салды. Халық әндерін орындап, жаңа бейнебаян түсіру барысында олар ұйымшылдық үлгісін көрсете білді. Киелі өлкенің сәулеті жарасқан ерекше орындарында бейнебаян сәтті түсірілді. Айта кетейік, «Ару ана» әжелер ансамблінің құрамында 14 ақ жаулықты анамыз бар. Түркістан мен Тереңөзектің арасын жол қылып, асыл аналарымыздың өнерін насихаттауға мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен «Қызылдихан» ШҚ төрағасы Алдаберген Құлбаев пен «Жарбол» ШҚ төрағасы Жарбол Ешмахановқа шынайы алғысымызды айтамыз, – деді көркемдік жетекші Ержан Жүнісов.

Айта кетейік, «Ару ана» әжелер ансамблі «Жаңа толқын» бағдарламасында «Сыр елім» әнін шырқады. Олар Түркістан облысы әкімінің қатысуымен өткен мерекелік іс-шараның құр­метті қонағы болды. Мереке аясында Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталған Алтын Нұртаева жекелеген қолөнер туындысының жасалу технологиясына тоқталды.

– Біздің ансамбль – тек ән айтып, өнер көрсету үшін құрылған ұжым емес. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір. Әрбір әженің жүрегінде сақталған асыл мұра – халық әндері, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие – біздің басты байлығымыз. Ансамбль мүшелері – өмірдің талай белесін өткерген, даналықтың дәнін бойына сіңірген жандар. Олар сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық құндылықтарды дә­ріптеп келеді. Біздің мақ­сатымыз – қазақтың ұмыт бола бастаған әндерін жаң­ғыртып, салт-дәстүрін насихаттап, жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық рух ұялату. Осындай игі жолда бізге қолдау көрсетіп жүрген барша жанға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да сіздердің сенімдеріңізді ақтап, өнері­мізбен қуанта береміз деп сенеміз. Бұл ретте ұжымды алға бастап жүрген Жұмакүл Көшербаеваның еңбегі орасан, – деді Алтын Нұртаева.

Қазіргі уақытта ансамбль құрамында Гүлвира Бисембаева, Нағила Мұқанова, Гаухар Аяпова, Айман Әбілдаева, Тойкүл Сәдуақасова, Айсұлу Байтілеуова, Мирамкүл Абдуаитова, Бисенкүл Мамырбаева, Құндызай Айманова, Роза Ағатаева, Айткүл Сағымбаева, Гүлзина Мырзатаева бар.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

28 наурыз 2026 ж. 54 0