Ұлттық дәмді ұлықтаған сайыс
Қазанжаппай – қазақтың ұлттық асының бірі. «Ас атасы – нан» деп нан тағамдарын ерекше құрмет тұтатын халық үшін ертеректен сақталған бұл дәмнің ерек екені сөзсіз. Ұлттық мұраны жаңғырту мақсатында ұлттық тағамды әзірлеуден тағылымды сайыс өтті. Байқауды Қоғалыкөл ауылдық клуб үйі мен Әйелдер кеңесі бірлесе ұйымдастырды.Іс-шара қазақ халқының ұлттық тағамдарын кеңінен насихаттау мен ұмыт бола бастаған ас дайындау дәстүрін жаңғыртуды мақсат етті. Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, үлкендердің өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі еткен сайыс ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғай түсті. Байқауға әжелер қатысып, дәмі тіл үйірген асты бірлесе әзірледі.
– Ұлттық тағам – халықтың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Әрбір ас түрінен ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігі, қонақжайлығы, табиғатпен етене өмір салты көрініс табады. Сол құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тағамдардың жасалу ерекшелігін кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында қазанжаппай пісіруден ерекше сайыс ұйымдастырылды. Сайыс барысында ақ жаулықты әжелер қазанжаппай нанын әзірлеудің дәстүрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ұлттық тағамның ерекшелігі мен тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті. Қатысушылардың шеберлігі мен тәжірибесі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық мұраға деген құрметті арттыра түсті. Ұлттық дәстүрді дәріптеп, жас ұрпақтың бойына халқымыздың рухани құндылықтарын сіңіруге бағытталған мұндай игі жұмыстар ұлт мұрасының өміршеңдігін айқындап, рухани сабақтастықтың нығаюына өз үлесін қоса береді, – деді аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева.
Сайысқа қатысушылар ұлттық нақыштағы киім киіп, қазанжаппай дайындаудың қыр-сырын шеберлікпен көрсетті. Әр команда қамыр илеп, қазанжаппайды дәстүрлі тәсілмен әзірлеп, оның дайындалу жолы мен тағамның тарихы туралы мазмұнды мағлұмат берді. Қазылар алқасы тағамның дәмін, әзірлену әдісін, сыртқы көрінісін, ұлттық дәстүрдің сақталуын және қатысушылардың шығармашылығын жан-жақты бағалады.
– Қазанжаппай – бала күнімізден көріп өскен, берекенің белгісіндей болған ұлттық тағам. Осындай сайысқа қатысу арқылы ата-бабамыздан жеткен ас мәзірін жаңғыртып, жастарға таныстыруға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Ұлттық тағам – ұлттың рухани қазынасының бір бөлшегі. Мұндай игі бастамалар жиі ұйымдастырылса деген тілегіміз бар, – дейді әжелер ансамблінің мүшесі Бақыт Серікбайқызы.
Байқау соңында қатысушылар арнайы марапатталып, алғыс хатқа ие болды. Бұл іс-шара тек аспаздық шеберлікті ғана емес, халқымыздың бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттаған тағылымды мерекеге айналды. Осындай мазмұнды байқаулар ұлттық мұрамызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеуге, жас ұрпақтың бойына елжандылық пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан атадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету – парыз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










