Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рақымшылық – түзелуге зор мүмкіндік

Рақымшылық – түзелуге зор мүмкіндік

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Рақымшылық азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдағы ізгілік қағидатын нығайтуға және сотталған азаматтың қайта әлеуметтенуіне мүмкіндік беретін маңызды құқықтық қадам ретінде саналады.

Рақымшылық – мемлекеттің белгілі бір тарихи немесе қоғамдық маңызы зор оқиғаға байланысты ізгілік танытып, заңда белгіленген талапқа сәйкес жекелеген санаттағы адамды қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазадан толықтай не ішінара босатуы. Кінәні жоққа шығару немесе сот үкімінің күшін жою емес, мемлекет тарапынан жасалатын гуманистік сипаттағы құқықтық іс-шара санатында.

Айта кетейік, рақымшылық Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік саласын қатар қамтуымен ерекшеленеді. Заң жобасы бұған дейін Парламент Мәжілісінде қаралып, мақұлданған болатын. Енді Мемлекет басшысының қол қоюымен құжат заңды күшіне енді.

Алдын ала есеп бойынша рақымшылық шарасы шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Оның ішінде, 15,3 мыңнан астам сотталған азамат рақым­шылықтың игілігін көреді. Аталған көрсеткіш еліміз­дегі қылмыстық-атқару жүйесі үшін де, сотталған азаматтың қоғамға қайта бейімделуі үшін де ерекше маңызға ие.

Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылық пен ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам қылмыстық жауап­кершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады. Ауыр­лығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі екі есеге қысқартылып, қалған мерзімінің жартысы кешіріледі.

Рақымшылық аясында келтірілген материалдық залалды толық өтеген ауыр қылмыс жасаған сотталған жандар жаза мерзімі үштен бірге, ал аса ауыр қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтеген жазасы төрт­тен бірге қысқартылады.

Залалды өтемеген азаматқа қатысты да белгілі бір жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, ауыр қылмыс жасаған жандар жаза мерзімі төрттен бірге, ал аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы бестен бірге азая­ды. Мінез-құлқы оң бағаланған, тәртіп бұзушылығы жоқ және рақымшылық қолданылатын сәтте жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталған азамат жазасының қалған бөлігін өтеуден толық босатылады. Оның қоғамға ертерек оралып, қалыпты өмірге бейімделуіне мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, рақымшылық нәтижесінде 4,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазадан толық босатылса, 10,8 мыңнан астам соттал­ғанның негізгі жаза мерзімі қысқарады. Өз кезегінде сотталғандардың түзелуге деген ынтасын арттырып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді.

Заңда рақымшылық қолданылмайтын жекелеген тұлғаның нақты тізбесі белгіленген. Мемлекет қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін басты назарда ұстай отырып, қоғамға ерекше қауіп төндіретін қылмысқа барған адамға бұл жеңілдікті қолданбайды.

Атап айтқанда, террористік, экстре­мистік, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағанға, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелеріне, азаптау қылмысы үшін сотталғандарға, кәмелетке тол­мағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға, қылмысты қай­талап жасағандарға, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға және сырттай сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайды.

Шектеулер рақымшылықтың ізгілік қағидатына негізделгенімен, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілетінін көрсетеді. Яғни мемлекет бір жағынан түзелуге мүм­кіндік берсе, екінші жағынан ауыр және қоғамға қауіпті қылмысқа қатысты жауапкершілікті сақтайды.

Сарапшылардың пікірінше, рақымшылық институты халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын құқықтық тетік болып саналады. Оның негізгі мақсаты – жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтай отырып, түзелуге мүмкіндік беру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және құқықтық саясаттың гуманистік бағытын күшейту.

Аталған рақымшылық – Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде ізгілік пен әділеттілікті ұштастыруға бағытталған саясатының айқын көрінісі.

Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң еліміздің құқықтық жүйесіндегі маңызды гуманистік қадам ретінде бағалануда. Рақым­шылық қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, түзе­лу­ге ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндік беруге және құқықтық реформалардың тиімділігін арттыруға бағыт­талған маңызды бастама саналатынын ұмытпаған жөн. Әрине, қоғам өмірінде жаза басқан жандар қатары жеткілікті. Адами құндылықты алдыңғы орынға қойған дұрыс.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
09 шілде 2026 ж. 274 0