Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күрделі саланың сайыпқыраны

Күрделі саланың сайыпқыраны

Дәрігер қай кезде де өмір мен үміттің арашасы бола жүріп, сырқаттың жанына дәру дарыта білетіні айқын. Жанға шипа сыйлаған әрбір ақ халатты абзал жанның медицина саласындағы өлшеусіз еңбегі зор. Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Қабылдау» бөлімшесіне тәулік бойы сан түрлі сырқаты мазалаған және орта және ауыр халдегі жандар толассыз келеді. Осындайда жас та болса, өз біліктілігімен танылған Ержан Кенбаев әрбір адамның аяққа тұруына, сырқатынан айығуына барын салуда.

«Қабылдау» бөлім­ше­сінде қа­уырт әрі күрделі жұмыс үлгісі қалыптасқан. Бір сәтке дамыл көрмейтін дәрігерлер «Жедел жәрдеммен» келген науқастың диагнозын анықтап, шұғыл шешім қабылдайды. Осындайда бө­лімше дә­рігері Ержан Кенбаев кәсіби бі­лік­тілігіне сү­йе­неді. Заматында 5-6 науқастың жағдайын бағдарлап, медбикеге ем-шара жасау үшін нұсқаулық береді. Өмір үшін күресте науқасты уайымнан арылтып, үміттің сәулесін жаға біледі. Жанның шырағын жандырған кейіпкеріміз еш уақытта шаршауды білмейді. Ажалмен алысып, қанша адам өмірін сақтап қалатын білімді маман ретінде көпшілік Ержанның жұмысына жақсы баға береді.

Ержан Кенбайұлы – Тереңөзек кентінің тумасы. Биыл ордабұзар отыз жасқа келген жас маман бөлімшеде өз біліктілігін шыңдау үстінде. Аудан орталығында орналасқан №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі арман қуып Астанаға атбасын бұрады. Елордадағы медициналық университетіне оқуға түсіп, «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығын меңгеріп шығады. Осыдан 6 жыл бұрын дәрігер ретінде жұмысқа орналасқан Ержан Кенбайұлы алғашқы еңбек жолын Қостанай облысына қарасты Ұзынкөл аудандық ауруханасынан бастайды. Сонымен қатар кейіпкеріміз облыс орталығында темір жол ауруханасында, Солтүстік Қазақстанға қарасты Қызылжар аудандық орталық ауруханасында терапевт болып лайықты еңбек ете білді.

– Оқу бітірген жылдары үлкен қалаларға барып, аға буын өкілдерімен қызмет еткен болатынмын. Көпті көрген дәрі­гер­лер бар біл­ген­дерін үйретіп, жол көрсете білді. Медицина саласында қателікке ешқашан жол беріл­мейді. Кез келген жалпы тәжірибелік дәрігер науқастың жағдайына бей-жай қарамауы тиіс. Шын мәнінде, бүгінде «Қабылдау» бөлімшесіне кішкентай бала, орта жастағы және егде тартқан кісілер көптеп келеді. Мұндайда біз науқасқа алғашқы көмек ұсынып, жағдайын жақсартуға күш саламыз. Егерде денсаулығы жақсара қоймаған жағдайда аурухана бөлімшелеріне жатқызуға жұмыс жасаймыз. Біз үшін әрбір адамның өмірі маңызды. Күні-түні кәсібилікті арқау етіп, адам өмірін аман алып қалуға ықпал етеміз. Туған жерге оралып, халық алғысын арқалау мен секілді жастарға ерекше қолдау деп білемін, – деді Ержан Кенбаев.

Өз кезегінде білікті дәрігер Дәуірхан Тағыбергеновпен бірге жас дәрігер жұмысы күрделі саналатын ұжымның жұмысына серпін береді. Оның біліктілігі мен білімділігін аудан тұрғындары ұдайы іздеп келіп, денсаулығына қатысты кеңес алып жатқанынан анық аңғарамыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

17 маусым 2025 ж. 418 0