Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№50 газет

04 шілде 2026 ж.

№49 газет

30 маусым 2026 ж.

№48 газет

27 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Қос ішектен төгілген ұлт рухы

Қос ішектен төгілген ұлт рухы

Шілде айының алғашқы жек­сенбісінде қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше мерекенің бірі – Ұлттық домбыра күні аталып өтіледі. Ерекше маңызға ие мереке қазақ халқының ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген қасиетті мұрасын ұлықтайтын, ұлттық өнердің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған. Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні, халықтың рухани жадын сақтап келе жатқан киелі аспап. Оның қос ішегінен төгілген әрбір күйде қазақтың тарихы, тағдыры, елдік рухы мен ерлік шежіресі жатыр. Осындай ұлттық өнер жанашырының қатарында аудандық Өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі Мейрамбек Кенжебаев бар.

Жыл сайын әріптестерімен бірге атаулы күнді атап өтетін Мейрамбек Кенжебаев 1979 жылы Шаған ауылында дүниеге келген. Қазақы тәлім-тәрбиеге сусындап өскен ол бала күнінен ұлттық өнерге ерекше қызығушылық танытты. Домбыра үні естілетін ортада тәрбиеленіп, күй өнеріне деген сүйіспеншілігі ерте қалыптасты. Алғаш мектеп табал­дырығын аттаған болашақ ұстаз өнерге деген ынтасының арқасында Шаған ауылдық музыка мектебіне қабылданады. Мұнда белгілі ұстаз Өмірбек Сарыбаевтың сыныбында білім алып, домбыра өнерінің қыр-сы­рын меңгереді. Ұстазының тәлімі оның шығармашылық жолының қалып­тасуына ерекше ықпал етті.

Кейіннен кәсіби біліктілігі жоға­ры ұстаз Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түседі. Бұл – оның кәсіби өнер жолындағы алғашқы маңызды баспалдағы еді. Алайда азаматтық парызын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады. Әскери қызметтен кейін оқуын қайта жалғастырып, кәсіби білімін толық игеріп шығады. Бұл оның өнер­ге деген адалдығы мен қайсар мінезінің айқын көрінісі болатын.

– Домбыра – ұлттың төлқұжаты. Қазақтың қуанышы мен қайғысы, азаттығы мен арман-аңсары, салт-дәстүрі мен дүниетанымы күй арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды. Бүгінде мемлекет тарапынан ұлттық өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті сақтау мәселесіне әрдайым айрықша мән беріп келеді. Ұлт қазынасы – мен үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ол – өмірімнің мәні мен маман­дығымның өзегі. Бала күнімнен домбы­раның күмбіріне құлақ түріп өстім. Ауылдағы той-томалақта, мәдени іс-шарада орындалған күйді тыңдап, қос ішектен төгілген әуеннің ерекше құдіретін сезіндім. Сол қызығушылық мені Шаған ауылдық музыка мектебіне жетеледі. Онда ұстазым Өмірбек Сарыбаевтан тәлім алып, күй өнерінің қыр-сырын меңгере бастадым. Ұстазымның берген білімі мен ақыл-кеңесі менің өнер жолын таңдауыма үлкен әсер етті. Өз кезегінде сол кездегі ұстазым, қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының профессоры ретінде қызмет ете­тін, күй өнерінің майталманы Төлепберген Тоғжановтың еңбегін айрық­ша айта кетейін. Ұстаздық – үлкен жауапкершілік. Домбыра үйрету дегеніміз – баланың саусағын пернеге дұрыс басуды ғана емес, оның жүрегіне ұлттық рухты, елге деген сүйіспеншілікті, ата-баба мұра­сына деген құрметті сіңіру. Әрбір шәкіртімнің домбыраны сүйіп, күйдің мәнін түсініп, ұлттық өнерге жанашыр болып өсуі – мен үшін ең үлкен жетістік. Шәкірттерімнің халықаралық және республикалық байқауда топ жарып, ауданымыздың мерейін асырып жүргенін көргенде, ұстаздық еңбегімнің жемісін сезінемін. Бұл жетістік – шәкірттердің талпынысы мен ата-ананың қолдауының, ұстаз еңбегінің ортақ нәтижесі. Ұлттық домбыра күні – барша қазақтың рухани мерекесі. Осындай айтулы күндер жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, домбы­раның қадір-қасиетін тереңірек түсіну­ге ықпал етеді деп сенемін. Өйткені домбыра – қазақтың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір. Оның күмбірі ешқашан үзілмей, қасиетті өнеріміз ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жете берсін, – деді Мейрамбек Өткелбайұлы.

Өнер жолын ұстаздық қызметпен ұш­тастырған Мейрамбек Кенжебаев аудандық Өнер мектебінде еңбек етіп келеді. Ол үшін ұстаздық жай ғана мамандық емес, ұлттық мұраны келер ұрпаққа аманаттау жолындағы қасиетті міндет. Осы жауапкершілікті терең сезінетін ұстаз әрбір шәкіртіне орын­даушылық шеберлікпен бірге, өнердің тәрбиелік мәнін де үйретуде. Қаншама еңбекпен келетін жетістік – ұстаздың кәсіби біліктілігі мен тынымсыз ізденісінің жемісі.

Өнерлі ұстаздың өміріндегі тағы бір үлкен байлығы – отбасы. Осыдан 24 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, өмірлік серігі Индира Бергенқызымен отау құрды. Индира Бергенқызы – аудандық Өнер мектебінің баян сыныбының мұғалімі. Өнерді өмірінің өзегіне айналдырған ерлі-зайыпты ұстаз­дар жас талантты тәрбиелеуге бірге үлес қосуда. Осы күні олар көпбалалы, өнегелі отбасы ретінде ел құрметіне бөленіп отыр. Ең қуаныштысы – ата-анасының өнерге деген сүйіспеншілігін ұл-қызы да жалғас­тыруда. Мейрамбек Кенжебаев секілді өнер жанашырларының еңбегі арқылы қазақтың күй өнері өміршеңдігін жоғалтпай, жаңа буын­ның жүрегінен орын алуда. Осындай өнерпаздардың арқасында ғасырлар қойнауынан жеткен қасиетті күй күмбірі әлі талай ұрпақтың рухын асқақ­тайтыны сөзсіз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
04 шілде 2026 ж. 120 0