Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжан ахунды танып-біліп болдық па?

Қалжан ахунды танып-біліп болдық па?

Есімі Орталық Азия мен Қазақстанға белгілі Қалжан ахунның сән-салтанаты келіскен мешіт-медресесі үлкен жолдың бойында менмұндалап тұр. Осы ғимараттың өзінен-ақ оның иесі кім болғанын аңғаруға болады. Туғанына 165, өмірден өткеніне 110 жыл болған Қалжан Бөлекбайұлының есімін жұртшылық қастерлеп, құрметтейді. Осы жылдар аралығында Қалжан ахун жайлы 2-3 кітап, 30-дан астам мақала жазылған. Ол туралы арнайы ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді. Мешіт-медресесі күрделі жөндеуден өткізіліп, мемлекет қарауына алынған.

Дегенмен «әлі де болса ірі дін өкілі Қ.Бөлекбайұлының бар-болмысын толық зерделеп болған жоқпыз-ау» деген оймен осы мақаланы жазып отырмын. Ахун өмір жол­дарының нақтылау керек тұсы бар. Ол кісінің туған жылы мен Сыр еліне келуі анықтауға сұранып тұр. Немересі Шамсия Омыққызы Қалжанова «Қалжан ахун» атты кітабында 1861 жылы Хорезм елінде туғанын, Сыр бойына 1890 жылы келгенін жазған. Алайда басқа немерелері мен зерттеушілер ахунды 1857-1858 жылдары туған деседі. Ш.Қалжанова атасының құрдасы Иманқұл саудагер екенін айтады. Архивтік құжаттарда И.Жалмағанбетұлын 1858 жылы туғанын көрсеткен.

Бір мәселенің басы ашық. Оның әке, ата­ларының туған жері – Ақтөбе облысының Жаман қарғалы жері. Сондағы тартулы (ағым) табынның бір бөлімі Қожантай бабадан тарапты. Қожантайдан – Бейсенбай (Бесбай) – одан Жүзбай, Жүзбайдан Бөлекбай туған. Қалжан ахун Бөлекбай атадан тараған. Жоғарыда аты аталған кітапта Қалжан Бөлекбайұлының 1880-1890 жылдары Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде құқық бөлімінде оқығаны жазылған. Архив деректері қолымызға тие қой­мағандықтан көп зерттеу жасаған Шамсияның тұжырымы дұрыс секілді.

Жалпы сонау Үргеніштен Сыр еліне келуіне басты себепкер. Бұларда оқыған Ораз ахун «Көкілташқа» барған сапарында Қалжанмен танысып, онымен бірге алып келіп, шағын мешітінде бала оқытқан. Қалжан сонда жүріп Ораз-Мухамедтің қызы Зейнеппен бас қосады. Ахунға Зейнептің (1847-1944) өзі ғашық болған көрінеді. Бір-екі жылдан кейін Қалжанды өзіне шақырған Ораз ахун Жалағаш пен Тереңөзектегі табын ағайынның аралына бару керегін айтады. Сонымен Қалжан ахунның тұрақты қонысы қазіргі мешіт-медресе тұрған жер. Ағайындары алдымен ахун отбасы тұратын үй және шағын мешіт, алдына мал салып беріпті. Аз ғана жыл ішінде өзінің қарапайымдылығы және діни білімділігімен есімі ел арасына кеңінен тарайды. Тіпті, Тереңөзектен асып, Ақмешіт жұртшылығына жетеді. Бұл ақпарды естіген Первый уезінде сол ояз бастығы жас молданы тықсырып алуға өзіне шақыртады. Сонда Қалжан баба: «Менің онда шаруам жоқ» деп бармапты деседі. Осыған шамданған ояз бастығы әскермен алдырмақ болған. Оны сезген Қалжан Бөлекбайұлы бір-екі жыл Үргеніш жаққа жылыстап кетеді. Бұл оқиға турасында Садық ахун Қодарұлының жазғанында кездесті.

Қазіргі сәулеті келіскен Сырдағы үлкен мешітті (медресе) сол Хорезм жақтан қайта келгесін 1901-1903 жылдарда бастаған (кей деректерде) 1906-1913 жылды көрсетеді. Көпшілікке баласы Уамықтың айтуынша, 1902-1903 жылы мешіт іргесі басталып, 1921 жылы пайдалануға берілген.

Зерттеушілер бұл мешіт-медресенің сызбасын Қ.Бөлекбайұлы Бұқардан жасатқанын алға тартады. Шынында да Қалжан ахун мешіті мен медресесінің түр-сипаты Қызылорда облысындағы діни ошақтардан өзгеше. Мешіттің ішкі ауласы бар тікбұрышты. Ғимарат құм түстес кірпіштен қаланған. Орталық қақпаның оң жағында мешіт, қалған бөлігінде бөлме­ салынған, бұлар шәкірттерге діни сабақ берілетін орын болған. Жалпы аумағы 43.7 x 43.0 метрді құрайды. Мешіт 1929-1930 жылдарда сауаттандыру мектебі, 7 жылдық мектеп, кейіннен астық қоймасы, 1937 жылы келген корейлерді ұстау лагері ретінде пайдаланылған деседі. Басқасын қайдам, өзіміз көргенде мешіттің ауласында тырма, басқа да техника қалдықтары жатқанын көрдік.

Қалжан ахун 1916 жылы Жалағаш теміржол бекетіндегі камазда қайтыс болып, ағайындары әрі-бері тартып Қайқы Ұзақұлының айтуымен қазіргі «Сағанасы» тұрған жерге қойылады. Сағана қабырғалары 60 см, көлемі 6 шаршы метр, жалпы көлемі 9,8 x 14,5 м, биіктігі 3-4 метр. Сағана Қалжан ахунға арнайы салын­ған. Сағананың кіре берісінде үш карниз орна­тылған. Ішінде арнайы намаз оқитын орын, бұрышында ахунның өзі, балаларының қабір­лері бар. Бұрышында «1334» деген арабша жазу жазылған. Бұл 1916 жылды білдіреді.

Мешіт пен сағана бұрынғы Тереңөзек ауда­ны­ның орталығынан 18-20 шақырымда орна­ласқан.

Қалжан Бөлекбайұлы Көкілташ медре­сесінде құқық бөлімін бітірген. Діни-ағарту­шылық қыз­метімен қатар Шығыс ғұламаларының еңбегін жетік білген және оларды насихаттаған. Ол кісі ірі діни қайраткер ғана емес, ауа райын, табиғаттың өзгерісін болжаған. Ахунның жағ­рапия, астрономия ілімдерінен мол хабардар болғаны аңғарылады. Балалары Уамық (Омық), мұғалімдер мен қатар шәкірттерінің аралында: Әбдрашид Бердәулетов, Рахым Алшынбаев, Сейіткерей Усабаев, Бисенбай, Жаппасбай атты белгілі азаматтар шыққан (Бұлар өзім білетінім ғана).

Қалжан ахунның 9 перзенті болған. Яғни 5 ұлы, 4 қызы бар. Олардың барлығы «Сағанада» жерленген. Бәріне де ескерткіш белгі қойылған. Ахун Сыр еліндегі белгілі азаматтармен сырлас болыпты. Олардың қатарында Бұқарбай, Сейіл, Қайқы батыр, қабырғалы би Қалдан Талқанбайұлы, Бозжан ақын, Балқы Базар есімдері белгілі. Діннің ірі өкілдері өзімен замандас, кейбірімен құрдас Алтайбек, Мырзабай, Садық ахундармен сыйлас, сырлас болғанға ұқсайды. Соның бір дәлелі ретінде Алтайбек ахун (қожа әулеті) ауырып жатып Қалжан ахунға сәлем айт өлеңін жібереді.

... Құрметті Қалжан ахуным,
Жолаушы жүрмек жатырмын.
Маған бір ат даярла.
Мықтылығы өзімдей болсын,
Жүйріктігі өзіңдей болсын.
Жырғалығы Тұрғанбайдай болсын, – деген әзіл өлеңінде көп мән жатыр емес пе?
1913 Таубайдың Жүсібі мен Ыбыраштың Ержанұлының айтысында: (Ыбыраштың айт­қаны)
...Шамшаддин, Мырзаекен мен, ақын Садық,
Қалжекең, Дәулетназар, һәм Әлібай
Жылқайдар, Әбдікәрім, бұл Тоқсанбай
Ақылдың даналары міне, осылар, – деп жазыпты. Осындағы Қалжекеңі – Қалжан аухн.
Ахун ұрпақтарының айтуынша, Қалжекең үнемі тәжік шапанын тастамайды екен. Оның Парсы тіліне деген сүйіспеншілігі болар деп топшылаймыз.
Есімі Сыр мен «Әмудария» аймағына жайыл­ған Қ.Бөлекбайұлы діни ғұлама ғана емес, ақын­дығы да болған сияқты. Оны ел аузында Қалжан ахун айтқан сөздер аңғартып-ақ тұр:
... Осы жер жұмыртқадай дөп иленген,
Әуелде оның өзін төртке бөлген.
Төртеудің үшеуі су, біреуі құр.
Бекер деп кім айтады кітап көрген, – деуі ол кісінің ғылымды меңгергенін аңғартады.
Бас қосқан бір мәжілісте ахун-имандар әр­түр­лі тақырыпқа әңгіме қозғап, соңы өлім мен өмір хақындағы өлеңге ұласқан. Бесінші ретте Қал­жан ахун:
Төрт жүйрік төге түйіліп, түйіп құйрық
Шыққандай бір ауыздан айтып өңшең
Пар келмек ол ерлерге бірге қайда
Қиналып қысылған мен батып белшең?!
Алайда көңілі кең ағалардың
Ләззатын нұсқалардың оқып көрсем
Бұл өлім бір басыңа болған мирас,
Жаратқан жарлығымен жапан келсең.
Алдыңда әр не барын адам білмес,
Күн бітіп керуендей сен үдерсең
Дүниеде тәубаңызға сенбесең.
Жеткізіп жаннат, яки тамұқ күйсең.
Абырой ол арада біз алғаймыз

«Құлым» деп ғапу рақым» Тәңірің сүйген, – дегенде адамға өлімнің мирас екенін тұжырым­даған. Алтыншы ретте Арын Сейтімұлы жал­ғастырған.

Қ.Бөлекбайұлының қоғамдағы орны жоғары еді. Ол мұндай абыройға өзінің қарым-қажылы және білімділігімен жетіп отыр. Соның бір мысалы, Қалжан ахун Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек төңірегіндегі оқуға құмартқандарға әркез көмек­тесіп отырған. Белгілі әдебиетші, ғалым Мардан Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты зерттеу-еңбегінде (12-13 бет) «...Ұстазы Қалжан ақынның жазып берген хаты бойынша Бұхарадағы мырза Ұлықбек медресесіндегі «Манақтың немересі Мәмбет» деген Керейіттің (руы) һүжіресіне (жатақхана) зорға дегенде орналасады». 1895 жылы байлығының арқасында Орталық Азия мед­ресе­сінен осы һүжірені жеке меншігіне сатып алған (кітапша 1959 жылы Қазақ ССР «Білім» қоғамының баспасынан шыққан). Бұған қоса Қалжан ахунның немересі есім жолдаған хатты оқып көрелік (жылы белгісіз).

«Бітімі бөлек, жомарт жан, махаббаты көп мейманды құрметті Өтеген би ағамыздың аса биік мәртебесіне көптен көп сәлемімді жолдаған соң жүректен жүрекке жетер өтініміз бұ дүр: Хадис шарифтегі сөз мазмұнындағы ұзақ жол, алыс мекен деген «Әплу захар» (шариғат адамдарының) сөзі дүр, ал «Асхаба дил» жүрек иелерінің мазғабында Ғашығы қайда болса, сүйгені де сонда-дүр. Хафиз (рахману Алла); Өзара алыс болса да, есіне сені алып бокал көтереді рухани сапарда жүрсе үйіңді алыс көрмейді».


Бұл кіріспе сөзден мұрат осы хатты апарған (Хамул рақым) Абд ал-Садық ахунға мырзасы (ағалық) еткейсіз. Сөзіңіз һәм Тәңірі Тағала тірлік берсе ізіңізден жеткей. Сіздерге сәлем және құрметпен, барша қауымға, ағайын туысқа сәлем Молла Қалжан (парсы тілінен аударып берген Өмір Тұяқбай, қаңтар, 2026 ж). Менің шамалауымша 1894-1895 жылдары жазылған және Садық ахун Қодарұлына көмектесуді сұраған.
Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Қ.Бөлекбайұлына көптеген ақын-жазушы өлеңін арнаған. Бірде Жорықбай (жырау) Табынбайұлы (1872-1933) Басапа (ишан) Алдабер­генұлы­на қаратып айтқан өлеңінде:
... Осы Құдайға жылаймын,
Біреуі қыл деп аппақтың.
Ақымызда ес бола ма,
Қалжан, Тапал ахундардың алдында
Өлең айтып қақсаппын, – деп солардың ықы­ласын көргенін өлеңдеткен.
Қалжан Бөлекбайұлының кейбір деректе төрт некелі болғаны айтылады. Бірінші әйелінің есімі – Халіш, екіншісі – Күнбала, үшіншісі – Зейнеп, төртіншісі – Қаным. Ғалым Мардан Байділдаевтың жазбасында жоғарыда есімі атал­ғандарды (Халіш пен Күнбала) атаған және әрі ақын, әрі молда Тұрмағамбет Ізтілеуовтің (Шағатай тілі бойынша) Хилш (Халіш) атты өлеңінде:
– Херу Хубани ғалам срур хайлу пәшәр
Муснаду назик бәден, тәжу сәр аплу ғажам.

Белгілі ғалым, Ислам зерттеулер институты­ның директоры Қыдыр Төрәлінің «Сыр еліндегі шайырлық шеберлік» атты мақаласында Қалжан ахун Бөлекбайұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығыс үлгісімен өлең-сөзбен сөз жарыстырғанын жазыпты. Түрекенің Қалжан ахунның бірінші әйелі Халішке арнаған өлең жолдарын Шағатай тілінде жазыпты.

Ел ішінде тағы күпті болып жүрген деректің бірі – Қалжанның Құнанбай Өскенбайұлына берген батасы хақында. Ал Омыққызы Шамсия Қалжанова (1929 жылы туған) «Қалжан ахун» атты зерттеу кітабында Сырға келгені 1890 жылдан кейін екенін айта отырып, (319-бетте) «...Ақмешіт округінде ол 1894 жылдан бас­тап тұрған. Сондықтан Құнанбай қажының Қалжан ахунның үйінде қонақ болуы мүмкін емес» деп жазған. Сөздің тоқ етері осы болар. Осыған дерек ретінде Шәкәрім қажы (1818-1931) Құдайбердіұлы­ның 1911 жылы Орынборда шық­қан шежіре кітабында:

«... В 1870 году он совержил хадж (паломничество) в Мекку и там для паломников-казахов купил гостиничной дом и принес в нем жертвоприношение (83-бет)… Хаджи умер в августе 1885 года в возрасте восемьдесят одного года» (84-бет) деген жол бар. Сонда Қалжан ахунмен кездеспеген Құнанбайды «кездестіріп» жүрген жазғыштарға таң қаламын. Сонымен Қалжан Бөлекбайұлының өмір жолы, өскен ортасы, алған білімі, салған мешіт-медресесі, шәкірттерінің бірсыпырасы бел­гілі болып отыр. Отбасы, ұл-қыздары, тағы басқа деректермен дәйектелген. Алайда, менің ойымша, кемшін тұстар, шығармашылығы діни-ағартушылық қызметі терең талданып, зерттелмеді деп жүргенде, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының магистранты Айдана Нұрланқызының «Қазақстандағы ислам­дық білім беру жүйесіндегі Қалжан ахун Бөлекбайұлының сіңірген еңбегі» туралы зерттеу мақаласы қолыма тиді. Әсіресе, Қалжан ахун қолжазбалары мен пайдаланған кітаптары хақында біршама зерттеу жасаған. Олар садақа, алтын-күмістің зекеті, синтаксис, неке, талақ, зина, мирас, грамматика, әжетхана әдеті, ғибадат, ораза, рамазан айы, намаз қазасы, соғыс, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) миғражға көтерілгені туралы болған.

Ахунның немересі көп жыл шетелде тұрып келген Ғасанатулланың музейлерге өткізген қолжазбасы хақында сөз қозғап, талдаған екен (оншақты). Әсіресе, діни кітаптарының құны жоқ деуге болады. Ескі түрік тілінде жазылған: «Далаиль аль-Хайрат» (1893, Ташкент) «Рисалату аш-Шамсия», «Құран кәрім», «Шарх-ул-анаид әннәсафия» т.б кітаптары баршылық. Қ.Бөлекбайұлының кітаптары мен қолжазбалары оның жиналмаған, кешегі кеңестік қуғын-сүргін кезінде бірсыпырасы қолды болған сияқты. Зерттеу, іздеу керек. Әлі де толыққанды зерделеу қажет.

Қорытынды есебінде Қалжан ахун Бөлек­байұлының Сырдағы ахун-ишандардан бір өзге­шелігі, біріншіден, діни сауатты, білімді болуы. Екіншіден, бүгінде өз есімімен аталған сәнді де сәулетті мешіт-медресе салуы. Үшіншіден, білікті шәкірттер тәрбиелеуі. Төртіншіден, кей­бір кісілерге көмектесуі. Бесіншіден, ел аға­ларына әрдайым ақыл-кеңес беруі. Алтыншыдан, шығыс ғалымдарының еңбектерін аудару, түсіндіру сияқты істері және Омық пен пен Мұғамар атты балаларын діни-ағартушылық салаға бағыттауы демекпін. Сонымен қатар ірі діни қайраткер, артына өшпейтінде мол мұра қалдырған тұлға ретінде бағалаймын. Кей ретте ел ағаларын ауызбірлікке шақырып, шешуші сөзді айтқан кісі.
Шежіре бойынша, Бөлекбайдан: Нұрымбет, Шайымбет, Жайымбет, Бекнияз, Қалмұхаммед (Қалжан) тараған. Қалжан ахунның өзінің жолын қуған Омық пен Мұғамарға тоқталып өтпекпін.

Омық (Уамық) мақсұм. Омықтың азан шақырып қойған есімі – Уамық, жұртшылық оны «Омық» атандырған. Ол кісі 1895 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында қазіргі М.Шәменов ауылы маңында дүниеге келген. Алғашқы діни оқуды әкесінен алады. 1920 жылға дейін Бұқарадағы медреседе оқыған. Омық мақсұм араб, парсы, өзбек, тәжік, орыс тілдерін меңгерген. Ұрпақтарының айтуынша жалынды, тентек болып өсіпті. 16-17 жасында Қартбайқызы Нәзираға қазақы салт-дәстүрмен үйленеді. 1929-1930 жылдардағы тәркілеу, колхоздарға ұйыстыру кезінде қудалаудан қашып Өзбекстанға, кейін Тәжікстанға тұрақта­ған. Қорғантөбеде сан түрлі жұмыстар атқар­ған. 1941-1945 жылдарда тылдағы еңбек май­данына алынады. 1946 жылы туған жерге ора­лады.

Қызы Шәмсияның айтуынша, Тәжікстанда Құранды жетік меңгергені және тәжік тілін жақсы білгендігі арқасында көп қиыншылықтан құтылады. Әкесі Қалжан ахун сияқты Омық мақсұм да өлең жазған. 1964-1965 жылдарда Абыт Нұркеновтің жинауымен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған (өткізуші қызы Ғалия Нұркенова болды, 780, 781 қолжазба). Мұнда Омықтың Әбдібақыға, Тайманға, Шонбайға арнағандары екен. Сондай-ақ мақсұмның «Ахметке» көңіл қосы мен Алтын руының азаматы Іскендір Байсүгірұлымен айтысы да бар. Бұл айтыс кітабына енген. Хат арқылы хабарласқан Іскен­­дір молда:

... Жақсының тұқымынсыз халық білетін.
Мақсат іс көңілдегі көрсе көз деп,
«Жақсыда шарапат бар» деп үмітіміз депті. Оған Омық мақсұм былайша жауап қайырған (1939 ж).
... Фараби, Ибн сина, Ұлықбектер
Шынымен солар еді ілім тапқан». Осы сөздерден-ақ, Омекеңнің терең білімді болғаны аңғарылады.
Еш жерде жарияланбаған «Ахметке» деген өлеңін оқып көрелік.
...Қырымнан көтеріліп сөзді тартып,
Сағымды жазғы күнгі мұнарланған.
Бәрі де осылардың дем біткен күн
Мойнына ажал бауы тымарланған.
Тексеріп дүниені тапшы біреу,
Кешегі келіп кеткен ел-іші жаннан, – депті.
Ал, Омық мақсұмға арналған өлеңдерде оның қандай кісі болғаны нақтылана түседі. Б.Қарабаланың өлеңі:
Сөзіме құлақ сал, алтын аға
– Асыл ең ардақтайтын халық аға
Бөлекбай – арғы атаң, әкең Қалжан
Шығарған қасиетпен даңқын аға
Солардың орнын басқан сіз едіңіз
– Ұстаған шарапатты салтын, аға десе Хамит атты бір інісі былайша жырлапты:
... Мәжілістің абат қылған гүлі едің
Аузынан інжу-маржан, гауһар шашқан.
Бір көрген сұқбатыңды кетпес қиып,
Талайын шырын сөзбен таңырқатқан. Қысқа жазылған қос өлеңде қаншама мағына бар. Осы жолдардан Омық мақсұмның бет-бейнесін, болмысын тани түсеміз.
Мемлекеттің архив қорындағы мына құжат­ты оқып көрелік:

«... Отмечен так же приезд в последних числах марта с.г из Таджикстан в Кзылорды и Кармакчинский район Уамык Колжанов (Қалжанов), брата активно член С.Б.Т» Мугамар Колжанов деп жазылған. Бұл сөздер Аппақ ишан және оның балаларын тергеген істе жазылған.
Шамсия Омыққызының жазуынша, әкесі екі некелі болған екен. Бірінші әйелі Мариядан – (1891-1959) Cағададин, Рахматулла, Шәмсия, екінші некедегі Нәзирадан – Жаһанша, Насырадин, Жібек, Жәмшид тараған. Өз басым 1986-1987 жылдың бірінде қазіргі Нағи Ілиясов атындағы совхозда директор сайлауы өткен-ді. Жәмшидтің Қалжан ахун немересі екенін біліп, ертерек білгенді сізді сайлар едік деген сөзді естіген едім. Бұл деген қарапайым адамдардың Қалжан мен Омықты қадірлеуі еді.

Өз басым Омық мақсұмды 1970 жылдың жаз айының бірінде ошақты руының беделді азаматы Жақан Тоқсейітовтің үйінде көрген едім. Бәрінің назары әдеміше келген, басында құндыз бөркі бар кісіде екенін аңғардым. Кейін білсем, атақты Қалжан ахунның үлкен ұлы Омық мақсұм екен. Қызы Шамсияға бір танысы Омықты алғаш көргенде «граф» деп атапты. Бізде Омекеңді граф болмаса да, бекзат адам дегіміз келеді.

Кезінде қудалауда болған Омық мақсұммен Зейнеп ананың Қалжан ахун тұтынған кітаптары мен қолжазбалары, ұстаған дүниелерінің біразы қолды болды-ау деп ойлаймын. Өйткені 1985-1991 жылдар аралығында ахун мешітімен сағанасы соғып, шырақшы болып жүрген Шәкір қариямен сөйлескен едім. Сағана ішінде ауызы ашылып қалған сандықтың ішінде жыртылған кітап мұқабасын көргенім бар-ды. Аудандағы мәдениет бөліміндегі жігіттерге сандықтың өте құнды дүние екенін және мемлекеттік тізімге ендіруге күш салғаным осы мақаланы жазу үстінде ойыма түсіп отыр.

Елімізге белгілі тұлға Омық мақсұм 1971 жылдың 28 қыркүйегінде өмірден өтті. Әкесі жатқан «бір сөз» қойылған. Осындай белгілі тұлғаның қазасы туралы бірде-бір газет жарияламаған.

Мұғамар мақсұм Қалжан ахунның елге танымал тұлға болған екінші ұлы Омық туған жерде 1897 жылы өмірге келеді. 1914-1915 жылдары «Көкелташ» медресесінде, кейіннен Қазан университетінде оқыған. Ташкентте, Душанбеде мемлекеттік қызмет атқарды. Іні-қарындастарының білім алуына, қызметке орналасуына ықпал жасаған кісі.

Иманқұл көпес Жалмағанбетұлының қызы Қадишаға үйленген. Қуғын-cүргін басталғанда-ақ (1934 ж) Өзбекстан, кейін Тәжікстанға өтіп кетеді. Бұл жерде түртпектей берген соң Ауғанстан асады. Архив құжаттарының бірінде (президент архиві) атақты Аппақ ишаның баласы Алаудинді тергеу сұрақтарында (26.02.1939 г.) Шымкент қаласында сұрақ пен жауабы
Вопрос: Кого вы знаете из духовников, проживающих в настоящее время за границей в Средне-Азиатских республиках?
Ответ: Из лиц находящихся в настоящее время за границей, мне известны ниже следющие духовные авторитеты:
1.Магмур-мулла, ф/н житель г. Кзыл-Орда, с которым я учился вместе в г. Бухаре в течение одной зимы. В 1930 году он сбежал, боясь быть репрессированным в Узбекистан, где скрывался среди от кочевников, по слухам, эмигировал в Афганистан. Жив ли он в настоящее время, чем он занимается, где проживает, я не знаю. (Бұл дерек саяси қуған-сүргінге арналған кітаптың V томында хатталған.)
Мұғамардың елге келген баласы Ғасанат­тула (Ғасана-тулап) былай айтқан еді: «Әкем Мұхаммед мақсұм Ауғанстанда «Мазери-шарипте» имамдық жасады. Түркияда (Стамбулда) қазақ ағайындарының басшысы болды. Шетте жүрсе де, қазақ елін ұмытқан емес. Әкем үш некелі болған кісі. Шешем жалайыр руының қызы Бибітәбірік, мен үлкенімін. Менің Хидиятуллап, Таиыбатуллап атты інілерім бар. Хидиятуллап Ауғанстанда қайтыс болды. Кіші інім Қаскелеңде тұрып жатыр. Әкем 1969 жылы қажылық сапары кезінде Меккеде қаза болса, анам 2001 жылы Ауғанстанда өмірден өтті. Мен 2001 жылдан Қызылорда қаласында тұрамын» деген болатын.

Ғасанатулла «Айтбай» медресесінде иман­дық етті. 3-4 тілді біледі. Кезінде Ауғанстанда былғары зауытында қызмет атқарған. Атасы Қалжан ахун Бөлекбайұлы мен әкесі қажы Мұғаммар мақсұм туралы Ауған, Түркия еліне есімдері мәлім екенін айтады және олары туралы Түркияда шығатын «Korkutata Bulteni» журналында мақала жарияланғанын да айтқан.

Мақаланың соңында Қалжан ахун Бөлек­байұлы және балалары Омық, Мұхаммед (қажы) мақсұмдар туралы зерттеулердің басында Омыққызы Шамсия мен Мұғаммарұлы Ғасанатулланы көреміз, көреміз де оларға табыс тілеймін. Мұғаммар да көп тіл білген кісі. Хасанатулладан (қажы) – Мұғаммар, Мұзафар, Мұхарам, Тайбулладан – Исламбай, Қалмұхаммед. Қалжан ахунның шөберелерінің есімдерін аталарының аттары ұмытылмасын деген ниетпен қойған сияқты.

Шамсия Қалжанова мен Ғасанатулланың (тағы басқа адамдардың) жүйелі еңбектері нәтижесінде, Қ.Бөлекбайұлының тұтынған, пайдаланған заттары мен кітаптары мен қолжаз­балары: Қызылорда облыстық, Сырдария және Жалағаш аудандық музейлерде сақтаулы. Олар: ахунның тас қайрағы, «Халабисағир» кітабы (1898) және тағы басқа қолжазбалары сақталған.

Мақаланың тақырыбын «Қалжан ахунды танып-біліп болдық па?» деп бекер қойған жоқпыз. Әлі де зерделеуді, зерттеуді қажет етеді. Мен бұл жазғандарым Қалжан ахун өмір-жолын нақтылауға қосылып жатса, еңбегімнің қайтқаны. Бабалар рухы биіктей берсін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері
30 маусым 2026 ж. 64 0