Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламы қарымды қаламгер

Қаламы қарымды қаламгер

Бір жылдары әкем ИЖ 2125 комби автокөлігін айдаған еді. Мен ол кезде мектеп қабырғасында оқимын. Көбіне редакция ұжымымен байланыс үзбейтін мен мақаланың кейіпкері Бибісара Жанәлімен «Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінде өткізілген іс-шарада таныстым. Әкем бізді Тереңөзек кентінің қазіргі жаңа қоныстану аймағында орналасқан лагерь базасынан автокөлігімен алып кеткен болатын. Жол үстінде тәжірибесі толысқан тілшімен әңгіме барысында алдағы уақытта мен де тілші болғым келетінін айтып, жұмыстың жөн-нұсқасын сұрадым.

Күнделікті газет шығару үдерісінде табанды еңбегімен танылған Бибісара Жанәлі 25 жыл бойы тілшілік қызметтің ыстық-суығына көніп келеді. Қарымды қаламгер биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жалпы алғанда, Бибісара Таңатарқызы 1976 жылдың 14 шілдесінде Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылында дүниеге келген. Бала­лық шағы мен жастық кезеңі туған жердің тағылымды тәрбиесімен өріліп, еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулыған ортада өтті. Білімге құштар жас 1992 жылы Тереңөзек кентіндегі №36 орыс орта мектебін тәмамдап, өмір жолындағы алғашқы қадамын еңбекпен ұштастырды. Еңбек жолын 1992-1993 жылдары №3 балабақшада көмекші тәрбиеші болып бастаған Бибісара Таңатарқызы қай істе де тиянақтылық пен жауапкершілікті серік етті. Алайда оның жүрек қалауы – сөз өнері мен шығармашылыққа, ел өмірін өрнектейтін журналистика саласына жақын болды. Осы арман жетегімен 1993 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, 1997 жылы аталған оқу орнын «әдеби қызметкер» мамандығы бойынша тәмамдады.


Кейіпкерім жоғары оқу орнын бітір­геннен кейін алғашқы еңбек тәжірибесін білім саласында жалғас­тырып, 1997-1998 жылдары №191 орта мектепте, 1998-2001 жылдары №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет атқарды. Ұстаздық жол – үлкен шыдамдылық пен ұлағаттылықты қажет ететін жауапты сала. Бұл кезең Бибісара Таңатарқызының өмірлік тәжірибесін ба­йытып, адаммен жұмыс жасаудың, ұрпақ тәрбиесінің мәнін тереңірек түсінуге жол ашты. Оның өміріндегі негізгі әрі тағдыршешті белес 2001 жылдан басталды. Осы жылдан бастап Бибісара Таңатарқызы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымына қа­былданып, журналис­тика саласындағы еңбек жолын біржола бекемдеді. Содан бері газет редакциясында тілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, бүгінде басылымның белді тілшісі ретінде жемісті еңбек етіп келеді.

– Менің журналистикадағы жолым – тағдырдың маған сыйлаған үлкен бақытының бірі. Осы салаға келуіме себепкер болған, ең алғаш «Тіршілік тынысы» газетіне жұмысқа қабылдап, маған сенім артқан ардақты Сәуле Ерімбет апайдың жақсылығын әрдайым ризашылықпен айтып жүремін. Жас маман ретінде редакция табалдырығын аттаған сәттен бастап, газет жұмысының қыр-сырын үйреніп, қалам ұстаудың, оқырман алдындағы жауапкершіліктің салмағын сезінгенім – мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Сол сенім мен қамқорлықтың арқа­сында осы қарашаңырақта қалып­тасып, кәсіби тұрғыдан шыңдалдым деп білемін. «Тіршілік тынысы» газеті – мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, тұтас өмірімнің бір бөлшегі, шығармашылық тағдырымның алтын арқауы. Осы ұжымда тілші болып еңбек етіп жүріп, ауданның тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі қуанышы мен жаңалығын, еңбек адамдарының елеулі ісін оқырманға жеткізуге атсалыстым. Тілшілік қызмет – қашанда ұқыптылық пен ізденісті, шынайылық пен жауапкершілікті талап ететін сала. Осы жолда азды-көпті еңбек етіп, газет ісінің ыстығы мен суығын қатар көрдім. Қай кезде де өз мамандығыма адал болып, оқырман сенімінен шығуға тырыстым. Менің еңбек жолымда өз ісінің шебері болған, баспасөз саласының талай майталман мамандарымен қатар жұмыс жасау бақыты бұйырды. Атап айтсам, Ерғали Әбдіхалықұлы, Мүсілім Қалмұратұлы, Шаһарбек Нұрсейіт, Шолпан Оразова, Гүлсім Әлжанова, Балауса Сыздықовамен бір ұжым­да еңбек етіп, олардың кәсіби білігіне, адам­гершілік болмысына куә болдым. Бұл кісілердің әрқайсысынан үйренгенім көп. Бірі сөзге жауапкершілікті, бірі газет шығарудағы тиянақтылықты, енді бірі елмен етене жұмыс істеудің қыр-сырын көрсетті. Осындай аға-әпкелеріммен, әріптестеріммен бірге қызмет ету – мен үшін үлкен мектеп, үлкен мәртебе болды. Журналистика – тек мамандық емес, ол – өмір салты. Қоғаммен бірге тыныстап, елдің мұңын мұңдап, қуанышын бөлісе білу – осы саланың басты ерекшелігі. Мен үшін «Тіршілік тынысы» газетінде өткен әрбір жыл – ізденіске, тәжірибеге, толысуға толы жылдар. Сондықтан осы ұжымда еңбек еткенімді әрдайым мақтан тұтамын. Бүгінде өткен жолыма көз жүгіртіп отырып, редакцияда бірге еңбек еткен барша әріптестеріме, маған сенім білдірген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Қалам жолында кездескен жақсы адамдардың тағылымы мен қолдауы – менің кәсіби өмірімнің ең қымбат қазынасы, – дейді Бибісара Таңатарқызы.

Әріптесіміздің ұзақ жылғы адал еңбегі мен ақпарат саласындағы кәсіби белсенділігі елеусіз қалған жоқ. Оның 2003 жылдан бері Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі атануы – оның журналистикадағы орны мен еңбегіне берілген әділ баға. Ол аудан және облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Қазақстан Журналистер одағы төрағасының Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

Әріптестері арасында байып­тылы­ғымен, жауапкершілігімен, іске мұқияттылығымен, адамгершілік болмысымен сыйлы Бибісара Таңатарқызы – тек білікті журналист қана емес, өнегелі отбасының ұйытқысы, аяулы ана. Отбасында Ильяс Аманқосұлымен 3 перзент өсіріп, жеткізді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

27 маусым 2026 ж. 93 0