Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін егуді әртараптандыру су тапшылығын жояды

Егін егуді әртараптандыру су тапшылығын жояды

Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының суды аз қамтамасыз ететін дақылдарды егу тапсырмасына сәйкес, жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылына арнайы барып, «Шаған Жер» ЖШС-де атқарылып жатқан жұмыспен танысты.

Іргелі ауылдағы ірі шаруашылық құрылымының төрағасы Жеңісбек Сыздықов аудан басшысына егін егу саласында қолға алған жобаларды таныстырды. Өз кезегінде аудан басшысы күрделі мәселелердің шешімін та­уып, суды үнемдеу жұмысын жітілдіруге бай­ланысты жұмыстарға көңіл бөлу керектігін жеткізді.

– Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожа­ұлы­ның су тапшылығы жағдайында егіс құрылымын әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі. Сыр өңірінің негізгі тіршілік көзі – су екені белгілі. Сондықтан біз үшін әрбір тамшы суды тиімді пайдалану, суармалы алқаптарды ұтымды игеру, егін шаруашылығында заманауи тәсілді енгізу – уақыт күттірмейтін міндет. Осы тұрғыдан алғанда, «Шаған Жер» серіктестігінің қолға алып отырған жұмыстары көңіл қуан­тады. Шаруашылық тек күріш егіп қана қоймай, жүгері, бидай, жоңышқа секіл­ді суды салыстырмалы түрде аз қажет ететін дақылдардың көлемін арттыру арқылы егіс құрылымын кезең-кезеңімен оңтайландырып келеді. Бұл – ең алдымен, су тапшылығының сал­дарын жеңілдетуге, екіншіден, шаруа­шылықтың экономикалық тұ­рақ­тылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласы – аудан эконо­микасының негізгі қозғаушы күшінің бірі. Сондықтан әрбір шаруашылықтың жұмысы, әрбір егіс алқабының жағ­дайы, агротехникалық шаралардың орындалуы – барлығы да жіті бақылауда болуы қажет. «Шаған Жер» секілді ірі құрылымдардың жұмысы бұл тұрғыда ерекше маңызға ие. Өйткені мұндай шаруашылықтар тек өнім өндірумен ғана шектелмейді, олар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Біз үшін ендігі маңызды мәселе – осы басталған жұмыстарды сапалы жалғастыру. Егін егумен ғана шектеліп қалмай, оны баптау, суару жүйесін реттеу, агротехникалық шараларды уақытылы жүргізу, өнімді ысырапсыз жинап алу – үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан шаруашылық бас­шылары мен сала мамандары әр күнді тиімді пайдаланып, әрбір істі нақты жоспармен атқаруы қажет. Су үнемдеу – тек науқандық мәселе емес, бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған байланысты әрбір шаруашылық су шығынын азайтатын тәсілдерді кеңі­нен қолдануға, егіс алқаптарында тәр­тіп пен жауапкершілікті күшейтуге мән беруі керек, – деді аудан әкімі.

«Шаған Жер» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің негізгі қызмет бағыты егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру болып табылады. Қазіргі таңда шаруашылықта 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Үлескерлер саны 1675 адамды құрай­ды.

Шаруашылықтың жалпы ауыл шаруа­шылығы жер көлемі 10 246 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 500 гектары егістік жер, 4 064 гектары жайылымдық жер және 1 682 гектары өзге санаттағы жер. 2026 жылғы егіс науқанында шаруашылық тарапынан 2 250 гектар жерге күріш, 505 гектарға жүгері, 115 гектарға бидай және 213 гектарға жаңа жоңышқа егілген. Шаруашылықта 790 гектар ескі жоңышқа алқабы күтіп, бапталуда. Жүгері дақылын орналастыру үшін қажетті 13,9 тонна жоғары сапалы тұқым сатып алынып, толық көлемде 505 гектар жерге себілген. Егіс жұмыс­тарына тұқым сепкіш, культиватор және өзге де ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған.

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңыздылығын атап өтіп, егіс ал­қаптарындағы агротехникалық ша­ра­ларды уақытылы әрі сапалы жүргізудің қажеттілігіне тоқталды. Шаруашылық ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, өндірістік көрсеткіштерді арттыру бағытындағы міндеттерді назарда ұстау керектігін айтты.

Б.Қарамантегі
23 маусым 2026 ж. 38 0