Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірлік ұстанымы – антқа адалдық

Өмірлік ұстанымы – антқа адалдық

Полицияның учаскелік инспекторы Самат Искендиров – кәсіби маман. Ол өзіне бекітілген Қалжан ахун және С.Сейфуллин елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігіне жауап­ты болуымен қатар, күн сайын қоғам тыныштығын қамтамасыз етеді. Инспектордың қызметі құқықбұзушылықты тіркеу мен бақылау ғана емес, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық іс-шара жүргізумен ерекшеленеді. Учаскелік инспектор ретінде бәрін бақылап, әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдем беріп, қоғамдық тәртіпті сақтауға күш салады.

Ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес беру немесе кездесу өткізу учаскелік инспектордың күн сайынғы қызметінің ажырамас бөлігі. Әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, қоғамға төнетін қауіптің алдын алады. Іс-шара, рейд жұмысы тәртіпті нығайтудың, сенімге бағытталған маңызды қадам.

– Учаскелік инспектордың қызметі – қоғам мен тұрғынның арасындағы көпір. Негізі мақсатым – қауіпсіз орта қалыптастыру, адал еңбек ету. Бірінші кезекке әрбір ауыл тұрғынының тыныштығы мен жайлы өмір сүруін қоямын. Өмірлік ұстанымым – заң мен тәртіпті сақтау, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету, – дейді Самат Искендиров.

Полиция майоры Самат Талғатұлы – өзінің ту­ған ауылы С.Сейфуллиннің учаскелік инспекторы. Қазіргі таңда Қалжан ахун мен С.Сейфуллин елді-мекендеріне жауапты. Полиция бөліміне 2009 жылы қызметке келген инспектор заңгерлік білімді Қызылорда заң колледжінен, содан соң жоғары білімді Ақмешіт гуманитарлық институтынан алады. Заңгер қызметтік жолын учаскелік инспекторлықтан бастап, осы күнге дейін абыроймен еңбек етуде.

Учаскелік инспектордың айтуынша С.Сейфуллин ауылында осы жылдың бес айында қылмыс тіркел­меген. Ал Қалжан ахун ауылында бір қылмыс жол-көлік оқиғасына байланысты орын алған. Жолаушы өліміне әкелген жол апаты көлік жүргізушілерінің сақтық шарасында абай болу керектігін ескертеді.


– Қалжан ахун ауылы үлкен жолдың бойында орналасқан. Жалағаш ауданының көліктері аудан аумағынан өтеді. Сондықтан тиісті жылдамдықты сақтамай, салдарынан кісі өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасы орын алады. Қазір ауыл тұсына бейнекамералар орнатылған. Қандай да бір құқықбұзушылықтың орын алғанын осы бейнекамералар арқылы жылдам білеміз. Сондықтан әрбір адамның қауіпсіздігі үшін барынша сақ болу керек, – дейді ауылдың учаскелік инспекторы.

Соңғы жылдары еліміз бойынша кең етек алған алаяқтық қылмысы да әрбір тұрғынға қатысты екені анық. Қарапайым адамның алаяққа кезікпесіне ешкім кепіл бермейді. Бұл қылмыстың түрін әшкерелеуге көп уақыт кетеді. Сондықтан үлкен кісілерден бастап, балалардың да қауіпсіздігі үшін алаяқтардың әрекеті туралы күн сайын түсіндіру жұмысын жүргізетін инс­пектор бұндай фактінің алдын алу әлдеқайда тиімді екенін айтады.

Тәуліктің кез келген уақытында қызметте жүретін учаскелік инспектордың жұмысы қауырт. Ең бастысы елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 маусым 2026 ж. 54 0