Министрдің марапаты
Аудан медицинасы жағымды жаңалықпен толығып отыр. Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының мейіргері Гүлжан Жүсіпбаева «Өз кәсібінің үздігі – 2026» байқауында «Үздік ауыл мейіргерi» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл дегеніміз – Сыр медицина саласы мамандарының мерейінің тасуы.Мерейлі марапатты Нағи Ілиясов елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның мейіргері Гүлжан Жүсіпбаеваға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова табыстады. Біз өткен айда «Мереке мезіретін сезінген мамандар» тақырыбындағы мақалада «Өз кәсібінің үздігі – 2026» байқауының облыстық кезеңінде топ жарған маманды басылым бетіне жариялаған едік. Өз кезегінде сала маманы ауданның ғана емес, Сыр өңірі медицинасының мерейін тасытуда.
– «Өз кәсібінің үздігі – 2026» республикалық байқауында «Үздік ауыл мейіргері» аталымы бойынша жеңімпаз атану мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Осы байқауда облыс намысын абыроймен қорғап, республикалық деңгейде үздік атануым – Сыр өңірі медицинасы үшін де үлкен мәртебе. Маған қолдау көрсеткен әріптестеріме, аудандық аурухана басшылығына, тәлім берген аға буын мамандарға және әрдайым сенім білдіріп жүрген ауыл тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл марапат маған жаңа белестерді бағындыруға күш-жігер беріп, жауапкершілігімді одан әрі арттыра түсті, – деді Гүлжан Мүзәрәпшанқызы.
Айта кетейік, аудан медицинасы тағы бір жетістігімен көпшілік назарын аударта білді. Аудандық аурухананың «Паллиативтік көмек» бөлімшесінің меңгерушісі Гүлфарида Әбдібекова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Жоғары марапатты тәжірибесі мол дәрігерге кәсіби мереке аясында аудан әкімі Берік Сәрменбаев табыстады.
– Денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әрбір маман үшін халықтың алғысы мен сенімі ең үлкен марапат болса, бүгінгі жоғары награда – көп жылғы еңбектің еленгенінің көрінісі деп білемін. Бұл жетістік тек менің ғана емес, аудандық аурухананың ұжымы мен «Паллиативтік көмек» бөлімшесінде қызмет атқарып жүрген әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Науқастарға жанашырлық танытып, олардың өмір сапасын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай құрметке лайық деп таныған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау басқармасына, аудан басшылығына және әрдайым қолдау көрсетіп жүрген әріптестеріме алғысымды жеткіземін. Алдағы уақытта да кәсіби тәжірибемді халық игілігіне жұмсап, денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлесімді қоса беруге күш саламын, – деді Гүлфарида Қайыпқызы.Балтабай ОРДАБЕКОВ











