Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап керуені құндылықтарды дәріптеуге бастайды

Кітап керуені құндылықтарды дәріптеуге бастайды

Апта көлемінде аудан аумағында маңызды іс-шара легі жалғасын тапты. Оның ішінде, даңқты батыр Нағи Ілиясов ауылында «Кітап керуені» акциясының ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлы, Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев, облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибулаева, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев, зиялы қауым өкілдері, облысқа қарасты Қызылорда қаласы мен барлық ауданның орталық кітапхана директорлары мен сала мамандары, аудан тұрғындары қатысты.


Салтанатты іс-шарада аудан басшысы кітаптың қоғамдағы орны мен рухани да­мудағы маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қа­лып­тастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды да­мыту­­ға, цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып жаңа форматтағы кітап­ханалар мен қоғамдық кеңістіктер құруға тапсырма берді. Сон­дықтан әлемдік өрке­ниеттің көшінен қалмау үшін бізге ең алдымен білім, ізденіс және рухани дамуға ұмтылыс қажет. Ал бұл жолдағы ең сенімді серігіміз – кітап. Президентіміз өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келген кезде Астана және Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашы­латынын жеткізген болатын. Бүгінде аталған кітапхананың іргетасы қаланды. Мұнда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалмақ. Бұл – аймақ бас­шысының өңір тұрғындарына көрсеткен үлкен қолдауы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кітап оқу мәдениетін насихаттау, жас­тардың рухани дүниесін байыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақ­сатында мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шарада облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының қорын­дағы сирек кездесетін кітаптар мен құнды қол­жазбалардан жасақталған көрме көп­­шілік назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған тарихи жәдігерлер мен сирек басы­лымдар оқырмандарды халқымыздың бай әдеби және мәдени мұрасымен таныс­тырып, өткен тарихымызға деген қызығу­шылықтарын арттырды. Көпшілік на­зары­на ұсынылған құнды еңбектер ұлттық руха­ния­тымыздың алтын қазынасы ретінде ерек­ше бағаланды.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлы сөз сөйлеп, іс-шараның рухани құндылықты дәріптеу жолындағы маңыздылығын ескер­ді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде ұлттың сапалы дамуы білім мен мәдениетке тікелей байланыс­ты екенін ерекше атап келеді. Осы орайда кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес, ол – ұлттың тарихи жады мен рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды мәдени орталық. Бүгінгі ұйым­дастырылып отырған іс-шараның мәні мен мазмұны ерекше. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан жасақталған көрме, Сырдария аудандық кітапханалары ұсынған «Кітап – тарих, кітап – қазына» атты көрме, Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасына арналған әдеби талқылау, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, жастарға арналған тәжірибелік сабақтар мен шығармашылық кездесулер – барлығы да рухани құндылықтарды дәріптеуге ба­ғытталған маңызды бастамалар. Кітап – адамзат өркениетінің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Кітап арқылы біз өткенімізді та­нып, бүгі­німізді бағалап, бо­лашағымызды бағ­дарлаймыз. Сондықтан жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі кездесуге қатысып отырған ақын-жазушыларымыз бен өнер қай­­раткерлерінің шығармашылық тәжі­рибесі жастар үшін үлкен өнеге. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген құрметті қо­нақ­тарымыздың әрбір ойы мен пікірі жас буынның санасына сәуле түсіріп, олардың рухани кемелденуіне ықпал етеді деп се­немін. «Кітапханаға кітап сыйла» акция­сына қолдау білдірген азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Бұл – кітапқа, білімге, келешек ұрпаққа жасалған игі қадам. Осындай жанашырлықтың ар­қа­сында кітапхана қорлары толығып, оқыр­манға жаңа мүмкіндіктер ашылуда, – деді басқарма басшысы.

Кітапхана саласының дамуы­на үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Ең алдымен кітапхана ісін дамытуға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және рухани құндылықты насихат­тауға қосқан елеулі еңбегі үшін Қазақстан Кітапханалар Одағы­ның «Қазақстанның Құрметті Кітап­ханашысы» төсбелгісін Сыр­дария аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Марияш Әлиева және Шіркейлі ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қызғалдақ Алдабергенова иемденді. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты Сырдария аудандық ор­талықтандырылған кітапханалар жү­йе­сінің ұжымына, Жетікөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Кенжегүл Сейт­пановаға, аудан­дық орталық кітапхананың кітап­ханашылары Гүлмайра Асанова мен Жанар Оразымбетоваға табыс­талды. Марапат иелерінің кітапхана саласындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.

Бұл ретте кітапханамен тығыз бай­ланыста болып, кітап оқуды өмір салтына айналдырған үздік оқыр­мандар да арнайы номинация иегері атанды. Мәселен, «Үздік оқырман» номинация­сы ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзашқа, «Ең белсенді оқырман» номинациясымен Сырдария ауданы №131 орта мектептің мұғалімі Гүлжанар Асылханқызына, «Кітап жанашыры» номинациясы ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Тұран» сыйлығының иегері Ақтөре Ибрагимұлына, «Үздік жас оқырман» номинациясы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мек­теп­тің 9-сынып оқушысы Аяулым Құрманғазинаға, «Үлгілі оқырман отбасы» номинациясымен Нағи Ілиясов ауылының кітапхана оқырмандары Нағызбековтар отбасына табысталды.

«Кітап – тарих, кітап – қазына» атты кең көлемді кітап көрмесі көпшілікке таныстырылды. Көрмеде қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары, тарихи зерттеулер, танымдық және ғылыми еңбектер, сондай-ақ заманауи әдеби шығармалар қойылып, оқырмандардың үлкен қызы­ғу­шылығын тудырды. Кітап көр­месі жастардың әдебиетке деген ынтасын арттырып, кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

«Замандастар» ток-шоуы да қатысу­шылардың ерек­ше ықы­ласына бөленді. Бұл жолғы әдеби талқылаудың өзегіне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығар­масы алынды. Кітапсүйер қауым мен жастар шығарма төңірегінде ой бөлісіп, жазушының адам жанының терең иірімдерін бейнелеудегі ше­бер­лігіне тоқталды. Талқылау барысында қатысушылар шығармадағы өмірлік құндылықтар, адамгершілік мәселелері және бүгінгі қоғаммен сабақтастығы жөнінде пікір алмасты.

«Кітапханаға кітап сыйла» ак­ция­сы жиналған қауымның қызы­ғушылығын оятты. Кітап қорын толық­тыруға үлес қосқан кітап жана­шырларының есімдері аталып, оларға алғыс білдірілді. Акция барысында жиналған әдебиеттер кітапхана қорын байытып қана қоймай, болашақ оқырмандар үшін рухани мұраның сақталуына өз үлесін қосты. Бұл игі бастама қоғам­дағы кітапқа деген құрметтің жоғары екенін көрсетті. Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі жастарға арналған тәжірибелік сабақ болды. Сабақ барысында заманауи білім алу мүмкіндіктері, электронды кітаптарды пайдалану жолдары, цифрлық тех­но­логиялардың артықшылықтары мен ақпараттық ресурстарды тиімді қолдану тәсілдері түсіндірілді. Мамандар жастарды ақпараттық сауат­тылыққа баулып, білім алудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстырды.

Көпшіліктің ерекше қызығу­шылығын тудырған «Өлке рухания­ты: жыр мен ойдың тоғысы» атты шығармашыл тұлғалармен кездесу кеші рухани шаралардың шарықтау шегіне айналды. Кездесуге ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Құрмашқызы Есімсейітова, жыршы-термеші, өнер­танушы, «Мәдениет саласының үздігі» Марат Сүгірбай, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Сыр­дария ауданының Құрметті азаматы, ҚР Құрмет грамотасының және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің оқытушысы Айман Айтбаева қатысты. Кездесу барысында қонақтар шығармашылық жолдары, ұлттық өнердің бүгінгі жай-күйі, әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Әсіресе жас­тар тарапынан қойылған сұрақтар мен еркін пікір алмасу кештің мазмұнын арттыра түсті. Қонақтар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды сақтау және рухани дамудың маңызы туралы тағылымды әңгімелер айтты. Кешті ақын, ҚР Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп, әсерлі сұхбаттар мен мазмұнды пікір­таластар арқылы жиынның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Іс-шара барысында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оқырмандар өз­дері қызыққан әдебиеттерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңке жастар мен кітапсүйер қауымның сұранысына сай түрлі жанрдағы кітаптарды ұсынды. Об­лыстық мәслихат депутаты Аида Әбибулаева жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне тоқталып, қазіргі қоғамдағы кітаптың рөлі, оқырмандық белсенділікті арттыру және жастардың интел­лектуалдық әлеуетін көтеру бағы­тын­да маңызды ойларымен бөлісті. Ол кітаптың тұлғаның жан-жақты қалыптасуындағы орны ерекше екенін атап өтіп, жастарды үздіксіз ізденуге және кітаппен дос болуға шақырды.

– Қай халықтың болсын өркениеті мен дамуы оның білімге, әдебиетке және кітапқа деген көзқарасымен өлшенеді. Кітап – ұлттың тарихи жадын сақтайтын, өткен мен бүгінді жалғайтын, келешекке бағыт беретін асыл мұра. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – тек кітапханалардың ғана емес, тұтас қоғамның маңызды міндеті. Бүгінгі жас­тар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Олардың дүниетанымы кең, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы кітаппен тікелей байланысты. Кітап оқыған жас өзін ғана дамытып қоймай, қоғамның да дамуына үлес қосады. Себебі кітап адамға білім береді, ізденуге жетелейді, саралап ойлауға үйре­теді. Қазіргі таңда жастар үшін білім алудың мүмкіндігі мол. Алайда ақпараттың көптігі сапалы білім­нің орнын алмастыра алмайды. Сондықтан жастардың көркем әдебиетке, тарихи еңбектерге, ұлт­тық құндылықтарды дәріптейтін шығар­маларға ден қоюы аса маңызды. Бұл ретте кітапханалардың атқарып отырған қызметі ерекше. Бүгінгі іс-шара аясында ұйымдастырылған кітап көрмелері, әдеби талқылаулар, шығармашылық кездесулер мен кітап жәрмеңкесі – рухани дамуға бағытталған игі бастамалардың нақты көрінісі. Осындай кездесулер жастарға жаңа серпін беріп, кітапқа деген қызығушылығын арттырады деп сенемін. Әсіресе, туған жердің тарихын, мәдениетін, әдебиетін насихаттап жүрген қаламгерлер мен өнер адамдарының жастармен жүздесуі – үлкен тәрбиелік мәні бар маңызды қадам. Өйткені ұлттың рухани тұтастығы оның мәдениеті мен әдебиеті арқылы сақталады. Бүгінгі ша­раны ұйымдастырушыларға алғы­сымды білдіремін. Осындай маз­мұнды кездесулер көбейіп, кітап пен оқырман арасындағы байланыс нығая берсін. Жастарымыз білімге құштар, рухы биік, парасаты мол азамат болып қалыптаса берсін. Бар­шаңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін. Кітаптың шамшырағы ешқа­шан сөнбесін, – деді Аида Ибрагимқызы.

Мән-мағынасы зор іс-шарада ақын, балалар әдебиетін дамытуға үлес қосып жүрген қаламгер Қуат Адис, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда, қарымды қаламгерлер Жанна Балмағанбетова мен Гаухар Қожахметова арнайы қонақ болды.

Ұйымдастырылған рухани іс-шара кітаптың қоғамдағы орны ешқашан төмендемейтінін, керісінше жаңа заман талаптарына сай жаңғырып, жастар тәрбиесінде маңызды құрал болып қала беретінін көрсетті. Кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, ұлттың рухани байлығы мен мәдени мұрасын сақтайтын асыл қазына. Осындай мазмұнды кездесулер мен тағылымды шаралар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 маусым 2026 ж. 79 0