Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Дөңгеленген дүниенің дүрмегі

Дөңгеленген дүниенің дүрмегі

Басылымның «Шартарап» айдары бойынша өткен аптадағы елеулі оқиғаларға шолу жасаймыз.

Апта басында Қазақстанда жаңа саяси ұйым – «Әділет» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай хабарлады. Партия қатарында еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, спортшылар, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, IT-мамандары, заңгерлер және креативті индустрия өкілдері бар екенін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесу өткізді. Инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемдегі жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын айтқан Мемлекет басшысы бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары аясында Алатау қала­сының даму жоспарымен танысты. Бүгінде қала аумағы 88 мың гектарды құрайды. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлін­ген. Сонымен қатар қаланың негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфра­құрылымды ілгерілету бойынша жол картасы қолға алынған. Сапар барысында Мемлекет басшысына Алматы облысының даму барысы, экономикалық әлеуеті және өзге де мәселелер баяндалды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, Чехия Республикасынан керқұланның кезекті тобы жеткізілген. Алдағы 3 жылда 40 керқұлан әкелу жос­парланып отыр.

Оқырман үшін қызықты ақпараттың бірі – Пеленің 1958 жылғы әлем чемпионаты финалында киген футболкасы 6 миллион доллардан астам сомаға сатылуы мүмкін. Даңқты футбол аңызы Швецияда өткен әлем чемпионатының финалында Бразилия ұлттық құрамасы алаң иелері – Швеция құрамасын 5:2 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған еді.

Бірер күнде футболдан әлем чемпионаты басталады. Алғашқылардың бірі болып Түркия халқы футболшыларын әлем чемпионатына шығарып салды. Түркия құрамасы әлем чемпио­натында D тобында ойнайды. Қарсыластары – Аустралия, Парагвай және АҚШ құрамасы.

Жерлесіміз, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубае­ва 2026 жылғы Norway Chess турнирінің чемпионы атанды. Ол Ослодағы супертурнирдің 9-турында Анна Музычукпен тең түсіп, жарыс аяқталуына бір тур қалғанда турнир жеңімпазы атанды.

Бұдан бөлек, апта ағымында футболдан Қазақстан құрамасы Армениямен жолдастық кездесу өткізіп, тең нәтиже тіркеді.

Айта кетейік, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Еліміз ДДСҰ-ның жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді азайту жөніндегі мақсатты көрсеткішіне мерзімінен бұрын қол жеткізді. Ал өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.

Жақында Астана қалалық мәслихатының отырысында LRT жүйесінің атауын өзгерту мәселесі қаралды. Тұрғындар «Сұңқар», «Лашын», «Аспан» және «Тарлан» секілді бірнеше нұсқа ұсынған. Олардың ішінен комиссия «Тарлан – Астана» атауын қолдады.

Астана халықаралық әуежайының хабарлауынша, 2026 жылғы 2 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы Астана – Ұлан-Батыр бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді іске қосты. Ұшу уақыты шамамен 3 сағат 35 минутты құрайды. Рейстер заманауи Boeing 737 әуе кемелерімен аптасына екі рет орындалады.

Италияда өткен беделді халықаралық кинологиялық көрмеде қазақы тазы тұқымының өкілдері жүлделі орын­дарға ие болды. Көрме қорытындысы бойынша Кербез үздік деп танылып, Италия чемпионы атанды. Ал Сарбаз екінші орын иеленді.

Алматыда жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар қыз­метінің хабарлауынша, 4 маусым күні сағат 21.22-де Алматы қаласында жер сілкінген. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан 316 шақырым қашықтықта орналасқан. Есептік қарқындылығы Алматы қаласында 2 балл, ал Жаркент қаласында 4 баллды құрады.

«Тт» ақпарат
09 маусым 2026 ж. 49 0