Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

№40 газет

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Сапалы құрылыс, тұрақты даму: міндет нақтыланып, тапсырма жүктелді

Сапалы құрылыс, тұрақты даму: міндет нақтыланып, тапсырма жүктелді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімімен бірге облыстық мәс­лихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Сұлтанбек Тәуіпбаев Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тұрғындармен және аудан активімен кездесті. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалының және «Қызылорда-Жалағаш» трассасының Тереңөзек кенті тұсындағы көпір құрылысын бақылады.

Кездесу барысында өңірдің әлеу­меттік-эко­номикалық дамуының негізгі қоры­тын­дылары мен алдағы міндеттер тал­қы­ланды. Айта кетейік, жақында ауданда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көте­ретін ауқымды инвестициялық жоба – жүгері дақылын терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Алда бұдан да басқа жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, салық базасын ұлғайту міндеті тұр. Өз кезегінде аймақ басшысы шаруашылық каналдарын бетондау жобасын жедел әзірлеуді, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғай­туды тапсырды. Құрылыс сапасын бақы­лаудағы кейбір мәселелерге тоқталып, болашақта салынатын нысандарды бастан-аяқ қатаң бақылауды жауапты мамандарға жүктеді.
– Бүгінде Сырдария ауданын газдандыру деңгейі 67 пайыз, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына табиғи газ жеткізуге қаржы бөлінді. Бұл жұмыс мерзімінде әрі сапалы атқа­рылуы тиіс. Бесарық ауылын газдандыру жобасы дайын. Ендігі кезекте демеушілерді тарта отырып, қалған ауылдардың жобасы әзірленуі керек. Сондай-ақ аудандағы 2024 жылы пайдалануға берілген полигонда қалдықты қабылдау, сұрыптау және залалсыздандыру процестері талапқа сәйкес бол­уы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп назардан тыс қалмауы қажет. Жалпы, биылғы төрт айда аудан экономикасында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 4,6 млрд теңге, ауыл, орман және ба­лық шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 2,2 млрд теңгеге жетіп, өсім көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21,3 млрд теңге, жыл басынан бері 6 732 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіп­керлік саласы да тұрақты дамып келеді, – деген облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы электр желі­леріндегі апаттың алдын алу, жедел шара қабылдау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыруға қатысты тапсырмаларды да атап өтті.

Кездесуде ақсақалдар ұсыныс-пікірлерін біл­­діріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық ұсыныс назарға алынатынын және көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Келесі нысан – құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан теміржол вокзалы мен көпір құрылысы. Айта кетейік, бүгінде перрондағы брусчаткалар демонтаждалып, төмен­гі іргетасы құйылған. Плита жабындылары орнатылып, ғимараттың ішкі бөліктеріне кірпіш қаланған. Қабырғаларын әрлеу, қатты травертинмен қаптау және перронды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал «Қызылорда-Жалағаш» облыстық ма­ңызы бар автомобиль жолының 47,9 шақы­рымындағы көпірді күрделі жөндеу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін және жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту көзделген. 1985 жылы салынған көпір толық жаң­­ғыртылады, конструкцияларын күшей­ту, кірме жолдарды ретке келтіру және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау жос­пар­­ланған. Көпір ұзындығы 30,43 метр, ал кірме жолдар 710 метр, құрылыс кезінде көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін 788 метр айналма жол салынған. Қазір қада қағылып біткен, бетон құю, құм-қиыршықтас қоспасын төсеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Айналма жол бойына белгілер орнатылған. Бұл ретте облыс әкімі құрылысқа қойылатын басты талап – сапа мен мерзім екенін айтып, жұмыстардың толық әрі сапалы орындалуы қажеттігін тапсырды. Аталған жоба­лар өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамы­туға серпін беріп, қауіпсіз әрі қолайлы жол қатынасына жағдай жасайтын болады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
06 маусым 2026 ж. 81 0