Отбасы құруға асықпау - тренд пе, әлде жұмыссыздықтың салдары ма?
Бұл – жай ғана әлеуметтік желідегі талқы емес. Бұл – бүгінгі қоғамдағы үлкен демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселе. Соңғы жылдары ауыл мен қала арасындағы айырмашылық тек табыс көлемімен емес, адамдардың өмір сүру салтымен, отбасын құруға деген көзқарасымен де айқындала түсті.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы дерегіне сүйенсек, елімізде 25-35 жас аралығындағы тұрмыс құрмаған қыздар саны дәл сол жастағы бойдақ жігіттерден 300 мыңға көп. Бұл – бір ірі қаланың халқымен тең көрсеткіш. Демек, қоғамда отбасын құруға дайын, бірақ өмірлік серігін таба алмай жүрген жандардың қатары көбейіп келеді.
Алайда мәселенің екінші жағы бар. Ауылдық жерлерде жағдай мүлде керісінше. Сарапшылардың мәліметінше, кей ауылдарда 100 қызға 138 жігіттен келеді. Оның басты себебі түсінікті: мектеп бітірген қыздардың басым бөлігі жоғары білім алу үшін қалаға кетеді де, сол жақта тұрақтап қалады. Ал жігіттердің көбі ауылда қалып, мал шаруашылығымен, егінмен немесе әке кәсібімен айналысады.
Осылайша қоғамда қызық парадокс қалыптасып отыр: қалада күйеу таппай жүрген қыз көп, ауылда қалыңдық таппай жүрген жігіт көп.
Бұл жерде мәселе тек географияда емес. Қала мен ауыл арасындағы өмір сапасының айырмашылығы жастардың таңдауына тікелей әсер етеді. Ауылдағы орташа жалақы шамамен 180 мың теңге болса, қалада бұл көрсеткіш 340 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, болашағын ойлаған қыз баланың тұрақты жұмыс, жақсы орта, мүмкіндік бар жерді таңдауы заңдылық.
Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сүйенсек, 30 жастан асқан, тұрмыс құрмаған қыздардың 64 пайызы туыстары тарапынан қысым сезінетінін айтқан. «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақ олардың күнделікті еститін сөзіне айналған. Ал дәл сондай жастағы бойдақ жігітке қоғам көбіне түсіністікпен қарайды. «Азамат қой, уақыты келер» дейді. Бұл – қоғамдағы көзқарас теңсіздігінің бір көрінісі.
Неке агенттіктерінің мәліметі де ойландырады. Қаладағы қыздардың басым бөлігі болашақ жарынан тұрақтылық күтеді. «Пәтері бар, тұрақты табысы бар, көлігі бар азамат» деген талап жиі айтылады. Ал ауылдағы жігіттің өмірі көбіне ата-анасының шаруашылығымен байланысты. Оның бар байлығы – әкесінің ескі көлігі мен азын-аулақ малы болуы мүмкін. Бірақ бұл оның жаман адам екенін білдірмейді. Тек өмір сүру ортасы мен мүмкіндігі басқа.
Осындай тағдырдың бірі – 29 жастағы Аружанның өмірі. Ол ауылдағы мектепте мұғалім болған. Кейін Алматыға көшіп, жаңа өмір бастайды.
– «Ауылда бәрі мені “Аружан мұғалім” деп танитын. Алматыда мен жай ғана Аружанмын. Мұнда жұмысым бар, достарым бар, өмірім қалыптасты. Анам ауылға қайт дейді. “Бекжан деген тракторист жігіт бар” дейді. Мүмкін, ол жақсы адам шығар. Бірақ ол Алматыға келмейді, мен ауылға бармаймын. Ортақ нүкте жоқ», – дейді ол.
Аружанның әңгімесі – мыңдаған қазақ қызының тағдырына ұқсас. Бұл жерде ешкім кінәлі емес. Қыз да емес, ауылда қалған жігіт те емес. Мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр.
Бұл – ауылдағы инфрақұрылымның әлсіздігі, жұмыс орындарының аздығы, мәдени ортаның жетіспеуі, жастарға арналған мүмкіндіктің шектеулігі. Егер ауылда тұрақты жұмыс, сапалы интернет, жақсы мектеп, мәдени демалыс орындары болса, бәлкім жастардың көбі туған жерінде қалар ма еді?!
Нұрай МҰРАТҚЫЗЫ










