Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елорда халқының саны 1,5 млн-нан асты

Елорда халқының саны 1,5 млн-нан асты

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес Астана қаласының халық саны 1 502 102 адамға жетті, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елордада 1 502 102 адам өмір сүріп жатыр, ал 1 қыркүйектегі деректерге сәйкес, елордада 1 490 740 адам болған. Осылайша, бір айда қала жұрты 12 мыңға жуық адамға артып отыр. Өсу қарқыны 5,03 пайызға жетті.

Өткен жылы 1 қазанда елордада 1 409 497 адам санаққа алынған. Ал жыл басында бұл көрсеткіш 1 430 105 адамға дейін өсті.

Алматы қаласына келсек, биыл 1 қазанда халық саны 2 275 541 адамға жетті. Бір жыл бұрын бұл мегаполисте 2 211 198 адам өмір сүрген.

Ұлттық бюроның 1 қазандағы статистикасы бойынша Қазақстан халқының саны – 20 223 218 адам, өсу қарқыны 0,95 пайызға жетті. Оның ішінде 12 704 977 адам қалада тұрады және 7 518 241 адам ауылда мекендейді.

Еске сала кетсек, биыл мамырдағы статистика бойынша Қазақстанда халық саны 20 095 963 адамға жеткен еді.

Фото: Виктор Федюнин\Kazinform
04 қараша 2024 ж. 82 0